Насихат қылушының бойында болуы керек сипаттардың маңыздыларының бірі – жұмсақтық. Себебі адам өзгелерге шынайы жанашыр, жқмсақ әрі көркем сөйлей білгенде ғана олардың жүрегінен орын табады.
Осындайда халқымыз: «Жылы жылы сөйлесең жылан інінен шығады, қатты-қатты сөйлесең мұсылман дінінен шығады», - деген. Осы себепті де Алла Тағала Құранда Мұса мен Һарун пайғамбарларға: «Екеуің перғауынға барыңдар, өйткені ол шектен шыққан. Оған жұмсақ сөз сөйлеңдер, мүмкін үгіт алар немесе қорқар» деп бұйырған. Насихатшының жұмсақ болуы керектігіне байланысты Әріп Тәңірбергенұлы бабамыз:
Болмайды насихатшы неге жұмсақ,
Майда тіл әсер қылмақ түбін қусақ.
Ақырып айтқан сөзден көңіл қалар
Сағынар тәтті сөзге әркім сусап.
Мұсаны Перғауынға жіберді Хақ,
Сөз айтсаң, әмір қылма, жұмсақ боп бақ.
Жұмсақ сөз бен тәрбие тез ұғылмақ
Көзі барлар көрмей ме осыны нақ?! – деп жырлаған.
материал «Көркем мінез» кітабынан алынды,
ummet.kz