04
Сәрсенбі,
Наурыз

һижри

Тағдырға разы болуды қиындыққа беріле салу деп түсінбеңіз

Тағдырға разы болуды қиындыққа беріле салу деп түсінбеңіз

Иман келтіру

Алла Тағала айтады: «Саған бергендерімді ал да, шүкіршілік етушілерден бол!» ("Әғраф", 144). 

Күніміздегі жеке тұлғалық даму саласының мамандары бақыт деген түсінікті адамның ішкі әлемінде болатын «қабыл алу» сезімімен байланыстырады. Ал асыл дініміз осы күйді «разылық» сөзімен түсіндіреді. Разылық – мүмінді басқалардан айырып, оны бірден өзгешелеп тұратын, бақыттың кілті болған ұлы сипат. Разылық – Жаратқанның үлестіріп берген нығметтеріне разы болып, шүкір ету. Бергенін разы болып қабыл еткендей, алғанын да налымай қабыл ету. Расымен, Алланың тағдырына разы болған адам айналасындағы нығметтерді сезе бастайды әрі ол үшін қолында жоқтың салмағы бардың алдында ешқашан теңеспейді. Сол үшін оның күші қолы жетпегенді ойлап зая кетпейді, керісінше басына қонған нығметтерге шүкір етіп, Раббысын ұлықтап, мадақтаумен болады. Бұрылысы көп өмір жолы үнемі бір қалыпта тұрмайды. Сол секілді адамның ішкі күйі де жағдайға байланысты ауысып отырады. Бір күн қуандырса, келесі күн жабырқатады. Өмірдің сындарлы сәттері адамды уайымдатып, көңіл-күйіне әсер етпей қоймайды, сәйкесінше ол жақындарымен қарым-қатынасы кезінде көрініс табады. Ойын, ақылын, уақытын уайымнан қайтсем құтыламын деумен шұғылдандырып қояды. Ақыр аяғында оның осындай ішкі арпалысы өмірлік шешімдеріне әсер етеді. Рухани тозып, денелік тұрғыда қажиды.

Түбі денсаулығы сыр береді. Бірақ бұл барлық сынақтың салдары емес. Өмір болған соң басында қиындығы жоқ адам болмайды. Ал адамдардың барлығы сынаққа тап болған сайын осылай құлдырайтын болса, жер бетінде бір де бір руханияты мен тәні сау адам мен үйлесімділігі үйлескен отбасы қалмаған болар еді. Сынақты адамды өшіретін емес, өсіретін мүмкіндік ретінде қабылдайтын жандар сынақтан сынбай өтеді. Ондай жандар қиындықты мехнәт емес, нығмет деп қабылдайды. Бақыттан алшақтатушы емес, нағыз бақытқа жақындаудың мүмкіндігі ретінде көреді. Әрбір қиындықтан кейін келер жеңілдіктің жақын екенін әрі ұшантеңіз пайдасын ала келерін біледі, сабырмен күтеді.

Разылыққа ғалымдарымыздың көбісі былай анықтама береді: «Разылық – жүректің Раббысының таңдауынан тыныштық табуы. Тағдырдың тұздылығын өмірінің тұздығы ретінде қабылдауы. Барлық жағдайды Аллаға өзін толықтай тапсырған күйінде қабыл алуы».

Тағдырға разы болуды қиындықтарға беріле салу деп түсінбеу керекпіз. Ол – қолдан келген себептерді жасап, нәтижесін Аллаға қалдыру. Алланың арнайы бөліп бергеніне разы болу адамды рухани бай етеді. Ашу-ызадан аулақ қылады. Қандай жағдай болмасын, үміт есіктерінің ашық екенін көрсетіп тұрады. Күнімізде байлық туралы көп айтылады, талқыланады, оған түрлі анықтамалар беріледі. Бірақ нағыз байлықтың не нәрсе екенін көпшілік біле бермейді. Сәйкесінше, олар байлық деп басқа нәрсені есептеп, оған жаппай ұмтылады. Нәтижесінде ойларындағы байлыққа қолдары жетеді. Бірақ кедей қалпында қала береді. Себебі олар талпынған байлық шынайы кедейліктен алып шықпайтын еді. «Ол күні мал да, балалар да пайда бермейді. Бірақ кім Аллаға сау жүрекпен келсе ғана пайда береді» ("Шуғара", 88- 89).

Яғни екі дүниеге де пайда беретін нағыз байлық – таза жүрек. Ал жүрек қашан таза болады? Өміріне разы болып, ешбір жағдайға налымағанда ғана. Негізінде емханада емделіп, төсегінен тұра алмай жатқан адамдардың жанында бір сәт болып, зиярат ету талайлаған бақытсызды бақытты қылады. Басындағы бақты көрмейтін көкірегі соқырдың көзін ашады. Тәубесіне келтіреді. Разылық – дүние өміріндегі бақыттың есігі. Өмірімізді бақытты өткеруіміз үшін өмірдің барлық кезеңдерінде мына Құрани қағиданы ұстанумыз қажет. Ол – «Саған бергендерімді ал да, шүкіршілік етушілерден бол» аяты ("Әғраф", 144).

материал Қанат Байбосынұлы, Аслан Орақбаевтың «114» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: