22
Жұма,
Қараша

һижри

Жеке құлшылықтың берекеті қандай?

Жеке құлшылықтың берекеті қандай?

Иман келтіру

Құлшылық – Жаратушы иемізге шүкіршілікті, адал мойынсұнушылығымызды, Оған деген сүйіспеншілігімізді көрсететін іс-әрекет. Намаз, ораза, зекет, қажылық секілді құлшылық іс-амалдардың жеке адамнан бастап қоғамдық пайдалары шаш етектен. Олардың пайдалары өз алдына, ал негізгі мақсаты Алланың разылығына бөлену. Раббыңның разылығы – адам баласының қол жеткізетін ең жоғарғы мәртебесі.

Шынайы ықылас, адал көңілмен жасалатын құлшылық Жаратқанның ұлықтығын мойындап, пенденің әлсіздігін мойындауды білдіреді. Құлшылық Хақ тағала мен жеке адамның арасындағы рухани байланысты күшейтіп, оның дәрежесін көтереді. Құлшылық адамның жан дүниесін нұрға бөлейді.

Жүрегін жұмсартып, мінезін түзейді. Жаратқанға жалбарыну арқылы пенде тойымсыз нәпсінің қалауларынан құтылып, жан тыныштығына кенеледі. Құран бұл шындықты «Жүректер Алланы еске алған кезде ғана жайланады» деп білдірген. Ал адам баласының ең қажетсінген нәрсесі осы жан тыныштығы мен жүрек жайлылығы емес пе?!

Психолог мамандардың айтуы бойынша, адам өзінің ішінде жиналып қалған мәселелерін басқа біреуге ақтарған кезде ғана көңілі орнына түсіп жеңілдеп қалады. Бірақ ішіндегісін әркімге емес, сол мәселені шеше алатын, ақыл-кеңес бере алатын біреуге ашқаны жөн.

Ал кей кезде адамдарға аша алмайтын жағдайлар да болады. Міне, сондықтан да пенде өз мұң, мұқтаждықтарын өзіне «Күре тамырынан да жақын», ерекше мейірімді әрі шексіз құдіретті Алла тағалаға жайып салғанда жүрегі нағыз бақытқа кенеледі.

Пенде кейде біліп, кейде білместікпен күнәға бой алдырып қояды. Осы істеген арсыздығынан арылғысы келген адам тәубе ету және дұға жасау арқылы осы ішкі сезімдерін Жаратқанға білдіріп, енді оны жасамаймын деп өкінішін ақтарады. Адамның күнәсін мойындауы арожданының тынышталуын қамтамасыз етеді. Осының арқасында пендеде өмірге деген жаңаша бір құлшыныс пайда болып, өмірге сеніммен қарай бастайды.

Міне, жеке құлшылық жамандық атаулының бәрінен алшақ тұруға көмектеседі. Пенде жеке дара құлшылық жасау арқылы кір басқан көңілін көз жастары арқылы жуып тазартады, көкірек көзін ашып, қайғы-мұңын сейілтеді. Негізінен мұсылман пенденің жеке басына құлшылығын атқаратын, Алланы жеке отырып еске алатын, Құран оқитын, өзін есепке тартатын, дұға жасайтын, жарылқау тілейтін, жамандықтан жан дүниесін тазартатын кездері, арнайы уақыттары болуы қажет.

Тақуа жандар бес парызының тысында орындайтын жеке құлшылықтарға да ерекше мән берген. Өйткені олар үшін жеке құлшылық – Жаратқан иемен жеке қалып тілдесу мүмкіндігі. Сондықтан кейбір тақуа жандар «Мен жеке құлшылық жасаудан артық жан рахатын, шарапаттылықты, үстемділікті көрмедім де естімедім.

Жеке құлшылық – жамандық атаулыдан алыс болу, уақытты және өмірді тиімді өткізу. Әрі көре алмаушылар мен іші тарлардан аулақ болу. Жеке құлшылық – қияметті ойлау, Алламен кездесуге дайындық, Аллаға бойсұну, хикметті нәрселерге ой жүгірту, даналық теңізінен маржан іздеу болып табылады». Жеке құлшылық тілден болатын айыпты, ісәрекетте болатын кемшілікті, ойлаудағы қателікті және нәпсінің қателіктерін жасырады. Бір сөзбен айтқанда, кісі бойындағы жақсы қасиеттердің қорғаны. Сонымен қатар ішкі дүниенің жандануына әрі көркеюіне жол ашады. Уақыттың берекесін кіргізіп, Алланың жаратқандарына қарап терең ой жүгірту болып табылады. Құлшылық кезінде жүрегі қуанышта, ал ақылы тек пайдалы нәрселердің жемісін тереді. Жеке құлшылықта адам істеген ісін басқа біреу көрсін деген рияшылдықтан аулақ болады. Өйткені оны Алладан басқа ешкім көрмейді де естімейді. Тарихтағы қандай ғалым немесе көркем мінезімен, өзінің жақсылықтарымен аты қалған адамдардың барлығы да рухани сусынын осы жеке құлшылықтан бастағанын байқаймыз. Адамзаттың асылы, әз Мұхаммедтің (с.а.с.) өмірі де бұған куә. Ол өзіне уахи келмей тұрып, Мекке қаласының күйбең тірлігінен жырақтап, Хира үңгірін паналап, жалғыз қалғанды ұнататын. Осылайша Жаратқан иеміз оның рухын шыңдап, алдында күтіп тұрған ұлық міндетке дайындағандай еді. Жеке дара оқшаулану арқылы адам рухына азық, жүрегіне қуат жинайды.

материал «Үміт сәулесі» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: