06
Дүйсенбі,
Мамыр

һижри

Түнгі намаз оқығандардың жүздері неге нұрлы болады?

Түнгі намаз оқығандардың жүздері неге нұрлы болады?

Намаз

Түннің тыныш әрі әдемі көрінісінің тартымдылығы мен сырлары, түнді құлшылық ете отырып, терең ойға шомылып өткізгендерге тән.

Осы сырға ие болған құлдардың жан дүниелері ұлы ерекшеліктермен жер мен көктей кеңейіп, талай иләһи көріністерге алаң болады да, мағрифатуллаһ киіміне бүркенеді.

Хазіреті Хасан Басриден (р.а) сұрады: «Түнгі намаз оқығандардың жүздері неге әдемі, неге нұрлы болады?»

Ол: «Олар Рахман болған Алламен оңаша қалған...» - деп, жауап берді. Осы оңаша қалудың арқасында ғашықтар түннің қалай өткендігін сезбей, керісінше, сағыныш пен махаббаттары көбейіп, таңды атырады.

Хазіреті Уәйсәл Қарани ешқандай ұйықтамайтын. Түндерін үшке бөлген. Бір түнін қиям, екінші түнін рүкуғ, үшінші түнін де сәжде етіп, таңды атыратын. Одан: «Әй, Уәйсәл, түнді бір қал бойынша қалай өткізесің, мысалы, сәждеде таң атқанша қалай тұра аласың?» - деп сұралды. Ол: «Өздерің де білесіңдер ғой! Сәждеде үш рет «субхана раббиал ағла» деп айту – сүннет. Мен әлі бір рет айтқанымша таң атып кетеді!..» деген екен.

Қадірменді ұстазымыз Мұса мырза (құддисә сирруһ) өзінің көркем жетекшісі, ұстазы болған Махмут Сами Рамазанұлының мағрифәтуллаһ пен құлшылық жолында үлгі аларлық жоғарғы дәрежедегі мінезі мен оның түнгі уақыттарын қалай өткізетіндігін былай айтып беретін:

«Қадірменді ұстазымыз Хазіреті Махмут Сами Рамазанұлы (құддисә сирруһ) жайдары болғанымен терең көңілі жабырқап, іштей көз жасын төгетін. Мұсылман үмметінің залымдардың зорлық-зомбылықтарынан құтылулары үшін жан-дүниесімен егіліп жылайтын. Күнәһарлардың жарылқанып, құтылулары үшін көз жасын бейне ішке төгетін. Құран Кәрім оқылғанда, жантәнімен тыңдайтын да, кейде көз жасы нұрлы жүзінен моншақтап төгілетін. Әсіресе Қажылық кезінде Мәдинә Мунәууара мен Мекке Мукәррәмға бара жатқанда көлік ішінде, достары ұйықтап жатқанда ай сәулесі астында көздерінен інжу-маржан тастары секілді дана – дана жас ағатыны байқалатын. Бейнелеп түсіндіру мүмкіншілігі болмаған бұл иләһи көрініс шешен ақындар мен жазушылар сүреттей алмайтындай керемет еді». Осы көріністерді жеткізген Мұса (құддисә сирруһ) Хазретінің өзі де дәл осындай халде еді. Әсіресе, түнгі құлшылықтарға деген ынтығы ғашықтың сүйгенімен кездесу сәтіне деген асығуы, сағынышы мен толқуының түсіндіруге сөз жетпес көрінісі ішінде болатын. Денсаулығы нашарлап ауырып қалған кезде де, осы халін сақтайтын, сөйтіп, үнемі иләһи сүйіспеншіліктің шыңында болатын. Сондай-ақ көзіне операция жасалып, наркоздан енді оянғанда, айналасындағылардан алғашқы сұрағаны:

– Сағат қанша болды? болды. Оған:

– Тақсыр! Сағат үш болып қалды, - дегенде: «Түнгі құлшылық өте маңызды, қалдыруға болмайды!» - деп жанындағылардың жәрдемімен тәйәммум алып, ауруына қарамастан, оны ұмытып, көңілін Раббысына сөз жетпейтін рухани ләззәт ішінде беріп, ишарамен екі рәкәт тәһәжжуд намазын оқып болған соң күнде істеп жүрген зікірін айтып тәспілерін тартқан еді. Бұл халімен бейне біздерге: «Қорқыныш һәм үмітпен Раббыларына жалбарынып, дұға қылу үшін олардың жамбастары төсектерінен ажырайды әрі біз берген несібеден (жақсылық үшін) сарып қылып тұрады» (Сәжде, 16) деген аятының сырын түсіндірген еді.

материал «Махаббаттағы сыр» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: