Жүрек тазалығы үшін қандай жаман қасиеттерден арылу қажет?

Жүрек тазалығы үшін қандай жаман қасиеттерден арылу қажет?

Иман келтіру

Жүректің таза болуы жаман дағдылар мен қасиеттерден арылуға байланысты. Бұл жаман қасиеттерге мыналар жатады:

Қызғаныш; Басқаға бұйырған жақсылықты көре алмау, іштарлық жасау.

Ызақорлық; дұшпандық, кекшілдікке салыну. Бұл мінез қызғаныш пен өкпешілдікті қоздырады.

Тәкаппарлық; Адамның өзін басқалардан жоғары санауынан туындаған менменшілдік қасиеті.

Өз-өзіне тәнті болу, сүйсіну; Кісінің өзіне көңіл тоқтығынан туындайтын өзін-өзі асқақ санау сезімі.

Сараңдық; Ешкімге ештеңе бергісі келмейтін дүниеқоңыздық.

Екіжүзділік; Сырты бүтін болғанмен іші түтін келетін жағымсыз мінез.

Атақ-даңқ, мансапқұмарлық; Бұл – Хақ жолында аяққа тұсау болатын жаман мінездің бірі. Әрине, Алла тағала өз дінінің кемелденуі үшін атақ пен даңққа бөлеген жандардың жөні басқа.

с; Ата-бабасымен, тегімен көпіріп мақтану. Бұл тыйым салынған жаман қасиет болып табылады.

Өкпешілдік; Түкке тұрмайтын ұсақ-түйекке бола өкпелеу.

Ғайбат; Естіген сәтте ренжитіндей біреудің мінін сыртынан сөз ету. Мұсылман бауырыңның дене бітімі, сөз сөйлеуі, іс-әрекеттері, ғибадаттары, күнделікті өмірі, киім-киіс, жүріс-тұрысы туралы артынан жағымсыз сөз айту ғайбат болып табылады.

Іріткі салушылық; Адамдар арасын бүлдіру мақсатымен олардың арасына сөз тасу.

Өтірік; Шындықты жасырып қалу не басқаша етіп жеткізу. Бұл – ең ауыр күнәлардың бірі.

Көп сөйлеу; Бұл да жағымсыз қасиеттердің бірі саналады. Себебі, күнәларды паш ету, өсек айту секілді көптеген харам немесе мәкрүхтердің жасалуына себепші болатын жағымсыз қасиет.

Бұлардан басқа жағымсыз, жаман қасиеттер мыналар: екіұшты сенім, күнә жасау, тәубе етпеу, парыз және сүннеттердің не екенін білмеушілік, үйренуге талпынбау, алдап-арбау, басқаға ор қазу, опасыздық жасау, қанағатсыздық, тоғышарлық, харамға құмарту, бос әрі бәтуәсіз нәрселерге құлақ түру, жамандық орын алған жағдайларда қол қусырып қарап отыру, қарғапсілеу, зина жасады деп жала жабу, ұрысу, жанжалдасу, жалған ант ету және өтірік куә болу, сайқы мазақ ету, адамдарды менсінбеушілік, кек сақтау, айтысыптартысу, әркімге зиянын тигізу, кекшілдік, зұлымдық ойлау, ысырап ету, дөрекі қалжың айту, қылымсу, жайбарақаттыққа бой алдыру, көп жасауға және көп табыс табуға деген құмарлық, ұятсыздық, қорқақтық.

Жүрек осы жаман қасиеттерден арылғанда ғана тазалыққа жетеді. Ал нағыз тазалық осы жағымсыз қасиеттерден толық арылғанда да өзін тазамын деп есептемеу. Жүректі жаман қасиеттерден арылтуда бойға көркем мінезді сіңіре білудің орны ерекше. Көркем мінез деген не?

Көркем мінез – берік иман мен тәуба, күнәға деген өкініш, ұяттылық, сабырлылық, тақуалық, сөзінде тұру, аманатқа қиянат жасамау, опасыздыққа бармау, көрші ақысына көңіл бөлу, жомартмінезділік, сәлемдесуді насихаттау, амалды таза ниетпен орындау, пәни дүниеге алданбау, ақыреттегі есеп беруден қорқу. Бұған қоса, кішіпейіл болу, ешкімді жәбірлемеу, қиыншылықтарға сабыр ету, үнемі Алланың көріп тұрғанын ұмытпау, нәпсіні тыю, үміт пен үрей арасында өмір сүру, жомарттық, кешірімділік, сүйіспеншілік, көмектескіштік, өзінен гөрі өзгелердің бақытын артық көру, жақсылыққа үндеу, әрдайым өлімді қаперде ұстау, әдептілік, абыройлы өмір сүру т.б.

материал «Исламдағы тазалық» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: