21
Сенбі,
Желтоқсан

һижри

Намаздың рәкәғаттарында шатасқан адам не істейді?

Намаздың рәкәғаттарында шатасқан адам не істейді?

Намаз

Кейде намаз оқып тұрғанда қанша рәкәғат оқығанымды білмей шатасамын: Екі рәкәғат па, үш рәкәғат па, төрт рәкәғат па білмей қалам? Осындай кезде не істеу керек? 

Бұл мәселені Ханафи ғұламалары үш жағдайға бөліп қарастырған:

1. Намазда сирек шатасатын кісі намазда қанша рәкәғат оқығандығын білмесе, намазын қайта оқығаны жөн. Сахаба Абдулла ибн Омар: «Егер мен қанша рәкәғат оқығанымды білмейтін болсам, намазымды қайта оқимын»[1], - деген.

2. Намазда қанша рәкәғат оқығаны жайында жиі шатасатын кісі:  егер намаз оқып тұрып «мынанша рәкәғат оқыдым» деген ойы басым болса, өзі іштей тоқтамға келген рәкәғаты бойынша намазын тәмәмдайды да, артынан сәһу сәждесін орындайды. Мысалы, таң намазын оқу барысында «екі рәкәғат оқыдым ба, әлде бір рәкәғат оқыдым ба» деп күмәнданып,  артынша   бір рәкәғат оқығандығы басым түсіп, іштей сол тоқтамға келсе, екінші рәкәғатын оқып, соңында сәһу сәждесін жасайды. Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у) өзінің бір хадисінде: «...Кімде-кім, намазында күмәнға түссе,  ең дұрыс дегеніне тоқтасын (фәл-ятахарра әс-сауабә), сосын соны негізге ала отырып, намазын тәмәмдасын. Артынан сәлем беріп, екі (сәһу) сәжде жасасын»[2], - деген.

3. Намазда қанша рәкәғат оқығаны жайында жиі шатасатын кісі: нешінші рәкәғат екенін таңдай алмай қиналса, ол кісі – азын таңдайды. Бірақ бұл кісі әр рәкәғатта «тәшәһһуд» отырысына отыруы керек (немесе отырылу керек деген жерлерде отыру керек). Себебі, бірінші деп отырған рәкәғаты екінші, ал үшінші рәкәғат деп санағаны төртінші болуы мүмкін. Мысалы, төрт рәкәғат намаздың бірінші мен екінші рәкәғат арасында күмәнға түскен кісі, бірінші рәкәғатын таңдайды. Төрт рәкәғаттың төртеуінде де тәшәһһуд дұғасына отырады. Намаз соңында сәһу сәждесін жасайды[3].

Пайғамбарымыз (с.а.у) өзінің бір хадисінде: «Кімде-кім, намазында бір рәкәғат немесе  екі рәкәғат оқығандығын білмесе, онда – бір рәкәғат оқыдым деп алсын. Егер екі рәкәғат немесе үш рәкәғат оқығандығын білмесе, екі рәкәғат оқыдым деп алсын. Егер де үш рәкәғат немесе төрт рәкәғат оқығандығын білмесе, үш рәкәғат оқыдым деп алсын. Және сәлем бермей тұрып екі сәжде жасасын»[4], - деп бұйырған.

Демек, рәкәғат санынан сирек шатасатын кісі мұндай жағдайда намазын қайта оқуы керек. Ал жиі шатасатын адам ойының басым түскен рәкәғатын негізге алып, намазын тәмәмдайды, алайда ол нешінші рәкәғат екендігін білмей дал болса, екі рәкәғаттың азын таңдайды, сол бойынша намазын тәмәмдайды, бірақ әр рәкәғатында «тәшәһһуд» отырысына отырады. Бұл айтқандарымыз намаз ішінде рәкәғат саны төңірегінде күмәнданған кісіге қатысты. Ал намаз оқып болғаннан кейін күмән келсе, оған мән берілмейді.

 

[1] Ибн Әби Шәйбә: «әл-Мусаннаф»
[2] Имам Бұхари: «Сахих Бұхари» – мә жә филь қыблә - №401 хадис.
[3] "әл-Фәтәуә әл-Һиндия"-1/144 бет; Имам Аләуддин әл-Кәсәни: «Бәдәиъус Санаиъ» - 1/695-696 бет; Бәдруддин әл-Айний: «әл-Биная Шархуль Һидая» - 2 том. 630-634 бет; Имам Маусули: «әл-Ихтияр» - 1 том. 252 бет; О.Н.Білмен: «Ғылымхал». 185 бет.
[4] Имам Тирмизи: «Сүнән» - Әбуәбус сәһуи – №398 хадис.

материал «Заман тудырған сұрақтар» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: