22
Жұма,
Қараша

һижри

Әдетке абай бол: ол құтқарады немесе құлдыратады

Әдетке абай бол: ол құтқарады немесе құлдыратады

Иман келтіру

Күніне он бет кітап оқысаң, нәтижесі қайда апарады? Он бет деген түк емес, ұйқы алдында-ақ бітіріп тастай аласың.

Күніне он бет деген сені ақылды, шебер қылып жібермейді. Бірақ 365 күн бойы он беттен оқысаң, 3650 бет шығады. Бұл дегенің бақандай он бес кітап. Бір саладан он бес кітап оқысаң, сол саланың білгіріне айналасың. Әр кітаптан бір қабілет үйренсең, бір жылда он бес қабілетті меңгересің. Түпсанаң пайдалы ақпаратпен толады. Енді сенен негативке толы шағымдар шықпайды. Дәл осылай жалғастыра берсең, төрт жылда экспертке айналасың. Сені тыңдайтын оқырман пайда болады.

Ал енді күніне бір қорап темекі шексең ше? Бір күнде өкпең қара смолаға толып қалмас. Ал бір жылда 7300 тал темекі өкпеңе кіріп шығады. Өкпең борсып, тұншығатыны сөзсіз. Оның қалпына келуі де қиындайды. Ал осы қарқында жалғастыра берсе ше? Төрт жылда 29 200 тал темекі шегіледі. Мұндай уақыт ішінде адам біршама ауруға душар болады. Темекіге тәуелділік толығымен орнайды. Өкпеге смола толады. Дем алу қиындап, бітпейтін жөтел пайда болады. Қанша ғұмырың қысқарып қалғанын білмейсің.

Оған қоса текке кеткен уақытты айтсаңшы. Бір тал темекі шегуге (көшеге шығу, тұтату, тарту, қайта оралу) орташа 5 минут кетеді. Күніне бір қорап шегетін адам әр күн сайын 100 минут уақытын құртады. Осыдан кейін кітап оқуға, спортпен айналысуға уақыт жоқ деп көр. Бір жылда 25 күн (36500 минут = 608 сағат) тек шылым шегуге кетеді. Мұнша көп уақыт ішінде шетелдік бір тілді керемет меңгеруге болар еді. Ал төрт жылда 100 күн уақыт босқа кетеді екен. Оның есебін қалай береді?

Темекі тартатын уақыттың орнына велосипед айдауға, жүгіруге, сурет салуға, театрға баруға, қызықты кітап оқуға, суда жүзуге, саябақта қыдыруға болар еді.

Ал енді ақшасын есептейік. Бір қорап 600 тг. Күніне бір қорап шегетін адам бір жылда 219 000 тг әшейін құртып тастайды екен. Оттық, сағызды қоспағанда! Осыдан кейін қыдыруға, курсқа қатысуға ақша жоқ деп көр! Төрт жылда 876 000 тг төлеп, басыңа ауру табасың.

Джим Рон айтпақшы «табыс – күн сайын орындалатын бірнеше қарапайым ереже; ал сәтсіздік – күн сайын қайталанатын бірнеше қарапайым қате». Пайдалы ұсақ әдеттер уақыт өте келе үлкен табыс әкеледі. Пайдасыз ұсақ әдеттер жинала келе, адамның мінезін бұзып тынады.

материал «Әдет күші. Жақсы әдет қалыптастыру, жаман әдеттен арылу»

кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: