29
Жұма,
Наурыз

һижри

«Жыныма тиме», «жыным келіп тұр» деп айтуымыздың сыры

«Жыныма тиме», «жыным келіп тұр» деп айтуымыздың сыры

Иман келтіру

Әр адамның бойында бір бекітілген жыны болады. Оны «Қарин» деп атайды. «Қарин» - жолдас, жақын, ілескен, қабаттасқан, сыбайлас деген мағыналарға саяды. Құранда : «Оның сыбайласы (шайтан) былай дейді: "Раббым! Оны, мен аздырмадым. Өзі де ұзақ адасуда еді" – деген аят бар. Осы аятта шайтанға «қарин» сөзі қолданған.

Қариннің қызметі адамды адастыру, азғырып жаман жолға түсіру. Яғни, оның адамға әсері – азғыруында болып табылады. Хадиске назар аударар болсақ, Абдулла ибн Мәсъудттан жеткен бір риуаятта ардақты Пайғамбарымыз  (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларына:

- Әрбір адамға жыннан бір жолдас (қарин) бекітіліп қойылған, - дейді.  Сонда сахабалар:

- Сізге де бекітілген бе, уа Алла Елшісі? - деп сұрайды.

- Маған да бекітілген. Бірақ, Алла Тағала оған қарсы жәрдем етті,  ол мұсылман болды (әсләмә). Маған тек жақсылықты бұйырып тұрады», - деп жауап берді[1]. (Хадистің арапша мәтініндегі «әсләмә» сөзін, «әсләму» деп оқығандар бар. Ол кезде мағынасы: «Оның азғыруынан дін аманмын» болмақ.).

Бір күні Айша анамыз Пайғамбарымызды қызғанады. Осыны сезген Алла елшісі: 

- Айша, саған не болды қызғанып? – деп сұрайды.

- Неге қызғанбайын? Мен сияқты әйелдің, сіз сияқты еркекті қызғанбауы мүмкін ба?!  

- Шайтаның келген екен ғой?! – дейді

- Менің шайтаным бар ма?

- Иә.

- Әр адамда бола ма?

- Иә.

- Сізде де ма, уа Алла Елшісі?

- Иә. Бірақ Алла Тағала оған қарсы маған жәрдем етті. Ол, маған бойұсынды (немесе мұсылман болды, оның азғыруынан дін аманмын), - деп жауап берді Пайғамбарымыз[2].

Қазақ тіліндегі «жыныма тиме», «жыным келіп тұр» деген сөз тіркестері, «ашуыма тиме», «ашуым келіп тұр» дегенді білдірсе де оның астарында: «ішімдегі жынымның азғыруына себепші болма» дегендік жатыр. Өйткені, ашу да шайтанның азғыруынан тұтанады. Сондықтан да, Пайғамбарымыз ашуланған адамға «әғузуді» айтуды кеңес еткен.

Қандай болғанда да, аталмыш сөз тіркестері о баста Пайғамбарымыздың хадистерінен әсерленіп туындаған десек қателеспеспіз.

Қорытынды:

Адамның жақсылыққа ұмтылдыратын бір періштесі және жамандыққа итермелейтін шайтаны болады. Періштесі жақсылыққа жетелеп, игі ойлар салады. Хақты растауға шақырады. Шайтан жаман ойлар салып, әркелгі теріс істерді істеуге итермелейді. «Ендеше кімде-кімнің жүрегінде жақсылықтың нышаны сезілсе, оны Алладан деп білсін де Оған шүкіршілік етсін – дейді Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)– ал, жамандықтың нышаны сезілсе малғұн шайтаннан Аллаға сыйынсын (әғузу билләһи минаш шайтанир ражим десін)»[3]

 

[1] Сахих Муслим.

[2] Сахих Муслим – 5040 хадис.

[3] Тирмизи -№2988 хадис.

дереккөз: Абдусамат Қасым

islam.kz

Бөлісу: