22
Жұма,
Қараша

һижри

Ханафи мәзһабында намаз отырысында саусақ көтеру харам ба?

Ханафи мәзһабында намаз отырысында саусақ көтеру харам ба?

Намаз

Кейбір Ханафи фиқһ кітаптарында «аттахияту» дұғасын оқығанда сұқ саусақ көтерілмейді десе, кейбір ханафи кітаптарында сұқ саусақты көтеруді «мұстахаб» санаған. Ең дұрысы да осы. Өйткені, сахих хадистерде Пайғамбарымыздың аттахияту отырысында сұқ саусағын көтергендігі айтылады.

Бұл жайында сахаба Абдулла ибн Омар (р.а.) былай деген:

«Алла елшісі (с.а.у.) намаз отырысында оң қолының алақанын оң санына қоятын да саусақтарын жұмып, бас бармақтан кейінгі саусақты (сұқ саусақты) көтеретін. Ал, сол қолының алақанын сол аяғының санына қоятын» (Сахих Мүслім - №580).

Аталмыш хадистің басқа нұсқасында "...елу үш саны тəріздес түйіп*, сұқ саусағын көтерді..." - делінген (Сахих Мүслім - №1338).

(*"Елу үш саны тəріздес" - ол, сұқ саусақты шошайтар кезінде шынашақ, аты жоқ жəне ортаңғы саусақты жұмып, одан соң бас бармақтың басын ортаңғы саусақтың ортаңғы буынына басу болып табылады). 

Ханафи ғұламасы Ибн Ғабидин (м.1784-1836 ж) аталмыш мәселеге қатысты жазған ауқымды мақаласында: «Ханафи кітаптарында екі түрлі сөз айтылады. Біріншісі, мүлдем сұқ саусақты шошайтпайды делінсе, екіншісі, сұқ саусақты шошайтып, қалған саусақтарды түйеді делінеді» - дейді де әрі қарай Ханафи мәзхабы бойынша оның жасалу жолын түсіндіреді: 

«Сұқ саусағын шошайтқанда шынашақ пен аты жоқты түйіп, ортаңғы саусақты бас бармақпен (ұштастырып) шеңберлейді. Сосын сұқ саусақты көтереді... Оның бұлай жасалу жолы – Имам Мұхаммедтен (р.а.) жеткен. Әрі Имам Әбу Юсуфтан да осындай мәлімет бар...».   

Басқа бір Ханафи ғалымы Мулла Алиюль Қари (ө.ж.м.1606 ж.) осы тақырыпты кең түрде жан-жақты зерттей келе соңында: «Ең дұрысы - сұқ саусақты шошайтудың бар екендігі. Ал, «саусақ көтерілмейді» деген пікір алынбайды», - деп қорытындылаған.  

Ендеше, Ханафи мәзхабында да «тәшәһһуд» отырысында сұқ саусақты көтеру дұрыс әрекет болып саналады*. Ал оны харам деу – бекер сөз.  

*(Аттахияту дұғасын оқу барысында "әшһәду әллә иләһә" деген жеріне келгенде шынашақ пен аты жоқты түйіп, ортаңғы саусақты бас бармақпен (ұштастырып) шеңберлеп, сұқ саусақты көтереді де "иллалЛаһ" дегенде түсіреді).

Сөзімізді Мулла Алиюль Қаридің сөзімен аяқтайық. Жаңа айтып өткеніміздей, ардақты ғалым осы тақырып төңірегінде зерттеп-зерделеп жазған жазбасында аттахияту отырысында сұқ саусақты шошайтуды харам деп жүргендерге қарасты былай деп өтеді:

«Намазда сұқ саусақты көтеруді харам әрекеттерден санап жүргендер бар. Олардың мұнысы – шеттен шықандық болып табылады. Бұлай деу өте үлкен қателік... Мүмін-мұсылман адам Пайғамбарымыздан мүтәуәтір деуге тұрарлық жолмен мәлім болған нәрсені харам дей ала ма?...» (Ибн Ғабидин: «Рафъут тәрәддуд фи ъақдиль асабиъи ъиндат тәшәһһуд»).

материал «Заман тудырған сұрақтар, ІІ том» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: