29
Дүйсенбі,
Сәуір

һижри

«Сендер рукуғқа барарда, одан тұрғанда қолдарыңды неге көтермейсіңдер?»

«Сендер рукуғқа барарда, одан тұрғанда қолдарыңды неге көтермейсіңдер?»

Намаз

«Әбу Ханифа мен әл-Әузағи Меккедегі Дәрул Хиннатин (Бидайшылар үйінде) кездесіп қалады.

Сонда Әузағи Әбу Ханифадан:

– Сендер рукуғқа бара жатқанда және одан тұрғанда қолдарыңды неліктен көтермейсіңдер? – деп сұрағанда, Әбу Ханифа:

– Себебі Пайғамбарымыздан (с.а.с.) намаз бастарда және рукуғқа бара жатқанда және тұрғанда қолын көтергендігі туралы хадис сахих емес, – деп жауап берді.

– Қалайша? Маған Зухри Салимнен, ол әкесінен (Абдулла ибн Омар): «Алла елшісі (с.с.с.) намазды бастарда, рукуғқа барғанда және қайтқанда қолын көтергендігін» риуаят еткені жеткен, – дейді. Әбу Ханифа:

– Ал бізге Ибраһимнен, ол Әлқама және әл-Әсуадтан, ал олар Абдулла ибн Масғудтан (р.а.): «Пайғамбарымыз (с.а.с.) намазды бастағанда ғана қолын көтергендігін, ал одан соң қайталамағанын» риуаят етті, – деді. Әузағи:

– Мен саған Салимнен және оның әкесінен хадисті жеткізіп отырмын. Ал сен болсаң Хаммад Ибраһимнен риуаят етті дейсің (мен келтірген риуаят тізбегі қысқа және ұлық адамнан жеткен), – деді. Әбу Ханифа оның бұл сөзіне:

– Хаммад фиқыһта Зухридан да терең. Ал Ибраһим фиқыһ мәселесінде Салимнен де жетік еді. Алқама да фиқыһта Абдулла ибн Омардан кем емес. Абдулла ибн Омардың сахабалық артықшылығы болса, Алқама да сахаба. Әл-Әсуадтың да көптеген артықшылықтары бар. Абдулла ибн Мәсғудқа келетін болсақ, оның фиқыһта және қырағатта артықшылығы көп екені баршаға мәлім. Оған аты аталғандардың ешқайсысы жете алмайды, Артық сөздің не қажеті бар, – дейді. Әбу Ханифаның бұл сөздеріне Әузағи үндемейді.

Көріп отырғанымыздай, пікірталас нақты ғылыми өлшем мен қағидалар аясында өткен. Әузағи (Рафғул-иәдәйн) екі қолды иық тұсына дейін көтеруді дәлелдейтін риуаяттың ұлық тізбекпен жеткенін, яғни, ол хадистің екінші хадиске қарағанда Алла елшісінен (с.а.с.) қысқа (үш адам) тізбекпен жеткенін айтады. Бұл кезде Әузағидікі дұрыс. Өйткені ғұламалар ортақ қабылдаған бір қағида бойынша: «Басқа сипаттары тең болған бір-біріне қарама-қайшы екі хадистің қайсысының тізбегі ұлық болса, сол артық саналады».

Алайда Әбу Ханифаның да айтқаны дұрыс. Өйткені оның көзқарасы бойынша, рауилер фақиһ болса, фақиһ еместерден артық болады. Әузағи айтқан рауилер сенімді рауилер болғанымен, фиқыһ тұрғысынан 

Әбу Ханифаның рауилерімен салыстыруға келмейді. Олар фақиһтан гөрі мухаддистар. Ал Әбу Ханифа тілге тиек еткен рауилер мухаддис әрі фақиһ адамдар.

Әузағи Әбу Ханифаның бұл түсіндірмесіне үндемеген.

2. Ифтитах тәкбірі кезінде қолды көтерудің үкімі жайында келіспеушілік туындаған. Заһирилер «парыз» деген. Бірақ көпшілік ғұламалар бұған келіспеген. Уәжіп деп айтқандар да бар. Мұстахаб екеніне ижмағ бар дегендер де болған. Сол сияқты, тәкбір айтудың да үкімі таласты болғанымен, ғұламалар мұны парыз деп қабылдамаған. Аллаға тағзым, ұлықтауды білдіретін бір сөз айту уәжіп болса да, «Аллаһу әкбар» сөзін айту – мұстахаб.

3. Ғалымдар ифтитах кезінде «Қол бірінші көтеріле ме әлде тәкбір-бірінші айтыла ма? Жоқ әлде екеуі қатар жүре ме?» деген мәселеде пікірталастырған. Бұл мәселе жайындағы дау-дамай негізі риуаяттарға байланысты туындаған. Өйткені кейбір риуаят бірінші қолды көтеріп, содан кейін тәкбір айтылғанын білдіреді. Кейбір Ханафи және Шәфиғи ғалымдары екеуінің бірге орындалғаны ең дұрысы деп тапса, Ханафилердің бір тобы әуелі қолды көтеріп, содан кейін тәкбір айтуды негізге алған. «Әл-Һидая» кітабында бұл көзқарас былай түсіндіріледі: «Алдымен екі қолды көтеріп, сосын тәкбір айтқан ең дұрысы. Өйткені қолды көтеру – Алладан өзге жаратылыстардан ұлылық сипатты алып тастайды, ал тәкбір бұл сипатты Аллаға тән етеді. Белгілі болғандай, кәлима шаһадатта да «Алладан өзге тәңір жоқ» бірінші айтылады, дәлел содан кейін айтылады».

Бұл бөлімде риуаяттардың қайшылығы Расулалланың бұл мәселеге қатысты жеңілдік пен рұқсат бергенін, барлығының сахих және рұқсат екенін білдіреді.

«Қолды көтеру тәкбірмен бірге болуы керек» деп айтқандардың бір тобы мұның хикметін «намаздың басталғанын саңырау естиді, соқыр көреді және олар дәл осы сәтте ниет етеді» деп түсіндірген.

Кейбіреулер: «Дүниені артқа тастап, бар болмысымен ғибадатқа берілу», – десе, біреулер: «Намаз тағзым», – деген. Енді біреулері: «Аллаһу әкбар» сөзіне әрекетті сәйкестендіріп, толық берілуі мен толық бойсұну» десе, кейбірі: «Қиямның кәмілділігіне ишарат», кейбірі: «Жаратушы мен құлдың арасындағы перденің түрілуіне ишарат», кейбірі: «Денесімен толықтай құбылаға бет бұру» т.б. деген.

Қуртуби соңғы келтірген жорамалды өте сәтті әрі сай келетін жорамал деп бағалаған. Имам Шәфиғидан: «Қолды көтерудің мағынасы не?» – деп сұрағанда, ол: «Аллаға тағзым, Расулалланың сүннетіне еру», – деп жауап берген. Ибн Абдулбәрр Абдулла ибн Омардың: «Екі қолды көтеру – намаздың әшекейлерінің бірі» деп айтқанын риуаят еткен.

Уқба ибн Амир (р.а.): «Намазда қолды көтеруде он сауап бар, әр саусақ үшін бір сауап бар» деген.

4. Намазда қолдың қай жерге дейін көтерілетіні әр риуаятта әртүрлі айтылған. Фақиһтар да бұл мәселе жайында қайшылыққа түскен. Ахмад ибн Ханбал, Шәфиғи және Имам Мәлик иыққа дейін көтеріледі деп үкім берген.

Ханафилар бойынша екі қолды бас бармақтары құлақ сырғалығына келетіндей етіп көтереді. Яғни, бас бармақ құлақтың сырғалығына тиіп, қалғандары құлақтың жанында болуы керек.

материал «Сүннет энциклопедиясы» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: