22
Жұма,
Қараша

һижри

Мүмин мен кәпірдің соңғы сәті

Мүмин мен кәпірдің соңғы сәті

Иман келтіру

Сахаба Бәра ибн Ғазиб (Алла оған разы болсын) былай дейді: «Бірде біз Нәбимен (с.ғ.с) бірге бір ансардың жаназасына қатыстық. Бәріміз қабір басына барғаннан кейін мәйіт жерленді. Осыдан соң Расулулла (с.ғ.с) отырғаннан кейін біз оның айналасына отырдық…

Бір кезде Расулулла (с.ғ.с)  басын көтеріп екі немесе үш қайтара: «Хақ Тағаладан қабір азабынан пана тілеңдер» - деп, кейін былай деді: «Мүмин пенде пәни дүниеден Ақыретке жөнелер сәтте аспаннан ақ жүздерi күндей жарқыраған перiштелер түсiрiледi. Ол періштелерде пейіш киiмi және жәннатың хош иiстi заты болады. Перiштелер мүмин пендеден қарағанда көрінетіндей жерге отырғаннан кейiн өлiм перiштесi келіп, мүминнiң бас жағына отырады да: «Уа Алла Тағаланың ризалығына лайық болған жан! Алла Тағаланың разылығы мен жарылқауына қарай шық» - деп бұйырады. Сол сәтте мүминнiң жаны торсық ауызынан тамшы аққандай жеңiл шығады. Өлiм перiштесi мүминнiң жанын қас қағым сәтке де ұстамай, лезде жәннат кебiнiне орап, хош иiстi затқа салады.Сонда мәйіттен жер жүзіндегі ең хош иiстi мисктiң иiсiндей хош иiс аңкиды. Осыдан соң перiштелер мүминнiң жанын алып жоғарыға көтерiледi. Сонда аспандағы періштелердің жанынан өткенде, олар: «Бұл игі жан кім екен?» - дейді. Мүминнiң жанын жоғарыға көтерiп бара жатқан перiштелер: «Пәленшеұлы пәленше» - деп пенденің дүниедегi ең әдемi есiмдерімен атап таныстырады. Дүние аспанына жеткенге дейін осылай жалғасып, жетінші аспанға дейiн әр аспан перiштелерi мүминнiң жанын келесi аспанға дейiн осылайша шығарып салады. Жетінші аспанға жеткенде Хақ Тағала: «Бұл пендемнiң амал кiтабын ең жоғары дәрежеге ие болатындармен бiрге жазып, жанын жерге қайтарыңдар. Себебi Мен адамдарды топырақтан жаратып, топыраққа қайтарамын. Кейін Қияметте оларды жерден қайта тiрiлтiп шығарамын» - деп бұйырады. Мүминнiң рухы денесiне қайтарылған соң екi перiште келiп, оныотырғызады. Кейiн одан: «Раббың кiм?» - деп сұрағанда, мүмин: «Раббым – Алла Тағала!» - деп жауап бередi.

- Дiнiң қандай?

- Дiнiм – Ислам.

- Сендерге жiберiлген адам кiм?

- Ол Алланың Елшiсi.

- Сен неамал iстедiң?

- Мен Алла Тағаланың Кiтабын оқып, оған иман келтiрдiм және онда айтылғанмен амал еттiм.

Сол кезде көктен: «Пендем рас айтты. Оған пейіштен төсек жайып, жәннат киiмiн киiндiрiңдер. Әрі жәннат есiгiн ашыңдар!» - деп жар салынады. Осыдан соң мүминге жәннаттың хош иiсi келiп, қабірі көз жетерлiктей қашыққа кеңейедi. Әрі мүминнiң жанына келбетті, әдемi киінген, бойынан хош иiс аңқыған адам келiп: «Мен сенi қуантатын нәрсемен сүйiншiлеймiн. Бұл саған уәде етiлген күн!» - дейдi. Мүмин: «Жүзiң жақсылықтың нышаны болған сен кiмсiң?» - деп сұрағанда, ол: «Мен сенің iзгi амалыңмын!» - деп жауап бередi. Сол сәтте мүмин: «Уа Раббым! Қиямет күнiн тездете гөр! Қиямет күнiн тездете гөр!» - деп тiлейдi. Кәпір жантәсiлiм болатын сәтте оғанаспаннан кенептен тiгiлген кебiні бар жүзi қара перiштелер түседi. Перiштелер кәпiрден көз салғанда көрiнетіндей жерде отырады. Кейiн жан алушы перiште келiп, кәпiрдiң бас жағына отырады да: «Уа Хақ Тағаланың азабына лайық болған жан! Алла Тағаланың қаһарымен азабына қарай шық»-дейдi. Сол уақытта кәпiрдiң жаны суланған жүнненжан-жағында тiкенектерi бар ширатылған темiр шанышқы жұлып алғандай шығады. Өлiм перiштесi кәпiрдiң жанын қасқағым сәтке де ұстамай, лезде кенептен тiгiлген кебiнге салады. Одан жер бетiндегi ең жағымсыз иiстей иiс шығады. Осыдан кейiн перiштелер онымен жоғарыға көтерiледi. Кәпiрдiң жанын алып жоғарыға көтерiлген перiштелер басқа перiштелердiң жанынан өткенде, олар: «Бұл сұрқия жан кiм?» - деп сұрайды. Сонда кәпiрдiң жанын жоғарыға көтерiп бара жатқан перiштелер: «Пәленшеұлы пәленше» - деп, дүниедегi ең жаман есiмдерімен атап таныстырады. Дүние аспанына жеткенге дейін осылай жалғасады.

Кәпірдің жанын жоғары көтеріп бара жатқан періштелер дүние аспанының қақпасы ашылуын өтінгенде, ол ашылмайды». Осы сөзінен соң Расулулла (с.ғ.с) мына аятты оқыды: «Олар үшін ешқашан аспан есіктері ашылмайды. Әрі түйе ине жасуынан өтпейінше олар жәннатқа кіре алмайды». Кейін сөзін жалғастырып былай деді: «Алла Тағала: «Оның амал кітабын жердің ең төменгі қабатындағы сижжинге жазып қойыңдар!» - деп бұйырғаннан кейін, кәпірдің жаны төмен лақтырылады». Осы сөзден кейін Расулулла (с.ғ.с): «Алла Тағалаға серік қосқан адам – аспаннан құлағанда бір жыртқыш құс олжа етіп алып кеткен немесе қатты жел алыс жерлерге ұшырып әкеткен адам тәрізді»-деген аят оқыды. Кейін сөзін жалғастырып былай деді: «Кәпiрдiң жаны денесiне қайтарылған соң, оған екi перiште келедi. Олар отырып: «Раббың кiм?» - деп сұрағанда, кәпiр бар болғаны: «А-аа, а-аа, бiлмеймiн» - дейдi.

- Дiнiң қандай?

- А-аа, а-аа, бiлмеймiн.

- Сендерге жiберiлген адам кiм?

- А-аа, а-аа, бiлмеймiн.

Сол уақытта көктен: «Пендем жалған айтты. Оған оттан төсек жайып, тозаққа қарай есiк ашыңдар!» - деп жар салынады. Кейiн кәпiрге тозақтың қызуы мен ыстық желi келiп, қабір дуалдары бiрi-бiрiне айқасып кiретіндей дәрежеде қысылады. Кәпiрдiң жанына жүзi ұсқынсыз, жаман киінген, иiсi жағымсыз адам келiп: «Мен сенi өкiндiретiн нәрсемен сүйiншiлеймiн. Бұл саған уәде етiлген күн» - дейдi. Кәпiр: «Жүзiңде қасiреттiң нышаны таңбаланған сен кiмсiң?» - деп сұрағанда, ол: «Мен сенiң жексұрын қылық-амалдарыңмын» - деп жауап бередi.Сол кезде кәпiр: «Уа Раббым! Қиямет күнiн болдырмашы!» - дейдi».

материал «Ихсан – рухани тәрбие негізі» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: