«Бірде бір кісі Пайғамбарымызға (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) келіп:
«Аштықтан титықтап біттім», – деп мұңын шақты. Сонда Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм)үйінен тағам алғызу үшін жұбайларының біріне адам жіберді.
Алайда, жұбайы: «Сені ақиқат жаршысы етіп жіберген Алланың атымен ант етейін! Қара судан басқа берер еш нәрсем жоқ», – деп жауабын айтып жіберді. Басқа жұбайына жібергенде, ол да алғашқы жұбайы сияқты жауап берді. Сөйтіп, Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) қалған жұбайлары да:
«Сені ақиқат жаршысы етіп жіберген Алланың атымен ант етейін! Қара судан басқа берер еш нәрсем жоқ», – деді. Соңында, Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сахабаларынан:
«Мына бауырымызды бүгін түнде кім қонақ етіп күте алады», – деп сұрады. Сонда ансарлық бір сахаба:
«Мен, уа, Алланың елшісі!» – деп, әлгі кісіні үйіне ертіп әкетті. Үйіне келе салысымен әйеліне:
«Алла елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм)жіберген қонағын жақсылап күт», – деді. Басқа бір риуаятта әйелінен: «Қонаққа беретін бірдеңең бар ма?» – деп сұрады. Әйелі оған:
«Балаларға деп сақтаған азғантай ғана тағамнан басқа азық жоқ», – деді. Сонда отағасы:
«Ендеше балалардың көңілін бір нәрсемен аулай тұр.
Егер қарындары ашып, кешкі асты ішкілері келсе, алдарқатып ұйықтата салғын. Қонағымыз кіргенде шамды сөндіріп қой, екеуіміз онымен бірге отырып, жеп-ішіп отырғандай сыңай танытайық», – деді. Сөйтіп, қонақ кірген соң, бәрі бірге дастарханға отырып, келген қонақ бар асты бір өзі ішіп қойды. Ал, өздері сол түні аш жатты. Ертесі күні үй иесі таңертеңгісін Пайғамбарымызға (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) келгенде, Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) оған:
«Расында, Алла тағала жұбайың екеуіңнің түнде істеген істеріңе қайран қалды (яғни, дән риза болды)», – деп айтты» (Бұхари; Муслим).
материал «Хадистер жинағы» кітабынан алынды,
ummet.kz