23
Сенбі,
Қараша

һижри

Жұма намазы не үшін оқылады?

Жұма намазы не үшін оқылады?

Намаз

Күндердiң ең ұлығы – жұма. «Жұма» сөзі жинау, бас қосу деген мағыналарды береді. Мұсылмандар бұл күнді қуанышпен қарсы алып, мешіттерде жиналады, үгіт-насихат, уағыз тыңдап, жұма намазын оқиды.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Жұма – күн шуағы шашыл-ған күндердiң ең жақсысы. Адам (ғ.с.) жұма күнi жаратылған, жұма күнi пейiшке кiрген, жұма күнi пейіштен шығарылған. Қиямет күні де жұма күнi болмақ»,– деп хабар береді (Муслим жеткізген).

Шынында, жұма күні Алла Тағала адамзаттың атасы Адамды (ғ.с.) жаратты. Жұма күні Адам (ғ.с.) жұмаққа кірді. Осы күні Адам (ғ.с.) жұмақтан шығарылып, жерге түсірілді. Бұл оқиғалардың бәрі діни кітаптарда кеңінен баяндалған. Адам (ғ.с.) жұмақта жеме деген нәрсені жеп, күнә жасады. (Күнәнің негізі – Алланың бұйырғанын істемеу). Алла Тағала оған басқаша жаза белгілеуі де мүмкін еді. Алла Тағала оны жерге түсіріп, халифа етіп қойды. Бұл – үлкен нығмет, құрмет, әрі қуаныш емес пе?! Міне, осы оқиғаларды еске алып, жұма күндері мешіттерде жиналып, Аллаға шүкір айту, дұға оқу – мұсылмандарға қарыз, әрі парыз.

Қасиетті күнде атқарылатын ғибадаттың басқа күндердегіден сауабы мол. Сондықтан, жүрегінде иманы бар мұсылман жұма күннің қадір-қасиетін жақсы біледі, әрі бұл күнді Жаратушы Иеміздің разылығына кенелу үшін Жаратқанның әміріне сай ерекше өткізуге әрекет етеді. Алла Тағала иманды құлдарына: «Ей, мүминдер! Жұма күнi жұма намазына азан шақырылса, Алланы еске алуға (намазға) асығыңдар да, сауданы тоқтата тұрыңдар. Біле-білсеңдер, сендер үшін осы жақсы» («Жұма» сүресi, 9-аят),– деп бұйырады.

Бір жұмада Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жұма намазының хұтбасын оқып тұр еді. Сол сәтте алыс сапардан қалаға сауда керуені кіріп келді. Мешітте отырған мұсылмандардың кейбіреулері орындарынан тұра ұмтылып, керуенді қарсы алуға шығып кетті. Алла Тағала Пайғамбарымызға (с.ғ.с.):

«(Ей, Мұхаммед!) Бірер кәсіпті немесе тамашаны көре қалса, олар сені тік тұрып (хұтпа оқыған) бетінде тастап, саудасына жүгіріп кете береді. Сен айт: «Тамашадан да, саудадан да Алланың қарамағындағы сауап артық. Алла – ризық берушінің ең жақсысы» («Жұма» сүресi, 11-аят),– деп хабар берді.

«Жамағат болып жұма намаз оқу – әрбір мұсылман үшін парыз. Бұл үкім төрт адамға жүрмейді. Олар: құл, әйел, сәби және науқас адамдар»,– деді (Әбу Дәуд пен Бәйһақи жеткізген).

Балиғат жасына жеткен, ақыл-есі дұрыс, жүрегінде иманы бар әрбір мұсылманға жұма намазын оқу – парыз.

Жұма күнiнiң мархаматын, сауабын iздемеген кiсi көп жақсылықтан мақрұм қалады. Жүрегі қатып, мейір-шапағат пен қайырымдылық сияқты ізгіліктер өшеді. Соңында иманына қауіп төніп, жападан жалғыз қалып, бейшара күйге түседі. Шайтан мен нәпсі үлкен, әрі қауіпті сынақтар арқылы мұсылмандардың иман саламаттығына көп зиян келтіреді. Иманның әлсіздеуіне жол ашатын және оның күшейуіне кедергі жасайтын әртүрлі нәрселерден мұсылман адамның сақтанып жүргені абзал. Үнемі жұма намазына барып, уағыз-насихат тыңдап, ғибадатын атқаратын адам бұл секілді қауіптерден аулақ болады. Ал жұма намазына бармайтындардың жүректері қатып, қарая бастайды. Бұл – жүректегі иман нұрының сөніп бара жатқандығының дәлелі.

ummet.kz

Бөлісу: