23
Сенбі,
Қараша

һижри

Имамға ұйыған кісі де іштей Құран оқи ма?

Имамға ұйыған кісі де іштей Құран оқи ма?

Намаз

Имамға ұйыған кісі «сәнә», «тәшәһһуд» сынды дұғаларды ғана іштей айтып, «фатиха» мен қосымша сүрені оқымайды. Бұған Ханафи мәзһабынан өзге мәзһәб ғалымдары да келіседі. Айталық, Абдуллаһ ибн Уәһәб, Мәлики мәзһабы ғалымы Әшһәб және табиғин Ибн Мусәйяб, т.б.

Бұл мәселе төменде келтірілген Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадистерінде де айтылған. «Сахих Мүслімде» риуаят етілген хадисте сахаба Саид ибн Сәбиттен имамның артында қосылып қырағат ету жайында сұрағанда, Ол (р.а.): «Еш жерде имамның артында қырағат ету деген жоқ», – деп жауап берді. Сондай-ақ, «Сахих Мүслімде» келтірілген деректе Сахаба Имран ибн Хусайн былай дейді: «Пайғамбарымыз (с.а.у.) бізге бесінде ме, жоқ екінті де ме имам болып, намаз оқыды. Намаздан кейін бізге қарап: «Қайсысың артымда тұрып «Сәббихисма Раббикәл әълә» деген?» – деп, сұрады. Ұюшылардың бірі: «Мен едім, бірақ, жаман ойым болған жоқ», – деп, жауап берді. Сонда Пайғамбарымыз (өзгелердің имаммен қоса жармасып оқып тұруын дұрыс көрмей): «Қайсысы менімен жарысып тұрған деп ойлап қалдым», – дейді.

Хадисші Тирмизидің кітабында «сахих жолмен» жеткен бір риуаятта сахаба Жәбир ибн Абдулланың мына сөзі келтірілген. Ол (р.а.) былай дейді: «Кім де кім бір рәкәғаттың өзінде Фатиха сүресін оқымаса, намазы жоққа есеп. Тек Имамның артында тұрса, оның жөні басқа». (Хадис Хасан және Сахих). Дарақұтнидің «Сүнәнындағы» сахаба Әбу Дәрданың мына сөзі риуаят етіледі: «Бір кісі Пайғамбарымыздан: "Барлық намазда қырағат етіле ме? – деп сұрағанда, Алла елшісі: “Иә” - деп жауап береді. Сонда жаңағы кісі: «бұл маған міндет болды» дейді. (Әбу Дарда айтады) Сол кезде басқалардан гөрі мен Пайғамбарымызға ең жақынырақ тұр едім, Ол (с.а.у.) маған бұрылып:"Алайда намазда имам болып тұрған имамның оқығаны жамағатқа жеткілікті", – деген еді». Имам Мәліктің «Әл-Муатта» атты хадис кітабындағы риуаятта: Сахаба Абдулла ибн Омардан (р.а.) «Имамның артында тұрған адам қырағат ете ме?», – деп сұрағанда Ол (р.а.): «Кім де кім имамға ұйып намаз оқыса, имамның қырағат етуі жеткілікті. Ал, оңаша оқыған кезде қырағат етсін», – деп, жауап берген.

Әрі қарай хадисті риуаят етуші кісі сөзін былай жалғастырады: «Сахаба Абдулла ибн Омар имамның артында тұрғанда қырағат етпейтін». Жоғарыда келтірілген хадистердің барлығы имамға ұйыған кісі Фатиха мен қосымша сүрені оқымайтындығына дәлел бола алады. Кей ғалымдар сахаба Әбу Һұрайра мен Айша (Оларға Алла разы болсын) анамыздан риуаят етілген: «Фатиха» сүресі оқылмаған намаз толық емес» деген хадиске сүйеніп, имамның артындағы жамағат та оқуы керек дегенді алға тартады. Алайда, аталмыш хадис оған дәлел бола алмайды. Өйткені, Пайғамбарымыз (с.а.у.) бұл өсиетін намазды оңаша оқитындарға қаратып айтқан болуы мүмкін. Бұлай деуіміздің себебі Сахаба Жәбірден (р.а.) риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Кім имамға ұйыған болса, имамның қырағат етуі оның да қырағаты болып есептеледі», – деген.

Әнас ибн Сириннің риуаяты бойынша, Омар ибн Хаттаб: «Саған имамның оқуы жеткілікті», – деген. Бұнымен қатар, «Фатиха» оқымаған адамның намазы жоқ» деген хадиске Имам Ахмад ибн Ханбал: «Бұл хадис өз бетінше оңаша оқитындарға қатысты айтылған», – деп түсіндірме жасағанын қаперге салғымыз келеді. Осы жерде ескерте кетелік, кешігіп келіп имамға ұйыған адам имам сәлем бергеннен кейін орнынан тұрып, «Фатиха» және зам (қосымша) сүрелерін оқиды. Өйткені, ол өз бетінше оқитындардың қатарынан саналады.

материал “Дәлел-дәйектерімен намаз оқу үлгісі” кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: