06
Дүйсенбі,
Мамыр

һижри

Құтба оқылу кезінде «сәлем» намазын оқу мәселесі

Құтба оқылу кезінде «сәлем» намазын оқу мәселесі

Намаз

Жұма күні имам құтба оқып тұрғанда кейбіреулер сәлем намазын оқып жатады. Оларға «сен неге олай істейсің, құтба тыңдау уәжіп қой, неге сәлем намаз оқисың» десең, хадисте «имам құтба оқып тұрса да, сәлем намазын оқы» деп бұйырған деп, жеңістік бермейді. Сонда қалай, құтба тыңдау уәжіп болса, олардың айтып тұрғандары не?

Ханафи мәзһабы мен Мәлики мәзһабында имам құтба оқып жатқанда сәлем намазын оқуға тыйым салынады. Сіз сұрап отырған хадис сахаба Жәбир ибн Абдилладан (Алла разы болсын) жеткен. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) құтба оқып тұрғанда Сүләйк ибн Ъамр әл-Ғатафани деген кісі кіріп келеді. Алла елшісі (с.ғ.с) одан: «Намаз оқыдың ба?» – деп сұрайды. Әлгі кісі оқымағанын айтады. Сонда Алла елшісі (с.ғ.с): «Тұр да, екі рәкағат намаз оқы!» – дейді (Бухари). Алайда бұл хадис «имам құтба оқып жатқанда, кешігіп келген кісінің екі рәкағат сәлем намазын оқуына болады» дегенге дәлел бола алмайды. Бұның бірнеше себебі бар: Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) бұл әмірі тек әлгі Сүләйк ибн Ъамр әл-Ғатафани деген кісіге ғана қатысты айтылған. Хадисші Даруқутнидің хадистер жинағында келтірілген бір риуаятта жоғарыда аты аталған сахаба жөнінде Жәбир ибн Абдилла (Алла разы болсын) былай дейді: «Жұма күні Сүләйк әл-Ғатафани кіріп келді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) оған: «Екі рәкағат намаз оқы және мұндайды (намаз оқуды кейін) қайталама!» – деді», – дейді.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) әлгі сахабаға тек сол кезде ғана екі рәкағат намаз оқуын айтып, кейіннен имам құтба оқып тұрғанда осылайша намаз оқуды қайталамауын әмір етіп тұр деуге болады. Бұған қоса, Сүләйктің намазы құтба оқылып жатқан сәтте болмаған. Өйткені мешітке кешігіп келген Сүләйк әл-Ғатафаниді көрген Алла елшісі (с.ғ.с) оқып жатқан құтбасын үзеді де, оған намаз оқуын бұйырады. Ол намаз оқып болғанша Пайғамбарымыз (с.ғ.с) құтбасын жалғастырмай кідіреді. Әлгі сахаба намазын бітіргеннен кейін барып оқып жатқан құтбасын жалғастырған. Құтба оқылып жатқанда ешбір намаз оқылмайды. Себебі жұмаға келген барлық жамағатқа құтбаны тыңдау міндет. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) құтбасын үзуінің де мәні осында. Қазіргі таңда он мыңдаған адам жұма намазына келетіні мәлім. Имам оның әрқайсысына алақтап, оқып жатқан құтбасын үзуі мүмкін емес. Сондықтан кешігіп келушілер құтба оқылып жатқанда ешбір намаз оқымастан тыңдаулары тиіс.

​​Сүләйк намазын құтба оқылу барысында оқымағанына тағы бір дәлел «Сахих Муслим» хадистер жинағында келтіріледі. Ондағы риуаятта сахаба Жәбир ибн Абдилла (Алла разы болсын) былай деген: «Сүләйк әл-Ғатафани жұма күні (мешітке) келді. Алла елшісі (с.ғ.с) мінберде отырған еді. Намаз оқымай отырған Сүләйктен Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Намаз оқыдың ба?» – деп сұрайды. Әлгі кісі оқымағанын айтады. Сонда Алла елшісі (с.ғ.с): «Тұр да, екі рәкағат намаз оқы!» – дейді. Сүләйк әл-Ғатафани кіргенде ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с) мінберде отырған еді. Ал мінберде отырған кісі кұтба оқымайды. Демек, әлгі сахабаның намазы құтба оқылмай жатқанда болған. Ал құтба оқылмай жатқанда намаз оқуға болатыны бәріне мәлім. Сондай-ақ Әбу Дәуіттің хадистер жинағында мынадай риуаят келтірілген: «Алла елшісі (с.ғ.с) құтба оқып тұрғанда бір кісі кіріп келіп, қатар отырғандардың арасын бөліп-жарып аттап өтпекші болады. Алла елшісі (с.ғ.с) ол кісіге: «Отыр! Шындығында, сен кешіктің!» – дейді. Осы хадисте ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с) құтба оқу барысында кешігіп келген кісіге сәлем намазын оқуын бұйырмастан, отыруды әмір еткен. Ендеше, имам құтба оқып жатқан шақта мешітке келген кісі ешбір намаз оқымастан, отырып құтбаны тыңдауы тиіс. Құтба барысында сәлем намазы оқылу керек дейтіндердің көлденең тартқан тағы бір хадисте: «Кімде-кім имам құтба оқып жатқанда жұмаға келген болса, екі рәкағат намаз оқысын. Ол екеуін қысқа, шапшаң оқысын», – делінеді. Бірақ бұл да дәлел бола алмайды. Себебі оның үкімі жойылған. Дәлірек айтқанда, бұл хадис құтба кезінде сөйлеуді немесе намаз оқуды тыймай тұрып айтылған дүние.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Жұма күні имам құтба оқып тұрғанда сөйлеп отырған адамға «тыныш» деген адамның өзі артық сөйлеген болады. Ал көп сөздінің намазы жоққа есеп», – деген бұйрығынан кейін әлгі хадистің үкімі жойылды. Бұнымен қатар Құрандағы: «Қашан сендерге Құран оқылса, үндемей оны тыңдаңдар!» – деген аят та құтбаны тыңдау жайында түскендігі деректерде айтылады. Сондықтан әлгіндей хадисті арқау етіп имам құтба оқып жатқанда сәлем намазын оқимын деу – Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сүннетіне қайшы. Оның үстіне, оқылып жатқан құтбаны тыңдау – уәжіп, ал сәлем намазын оқу – мұстахаб. Уәжіпті орындау мұстахаб амалды орындаудан бұрын келетіні анық.

материал «Заман тудырған сұрақтар»» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: