21
Бейсенбі,
Қараша

һижри

Иман

Иман келтіру

1.Иман сөзіне түсінік

Иман сөзі–араб тіліндегі «ә-мә-нә» етістігінен шығып «ифъал» бабында қолданылған масдар (етістіктен құрылған есімдік) болып саналады. Ал жалпы «иман» ұғымы–бір адамның сөйлеген сөзін қуаттау, айтқанын қабыл ету, шын көңілімен қуаттау, айтқанын қабыл ету, шын көңілімен қабылдау, күмәнғк жол берместен нақты, жүрекпен, шын ықыласпен сену деген мағыналарды береді. Иман еткен кісі «мүмин», иман етілген нәрселерге де «мүминун биһ» дейді.

«Иман» сөзінің шариғаттағы мағынасы–Хазіреті Пайғамбарға (с.а.с) Алла Тағаладан жеткен нақты үкімдерді растап, ешбір күмәнсіз қабыл ету, әрі бұлардың хақтылығына шын көңілмен сену болып табылады.

Иман етудің негізгі қағидасы жүрекпен бекітіп, тілмен айту. Себебі, бір адамның толық мұсылман болуы үшін иман негіздерін жүрегімен қуаттап, тілімен сенгендігін айтуы тиіс.

а)Иман негіздерін жүрекпен бекіту (тасдиқ)

Иманның негізгі шарты жүрекпен қуаттау болып келеді. Себебі, аяттар мен хадистер иманның жүректе болатындығын білдіреді. Иман қолмен ұстап, көзбен көрінетін нәрсе емес, тек жүрекпен сезіледі. Мұны мына аяттардан анық байқауға болады.

«Әй Пайғамбар! Ауыздарымен: “Сендік” деп, жүректері сенбегендермен Яһудилерден күпірде жарысқандар сені кейітпесін...» (5.Мәида 41)

«Бәдәуилер: “Иман келтірдік” деді. (Мұхаммед Ғ.С.) оларға: “Сендер иман келтірмедіңдер. Алайда: “Мұсылман болдық” деңдер. Өйткені, иман жүректеріңе кірмеді...» (49.Хужурат 14)

Міне, осы екі аят бізге жүрегіне иман кірмеген, әрі толық қуаттамаған адамның жағдайын баян етуде. Бұл екі аят негізінен жүрегімен иман етпеген бәдәуи араптар жайында түскен. Өйткені, олар Пайғамбарымыздан бір зат алу ниетімен өздерін мұсылмен ретінде көрсетіп: «біз де иман келтірдік,»–дейді. Бірақ, Алла олардың иман етпегенін, тек тілімен айтқандықтан жүректеріне әлі иман кірген жоқ, жай тілмен айтып тұрғанын баян етеді.

Ал мына аят:«...Міне солардың жүректеріне Алла иман жазған әрі оларды Өз жағынан бір нұрмен қолдаған...» (58.Мужадилә 22)–деп мәңгілік жаннатта болатын жандардың иманынан хабар береді.

Енді иманның жүректің қуаттауынан тұратындығы жайлы айтылған хадистерді келтірелік.

1)Усама ибн Зәйд ибн Харис (р.а) бір жорық кезінде мүшріктермен қақтығысады. сонда Усама ибн Зәйд (р.а) шайқас үстінде бір адамның басын алмақ болғанда әлгі адам: «Лә иләһә иллаллаһ (Алладан басқа құдай жоқ),»–дейді. Усама (р.а) оның бұл айтқан сөзіне мән берместен шауып тастайды. Себебі, оны әлгі тұтқын өлімнен қорыққандықтан айтты деп пайымдайды. Усама жорықтан оралған соңболған оқиға жайлы Пайғамбарымызға (с.а.с) айтқанда, Алла елшісі (с.а.с) ашулы кейіппен: «Өлтірген адамың рас айтып, айтпағанын қайдан білесің? Әлде оның жүрегін жарып көрдің бе?»–дейді. (Муслим «Иман 41»; Абу Дауд «Жихад 95»; Ибн Мажа «Фитан 1)

Міне, хадистегі Хазіреті Пайғамбарымыздың (с.а.с): «Жүрегін жарып көрдің бе?»–деген сөзі иманның жүректің қуаттауымен (тасдиқы) болатындығына айқын дәлел.

2)Хазіреті Пайғамбарымыз (с.а.с) бір хадис шарифте былыай дейді: «Алладан басқа тәңір жоқ екендігіне және Мұхаммед Алланың елшісі екендігіне  шын жүрегімен куәлік еткен кісіге Алла жаханнамды харам еткен.» (Муслим «Иман 17»)

3)Басқа бір хадисте былай дейді: «Алла жаннаттықтарды жаннатқа, жаханнамдықтарды жаханнамға тастайды. Содан кейін: «Қараңдар, жүрегінде титтей иман болған біреуін тапсаңдар, оны жаханнамнан шығарыңдар,»–дейді.»(Бухари «Иман 15»; Муслим «Иман 82»)

Осы айтылған аяттар мен хадистер бізге иман етуде жүректің қуаттауы бірінші шарт екендігін білдіреді. Егер бір адам жүрегімен сенбестен, тілімен кәлима айтса, ол иман еткенге жатпайды. Ал егер керісінше, жүрегімен сеніп, тілімен айтпаса, біз оның кім екендігін, оған деген көзқарасымыздың қалай болатындығын білмейміз. Мысалы, бір адам өзінің мұсылман екендігін айтпаса, бірақ жүрегімен сенсе, шариғаттың үкімдерін оған қалай орындатасыз? Оның мұсылман ба, әлде мұсылман емес пе оған көзіңіз анық жетпейді. Бірақ, оның жүрегіндегіні Алла біледі, сол себепті ақыретте мүмін есебінде болады. Алайда, жүрегімен сеніп, қуаттаған, бірақ тілсіз,мылқау, яки өлімнен қорқып сенімін айтпастан кәпірмін, атеистпін деп айтқан кісі де мүмин болып саналады. Өйткені Аммар ибн Ясир есімді сахабаның (р.а) басынан осындай оқиға өтеді.

Аммар ибн Ясир (р.а) жанұясымен ислам дінін қабылдаған алғашқы мұсылмандар болатын.  Меккеде күн санап мұсылмандардың саны артып келе жатқаны мүшріктердің жанына батып, исламды қабылдаған мұсылмандардыдінінен қайтару үшін зорлық пен зұлымдыққа көшеді. Осы зорлық пен зұлымдықтың құрбаны болғандардың қатарында Аммар ибн Ясирдің (р.а) жанұясы бар еді. Мүшріктер Аммардың (р.а) әке-шешесін ыстық құмның үстіне жатқызып, дінінен қайту үшін әбден қинап, жәбірлейді. «Меніің құдайым Лат, Манат, Узза,»–деп айтқызбақ болғанымен жүрегінде иманы берік Аммардың анасы Сумайя мен әкесі Ясир (р.а): «Алладан басқа тәңір жоқ,»–деп, айтқандарынан қайтпайды. Содан мүшріктер Сумайя мен Ясирді (р.а) жауыздықпен шәхит етеді. Бұл оқиға ислам тарихында алғаш шәхит болған әйел мен ер сахаба ретінде есімдері алтын әріппен жазылып қалады. Әке-шешесі көз алдында өлтірілген соң Аммар (р.а) шарасыздықтан: «Менің құдайым Лат, Манат, Узза,»–деп айтып, аман қалады. Содан пайғамбарымыздың (с.а.с) құзырына барады да: «Мен құрыдым, біттім, Алла мені кешірмейді,» деп өкініш сезімін айтып, басынан өткен оқиғаны айтып береді. Хазіреті Пайғамбарымыз (с.а.с) оған: «Сен сол сөзді айтқанда шын жүрегіңмен айттың ба, әлде жүрегіңде иманың бар ма еді?»–деп сұрайды. Аммар (р.а) Ол кезде менің жүрегім иманға толы еді, бірақ мен жанымды құтқару үшін олардың айтқандарын істедім,»–деп жауап береді. Осы оқиғадан кейін Алла Тағала мына аятты түсіреді де, Аммардың кәпір болмағанын, керісінше мүмін екендігін баян етеді: «Жүрегі иманнан орныққаннан кейін зорлық көрген біреуден басқа біреу; иман келтіргеннен кейін Аллаға қарсы келсе, сондай-ақ біреу көңілін имансыздыққа берсе, оған Алланың ашуы және оларға зор азап бар,» (16.Нахл 106)

б)Сенгенін тілімен айту (иқрар)

Иман жүрекпен бекітілген соң, оны тілмен айту керек. Тілмен айтылмаған жағдайда ол адамның кім екендігі белгісізболғандықтан, шариғаттың бұйырған көптеген амалдарын ол кісі үшін жасай алмаймыз. Мыссалы, қарапайым сәлем беру әдетін мұсылман екендігі белгісіз болған кісіге берілмейді. Өйткені «әс-сәләму алайкум» деп мұсылман бауырыңыздың амандығын тілеген боласыз. Мұсылман емес кісіге «әс-сәләму алайкум» деп айтылмайды (дұрысы олар сізге не тілесе, сіз де өзіне соны тілейсіз).  Осы тектес көптеген мысалдарды келтіруге болады.

Адамның жүрегінде не бар екенін тек Алла біледі. Бірағ Алла Тағала Құранда: «Аллаға (иман еттік) және бізге түсірілген нәрселерге иман еттік деп айтыңдар...» (2.Бақара 136) деп иман еткенімізді тілмен айтуымызды бұйырады.

Иман етуде тілмен айтудың қаншалықты маңызды екенін Пайғамбарымыздың (с.а.с) мына хадистерінен де байқауға болады: «Адамдар: «Алладан басқа тәңір жоқ, Мұхаммед Оның елшісі» деп айтқанға дейін олармен соғысуға бұйырылдым. Қашан осы сөзді айтатын болса, жаны мен малын менен құтқарған болады. Бірақ діни жазалар бұдан басқа. Ішкі жан дүниесінің есебі Аллаға қалады.» (Бухари «Жихад 102; Иман 17»; Муслим «Иман 8»; Абу Дауд «Жихад 104»)

«Жүрегінде бидайдай, арпадай иманы болып: «Алладан басқа тәңір жоқ, Мұхаммед Оның елшісі» деген адам жаханнамнан шығады.» (Бухари «Иман 33»; Тирмизи «Жаханнам9»; Ибн Мажа «Зухд 37»)

Имам Ағзам Абу Ханифа (р.а) «Фиқхул-Акбарда»: «Иман–тілмен иқрар айту, жүрекпен тасдиқ (қуаттау)» деп түйіндеді.

Иманды жүрегімен қуаттамаған кісі, тілімен иман келтіретін болса, ондай кісі мунафық болады. Мұнафық дегеніміз–жүрегімен сенбестен, тек көзбояушылық ниетпен сырт көзге мұсылман болып көрінген екіжүзді кісі. Дегенмен бір адамды мұнафыққа жатқызу үшін алдымен оның бойында екіжүзділіктің нышандары бар ма, жоқ па соны айырып алу керек. Адам бойынан ондай қасиет байқалмайынша, оған  мұсылман ретінде қарым-қатынас жасау міндетіміз болып табылады. Ал, оның ақыреттегі есебі Алла Тағаланың құзіретіне қалады. Егер пенде мунафықтық ниетпен иман еткен болса, мәңгілік тозақта қалары сөзсіз. Құранда жүрекмен сенбестен, жәй тілімен иман еткендерді мүмин демейді: «Адамдардың кейбіреуі екіжүзді (мунафықтар): «Аллаға, ақырет күніне иман еттік,»–деп айтады. Бірақ олар иман етушілерден емес.» (2.Бақара 8)

 

Бөлісу: