23
Сенбі,
Қараша

һижри

Жұманың алғашқы төрт рәкағат сүннет намазының қандай дәлелі бар?

Жұманың алғашқы төрт рәкағат сүннет намазының қандай дәлелі бар?

Намаз

Ханафи, Шафиғи мәзһабтарында, сондай-ақ, Ханбали мәзһабындағы бір көзқарас бойынша, жұма парызының алдында төрт рәкағат сүннет намаз оқылады. Ал, Мәлики мәзһабында жұманың алдында бекітілген сүннет намаз болмағанымен, жалпы нәпіл намаз оқуға рұқсат бар. Жұма намазының алдында сүннет намаз бар дейтіндер, ең әуелі, жұма намазының бесін намаздың орнына жүретіндігін алға тартады.

Сондықтан, жұма намазындағы екі рет азан шақыру, хұтба оқу, парыз намазының төрт рәкағаттан екі рәкағатқа түсуі секілді арнайы шариғи дәлелдермен бекітілген ерекшеліктерінен бөлек өзге мәселелерде жұма намазы бесін намазы секілді оқылады. Имам әл-Бухари өзінің сахих хадистер жинағында «Жұма намазының соңындағы және алдындағы сүннет намаздар» деп арнайы тарау арнағанымен, жұма намазының соңғы сүннетіне байланысты хадисті ғана келтіріп, ал алдыңғы сүннеті жайлы ешқандай хадистен дәлел келтірмеген. Оның орнына бесін намазының алды мен соңында оқылатын сүннет намаздары жайлы айтып кеткен. Имам әл-Бухаридің бұлай етуінде жұма намазын бесін намазына «қияс», яғни салыстыруы жатыр. Яғни, бесін намазының алдында және соңында Дәлел-дәйектерімен намаз оқу үлгісі 125 сүннет намаздары болатыны секілді жұма намазының парызының да алдында және соңында сүннет намазы оқылатыны айтылған. Имам ән-Нәуауи өзінің Мүслім сахихына қатысты жазған «әл-Минһаж» атты түсіндірмесінде: «бесіннің алдында оқылатын сүннет намазды жұманың алдында да оқу – сүннет», – деген. Әлиден (р.а.): «Алла елшісі (с.а.у.) жұманың алдында және соңында төрт рәкағаттан намаз оқитын еді» дегені риуаят етілген. Бұл риуаяттың тізбегіне Хафиз Зәйнуддин әл-Ирақи «жәййд», деп, оң баға берген. Сондай-ақ, Алла Елшісінің (с.а.у.) жанынан бір елі ажырамаған ғалым сахаба Ибн Мәсғұдтың жұма намазының алдында һәм соңында төрт рәкағат намаз оқығандығы сахих жолмен риуаят етілген.

Қадатадан (р.а.) «Абдуллаһ ибн Мәсғұд (р.а.) жұманың алдында төрт рәкағат және соңында төрт рәкағат намаз оқитын еді» дегені риуаят етілді. Ибн Хажар Асқалани бұл хабарды «сахих», деп, бағалаған. Тіпті, Әбдіразақтың мұсаннафында Ибн Масғұдтың жұманың алдында және соңынан төрт рәкағат сүннет намаз оқуды бұйыратындығы риуаят етілген. Ибн Масғұд Алла елшісінен (с.а.у.) жұма намазының алдында және соңында сүннет намаздар жайлы қандай да бір хадисті білгендігінен оқыған, деп, батыл топшалауымызға болады. Алла елшісінің ұдайы қасынан табылатын сахабаның жұма намазында оқылатын сүннет намаздарына қатысты әдетін Ибн Мүбарак, Сұфиянус-сәури сынды табиғиндер де ұстанған.

Нафиътан риуаят етілді. Ол былай деді: «Абдуллаһ ибн Омар жұма намазының алдында намазды созып оқитын. Ал, жұма намазынан кейін үйіне барып, екі рәкағат намаз оқитын еді. Және ол (ибн Омар) Алла елшісі де (с.а.у.) осылай істейтін еді, деп, айтатын». Имам Ән-Нәуауи өзінің «әл-Хұласасында» Әбу Дәуідте риуаят етілген бұл хадисті Бухаридің шартына сай «сахих», деп, бағалаған. Бұл риуаяттан жұма намазының алдында нәпіл немесе сүннет намазының оқылатынын аңғарамыз. Бухаридегі риуаятта Алла елшісі (са.у.): «Әрбір азан мен қаматтың арасында (сүннет) намаз оқылады», – деген. Басқа бір сахих хадисте: «Әрбір парыз намаздың алдында екі рәкағат намаз оқылады», – деп, айтылған. Ибн Хажар жұма намазының алдында оқылатын сүннет намазға қатысты осы хадисті дәлел ретінде келтірген. Ендеше, жұма намазының уақыты кіргеннен кейін Ханафи мен Шафиғи мәзһабындағыдай төрт немесе өзге кейбір мәзһабтағылардай екі рәкағат сүннет намаз оқып жатқан адамға «сенің мынауың бидғат», деп, қарсы шығу, әсте, дұрыс емес.

материал «Дәлел-дәйектерімен намаз оқу үлгісі » кітабынан алынды,

ummet.kz

 

Бөлісу: