22
Жұма,
Қараша

һижри

Намаздағы әйелдер мен еркектердің арасындағы 10 айырмашылық

Намаздағы әйелдер мен еркектердің арасындағы 10 айырмашылық

Намаз

Ер кісілер мен әйел кісілердің арасында намаздағы айырмашылықтар төмендегідей:

1. Ер кісілер «ифтитәх тәкбірінде» қолдарын құлақ тұсына көтерсе, әйел кісілер көкірек тұсына көтереді.

2. Ер кісілер қолдарын кіндіктен төмен ұстаса, әйел кісілер қолдарын кіндіктен жоғары – көкірек тұсына қояды. Білезіктерін ерлер сияқты қапсыра ұстамайды.

3. Ер кісілер рүкүғ пен сәждеде қолтықтарын қыспай, ашық ұстайды. Әйел кісілер жабық ұстайды. Сәждеде  шынтақтарын өкпе тұсына тақайды.

4. Ер кісілер рүкүғқа барғанда саусақ арасын ашып, қолын тізесіне қойса, әйел кісілер рүкүғқа барғанда саусақ ұштарын тізеге дейін жеткізіп, қолдарын санына қояды, саусақ араларын ашпайды.

5. Сәжде жасағанда ер кісілердің іш пен сан арасы ашық болуы тиіс. Әйелдерде болса, сәждеде іштің санға тигені абзал.

6. Ер кісілер сәждеге барғанда білектерін жерге төсемей, жоғары ұстайды. Әйел кісілер білектерін жерге төсейді.  

7. Ер кісілер «әттәхият» отырысына отырғанда сол аяқты жамбасына төсеп отырып, оң аяғының башпайларын құбылаға қарата қайырып, өкшелерін жоғары көтереді. Әйел кісілер тәшәһһуд отырысында сол жағына жамбастай отырып, екі аяғын оң жаққа жібереді.

8. Азан шақырып, қамат түсіру – ер кісілер үшін сүннет. Ал, әйел кісілерге ол екеуі сүннет емес.

9. Ер кісілер әйел адамдарға намазда имам бола алады. Әйел кісілер ер кісілерге имам бола алмайды.

10. Ер кісі имам болғанда жамағаттың алдында, ал жамағат оның артында тұрады. Әйел адам әйелдерге имамдық ететін болса, алға шықпай орталарында тұрады (Әбул Хасан әс-Сүғди: Ән-Нәтфу филь Фәтәуә. 71-72 беттер). Дәл қатарласпай, өкшесі арттағылардың өкшесінен аз ілгері тұрады.

материал «Заман тудырған сұрақтар, І том» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: