26
Жұма,
Сәуір

һижри

Құранның мына бір қасиетін білдік пе?

Құранның мына бір қасиетін білдік пе?

Иман келтіру

Алла Тағала Құранда «Бақара» сүресінің 74-аятында «тас жүректер, тіпті тастан да қатты жүректер» жайында баяндайды. Себебі, тас екеш тастың өзі Алладан қорыққанынан домалап құлайды. Тіпті, тас қатты десек те, жұмсақ судың өзі сол қатты тасты тесіп өтіп не қақ жарып ағып жатады. Жоғарыдағы Құран аятының жалғасында Алла Тағаланың өзі тастың қалайша жұмсаратынын бізге осылайша мысал келтіреді. Міне, кейбір жүректер, Алла Тағала айтқандай, тастан да қатты болады. Ондай жүректер ешнәрсеге де жібімейді, ештеңеге де жұмсармайды. Кәпірлердің, күпірге бой алдырғандардың жүректері осылайша қатайып кетеді.

Асылында мұсылмандардың да күнәдан жүрегі қарайып, қатаяды. Ондай жүректен мейірім кетіп, жаны ашымас жанға айналады. Қазақ мұндайларды «тас жүрек» дейді. Бұл тұрақты сөз тіркесіне айналған сипат та жоғарыда атап өткен Қасиетті Құран аяттарынан алынса керек.

Ал Қасиетті Құран Кәрім әдепке сай тыңдалса және оқылса, жүректерді жібітер қасиетке ие. Тіпті, кейбір Құрайыш мүшриктерінің өзі Құраннан әсерленіп, еріксіз байланатын. Бір күні түнде Әбу Суфиян, Әбу Жәһил және Әхнәс бин Шәрик бір-бірінен бейхабар күйі Пайғамбарымыз ﷺ намаз оқып жатқанда Құран тыңдау үшін үйінің жанына жасырынып барады. Сол жерде тығылып отырып түні бойы Құран тыңдайды. Ал таңға жақын жұрт біліп, көріп қоймас үшін үйіне қайтпақшы болып жасырынған жерінен шығып бара жатқанда әлгі үшеуі бір-бірімен кезігіп қалады. Бір-бірін сөккенімен не пайда, үшеуі де Құран тыңдау үшін келген болатын. Ақыры «Халық бізді көрсе, жүректерінде күмән туар. Сондықтан да, бұдан былай бұл жерге келмейік» деп келісіп, уағдаласып әлгі жерден тарқасады. Бірақ екінші күні бұл үшеуі өз-өздерін ұстай алмайды, тағы да жасырынып Құран тыңдауға барады. Таң ата қайтайын деп жасырынған жерлерінен шығып бара жатқанда тағы да бір-біріне ұшырасып қалады. Сөйтеді де, тағы да «екінші келмейміз» деп сөз беріседі. Дегенмен, Құранның әсері бұларды үшінші күні де өзіне тартып алады. Үшінші күні де үшеуі бір жерден табылады. Міне, Құранның жүректерге әсерін осыдан-ақ байқауға болады.

…Кейде «біздің жүрек осы мүшріктердің де жүрегінен қатайып кеткен бе?» деп қаламын. Жүрегіміздің өліп кеткені сонша, Құраннан ләззат ала алмайтындай жағдайға жеттік. Намаздан соң мешіттерімізде Құран оқылып бастаса болды, көбіміз Құранға құлақ түрместен атып тұрып, әлгі жерден ұзақтап кетеміз. Құран оқылған жерден шайтан қашады деуші еді, біз осы албасты шайтан иектеп алғаннан саумыз ба?..

Құран оқылғанда мү’миннің халі қандай болу керектігін Алла Тағала Құранда сипаттап кетті емес пе? «Сөзсіз мүминдердің Алла еске алынған кезде жүректері діріл қағады да оларға Алланың аяттары оқылған кезде имандары артып, Раббыларына тәуекел қылады» («Әнфал» сүресі, 2-аят). Міне, осы аят біздің мү’миндігіміздің, мұсылмандығымыздың өлшемі болса керек. Алланы зікір еткенде жүрегіміз діріл қаға ма, шымырлай ма? Құран оқылып жатқанда иманымыз, Аллаға деген тәуекеліміз арта ма? Алла сипаттап отырған күйлерді бастан кешеміз бе? Осыған бір ой жүгіртейікші. Егер мұндай күйлерді бастан кешпесек, онда жүрегіміз дертке шалдыққан, науқас, қара дақ қаптаған. Ол үшін зікір мен Құранға тезірек жабысу керек. Құран оқығанда да әдебіне сай, ақысын бере оқу керекпіз.

ummet.kz

Бөлісу: