19
Жексенбі,
Мамыр

һижри

Тәспих-зікірді сүннет намазынан кейін тарту қате ме?

Тәспих-зікірді сүннет намазынан кейін тарту қате ме?

Намаз

Жалпы, парыз намаздардан кейін зікір айтып, дұға жасау – сүннет. Алла елшісінің (с.а.у.) бұған қатысты сахих хадистері жеткілікті.

Мысалы, Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен Мүслімдегі риуаятта Алла елшісі былай дейді: «Кім де кім әрбір намаздан кейін 33 рет «Сұбханаллаһ», 33 рет «Алхамдулиллаһ», 33 рет «Аллаһу әкбар» десе, бәрін қосқанда тоқсан тоғыз болады, ал жүзіншісінде «Лә иләәһа иллал-лаһу уахдаһу лә шариика ләһ, ләһулмулку уә ләһул-хамду уа һуа алаа кулли шаийн қадиир», деп, айтса, теңіз толқынының көбігіндей күнәсі болса да, кешіріледі». Басқа бір риуаятта: «Кім де кім парыз намаздарының артынан «Аятүл күрсіні» оқитын болса, келесі намазға дейін оны Алла қорғайтын болады», – деп, айтылған.

Сондай-ақ, басқа бір хадисте Ғұқба ибн Амр былай дейді: «Алла елшісі (с.а.у) әрбір намаздан кейін «Фалақ» пен «Нас» сүрелерін оқуымды бұйырды». Жоғарыдағы риуаяттардан байқағанымыздай, намаздан кейін зікір тартып, дұға тілеу – Алла елшісінің (с.а.у.) маңызды сүннеті. Ал, бұл айтылғандардың намаз парызынан кейін немесе соңғы сүннеттен соң орындалатындығына қатысты мәзһаб ғұламалары арасында екі түрлі көзқарас бар. Алла елшісінің (с.а.у.) зікір мен дұға етуді білдірген кейбір хадистеріндегі «парыз намаздан кейін» деген сөзді негізге алған ханафиден өзге мәзһабтарда парыз намаздан кейін дереу зікір мен дұға айтылады.

Ал, ханафи мәзһабының ғұламалары Мүслімдегі Айша (р.а.) анамыздан риуаят етілген: «Алла елшісі (с.а.у.) намазда сәлем бергеннен кейін (шамамен) тек «Аллаһумма әнтассалаам уа минкәс-сәлаам, тәбааракта иа зәл-жәлаали уал-икраам» дейтіндей уақыт қана отыратын» деген хадисті, сондай-ақ сахихул-Бұхариде Умму Салама (р.а.) анамыздан жеткені: «Алла елшісі (с.а.у.) намазда сәлем бергеннен кейін әйелдер тұрып кететін. Ал, өзі аз ғана кідірістен кейін ғана орнынан тұратын» сынды хадистерге қайшы келмеу жағын ескеріп, зікір мен дұғаны дереу парыздан кейін емес, ақырғы сүннеттен кейін жасау қажет деген тұжырымға тоқтаған. Себебі, зікір мен дұғаны парыздан кейін дереу айтылатын болса, жоғарыда Айша анамыздан риуаят етілген хадиске қайшы болмақ. Яғни, намаздан кейін айту – сүннет. «Аятул күрсіні» немесе «Фалақ» пен «Нас» сүрелерін оқу, 33 рет «сұбханаллаһ», 33 рет «Алхамдулиллаһ», 33 рет «Аллаһу әкбар» және «Лә иләәһа иллаллаһу уахдаһу лә шариика ләһ, ләһулмулку уә ләһул-хамду уа һуа алаа кулли шәйн қадиир» сынды дұғаларды айту «Аллаһумма антас-салаам уа минкас-салаам, тәбааракта иа зәл-жәлаали уал-икраам» дейтіндей мезгілден көп уақытты алатындығы сөзсіз. Ал, Алла елшісі, Айша анамыз жеткізгендей, парыз намазынан кейін шамамен тек «Аллаһумма әнтас-салаам уа минкәс-сәлаам, тәбааракта иа зәл-жәлаали уал-икраам» дейтіндей уақыт қана отыратын. Ендеше, Алла елшісі соңғы сүннеті бар парыз намаздарынан кейін «Аллаһумма әнтас-салаам уа минкәссәлаам, тәбааракта иа зәл-жәлаали уал-икраам» дұғаларына шамалас қысқа зікірлерді айтқаннан кейін орнынан тұратын да мешіттің бір бұрышындағы бөлмесіне барып, намаздың соңғы сүннетін сонда оқитын.

Артынан жоғарыда келтірілген, айтылуы ұзақ уақыт алатын зікір, дұғаларды оқитын. Ал, соңғы сүннеті жоқ «таң» мен «екінті» намаздарында Алла елшісі (с.а.у.) намаз оқып бола салысымен зікір айтып, дұға ететін. Алла елшісінің: «Кім де кім таң намазын жамағатпен оқығаннан кейін күн шыққанша Алланы зікір етіп отыратын болса, содан кейін екі рәкағат намаз оқыса, толық қажылық пен ұмраның сауабын алады. Толық, толық, толық», – деген хадисі осы айтқанымызды нақтылай түспек. Тарқатып түсіндірер болсақ, «Алла елшісі (с.а.у.) намазда сәлем бергеннен кейін тек «Аллаһумма әнтассалаам уа минкәс-сәлаам, тәбааракта иа зәл-жәлаали уал-икраам» дейтіндей уақыт қана отыратын», деп, келетін хадис ақырғы сүннеті бар парыз намаздарына байланысты айтылған, ал парыздан кейін сүннеті жоқ «таң» мен «екінті» намазына мұның қатысы жоқ.

Яғни, «Аятул күрсіні» және 33 рет «Сұбханаллаһ», 33 рет «Алхамдулиллаһ», 33 рет «Аллаһу әкбар», «Лә иләәһа иллаллаһу уахдаһу лә шариика ләһ, ләһул-мулку уә ләһулхамду уа һуа алаа кулли шаийн қадиир» сынды айтылуы ұзақ уақыт алатын зікір, дұғалардың «парыз намазынан» кейін айтылатындығын білдіріп келген кейбір риуаяттарды ханафи ғұламалары соңғы сүннеті жоқ парыз намаздардан кейін, деп, түсінген.

Сондай-ақ, хадистердегі «парыз намазынан кейін» деген сөз тіркесі зікір мен дұғаның міндетті түрде парыз намаздан кейін айтылады, деп, жаңсақ ұқпау керек. Себебі, парыз намаздардың бекітілген сүннеттері сол намаздардың маңызды бөлігіне жатады. Себебі, бұл сүннет намаздар «тәһажжүд», «сәске» намаздары секілді мақсаты өз алдына бөлек намаз емес, парыздардың алдында немесе артында бірге орындалады. Мысалы, «бес уақыт намазымды оқыдым» деген кезде, әдетте парыз намазбен қатар сүннеттерін де оқылғандығы білдіріледі.

Міне, сондықтан хадистердегі айтылуы ұзақ уақыт алатын дұғалардың «парыз намазынан кейін» оқылады дегенін ханафи ғалымдары сүннетімен бірге парыз намазынан кейін, деп, түсінген. Бұл жайлы ханафи ғалымы ибн Ъабидин «Раддулмұхтарда» былай дейді: «Зікірлердің парыз намаздың артынан айтылатындығына байланысты жеткен хадистер олардың сүннет намазынан бұрын емес, керісінше соңғы сүннеттен кейін орындалатындығын білдіреді. Себебі, сүннет намаздар парыз намаздың ажырамас бір бөлігі һәм толықтырушысы. Сондықтан, парыз намаздың соңғы сүннетінен кейін орындалған зікір, дұғалар да парыз намазынан кейін орындалған болып саналады».

Сонымен қатар, ханафи ғалымдары ізгі амалдардың артынан айтылатын дұға-тілектерің қабыл болу мүмкіндігінің жоғары екенін ескере отырып, парыз намазды соңғы сүннетімен бірге орындағаннан кейін барып қана дұға-тілектің айтылғанын құп көрген. Себебі, парыз бен соңғы сүннет қоса атқарылғанда олардың маңызы арта түседі.

материал «Дәлел-дәйектермен намаз оқу үлгісі» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: