20
Сенбі,
Сәуір

һижри

Дінде аяқты айқастырып отыру айып па?

Дінде аяқты айқастырып отыру айып па?

Иман келтіру

Аяқты айқастырып отыруға байланысты айтар болсақ, Ахмед ибн Ханбальдің хадистер жинағында Жәбір ибн Абдулладан мынадай хадис келтіріледі.

Онда Алла елшісі былай деген: «Сендердің біреулерің отырғанда немесе шалқасынан жатқанда екі аяғын бір-біріне қоймасын (аяқты айқастырмасын)»[1].

Бұл риуаяттың басқа нұсқасында «отырғанда» деген сөз жоқ, «жатқанда аяқты айқастырмасын» деген жері ғана айтылады[2].

Бұнымен қатар, "сахих хадистің" бірінде Абдулла ибн Зәйд есімді сахаба "Алла елшісінің мешітте бір аяғын екінші аяғына қойып (айқастырып), шалқасынан жатқандығын көрдім"[3], деген. Бұдан аяқты айқастырудың күнәсі жоқ екендігін аңғаруға болады. 

Әйтсе де Пайғамбарымыздың бұл жатысын кей хадисшілер, адамдар жоқ кезге жорамалдайды. Өйткені Алла елшісі адамдар алдында отырғанда реттеліп, әдепті отыратын болған.  

Тоқ етері, біздің әдет-ғұрпымызда үлкендердің алдында немесе көпшіліктің алдында аяқты айқастырып отыру – әдепсіздік нышаны саналады, сондықтан діни тұрғыда да орынсыз әрекет деуге болады. Ал, өзіңіз жеке отырғанда немесе үйіңізде, яки құрбыларыңыздың арасында әлгіндей отырудың ағаттығы болмас.

Ең дұрысы – Аллаға мәлім!

[1] Имам Ахмад: Мүснәд - №13786 хадис.
[2] Әл-Хаким: әл-Мүстәдрак – (3201) №7773 хадис.
[3] Сахих Мүслим, Сахих Бухари. Абдулла ибн Зәйд әл-Мәзиниден риуаят етілген.

материал «Замана тудырған сұрақтар» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: