21
Сенбі,
Желтоқсан

һижри

«Сендердің дүниелеріңнен маған үш нәрсе сүйкімді»

«Сендердің дүниелеріңнен маған үш нәрсе сүйкімді»

Иман келтіру

Расулалла (с.а.с.) былай дейді: «Сендердің дүниелеріңнен маған үш нәрсе сүйкімді болды: хош иісті сулар, әйелдер, әсіресе намаз көзімнің қарасындай болды».

Сол кезде Пайғамбардың (с.а.с.) жанында сахабалар отыр еді. Әбу Бәкір (р.а.) тұрып: «Рас айтасың, Расулалла! Маған да дүниеден үш нәрсе сүйікті көрінді: Расулалланың жүзіне қарау, Расулалланың жолында малымды жұмсауым, қызымның Расулалламен бірге болуы», – деді.

Одан соң Омар тұрып: «Рас айтасың, Әбу Бәкір! Маған да дүниеде үш нәрсе сүйкімді көрінді: ізгілікке бұйыру, жамандықтан тыю, көнетоз киім», – деді.

Одан соң Осман (р.а.) тұрып: «Рас айтасың, Омар! Маған да бұл дүниеде үш іс сүйкімді көрінді: аш қалғандарға тамақ беру, жалаңаштарды киіндіру, Құран оқу», – деді.

Одан кейін Әли (р.а.) тұрып: «Рас айтасың, Осман! Маған да бұл дүниеден үш нәрсе сүйкімді көрінді: қонаққа қызмет көрсету, ыстық жазда ораза ұстау, Алла жолында қылышпен соғысу», – деді.

Бұлар осылай отырғанда Жебірейіл періште (а.с.) келіп былай дейді: «Алла Тәбәрәкә уа Тағала мына сұхбаттарыңды естіп мені сендерге жіберді. Менен осы дүние өкілі болсам не істер едің деп сұрауларыңды бұйырды».

Сонда олар: «Иә, Жебірейіл, сен осы дүниеде пенде болсаң не істер едің?» – деп сұрайды.

Сонда Жебірейіл (а.с.): «Үш іспен айналысқан болар едім: адасушыларды тура жолға салу, мейірім-шапағаттан күдер үзген өзге жұрттықтарға мейірімділік көрсету, жағдайы қиын көп балалы жанұяларға жәрдемдесу», – деген екен.

Сосын Жебірейіл (а.с.) былай дейді: «Ұлы даңқтың Иесі Алла Тағала пенделерінен үш қасиетті жақсы көреді: шамасы келгенше Аллаға көп бойсұну, күнәсі үшін өкініп жылау, таршылыққа сабыр ету».

материал «Қайтар күнге дайындық» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: