22
Жұма,
Қараша

һижри

Сәждеге барғанда бірінші мұрын тию керек пе, маңдай ма?

Сәждеге барғанда бірінші мұрын тию керек пе, маңдай ма?

Намаз

Намазда саждеге барғанда бірінші мұрын тию керек пе немесе маңдай ма? 

Пайғамбарымыз (с.а.у.) сәжде жасайтын кезде жерге тиюі керек ағзаларды былай деп сайып өткен: «Мен жеті сүйекпен сәжде етуге бұйырылдым: маңдай (осы арада қолымен мұрнын да көрсетті) екі қол, екі тізе және екі аяқ ұшы», – делінеді риуаятта (Имам Бұхари: «Сахих Бұхари»).

Сәждеге барарда бірінші тізе, сосын қол, одан кейін мұрын, соңында маңдай тиеді (Алләма АбдульХаий әл-Ләкнәуи: «Шархуль Һидая» – 1 том. 328 бет. «Идаратуль Құрани уәль Улумиль Исламия». Карачи-Пакистан. Хижри 1417 ж). Сәждеден бас көтергенде бірінші маңдай, одан соң мұрын, кейін қол, соңында тізе көтеріледі.  

Сәжде жасағанда маңдайды жерге тигізу – парыз, ал маңдаймен бірге мұрынды (мұрын сүйегін) тигізу  – уәжіп. Маңдайды ғана тигізсе, намаз дұрыс. Ал тек мұрынды ғана тигізіп, маңдайды қоймаса Әбу Ханифа бойынша сәжде саналады, алайда Имам Юсуф пен Имам Мұхаммед тек мұрынды қойса, сәжде саналмайды деген, бірақ жарақат себепті болса, ол басқа. (Әли ибн Әбу Бәкір әл-Марғинәний: «әл-Һидая» – Китабус сала. Бабус сыйфатис саләһ). Пәтуа қос имамның тұжырымына негізделген (Алләма АбдульХаий әл-Ләкнәуи: «Шархуль Һидая» – 1 том. 328 бет. «Идаратуль Құрани уәль Улумиль Исламия». Карачи-Пакистан. Хижри 1417 ж).

Ендеше, сәждеге барғанда маңдаймен қоса мұрынды да тигізесіз, маңдайдың өзін ғана тигізсеңіз де сәжде саналады, бірақ мәкруһ болмақ, ал үзірсіз тек мұрынды ғана тигізсеңіз, сәжде саналмайды. Алайда маңдайда жарақат болып, жерге тигізуге қиынсынсаңыз, тек мұрынды ғана жерге қоюға болады.

материал «Заман тудырған сұрақтар, ІІ том» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: