21
Бейсенбі,
Қараша

һижри

Түнгі ғибадат – шыншылдардың ғибадаты

Түнгі ғибадат – шыншылдардың ғибадаты

Намаз

Пайдалану керек болған уақыттардың бірі – қысқы түндер. Өйткені ол ұзын болады. Сол себепті қысқы түннің ғұламалар мен көп құлшылық қылатын тақуалардың құзырында орны ерекше. Қыстағы түн – олар үшін ең қымбат дүние.

Құлшылық қылатын тақуалар болса, оны Құран оқып, намаз және истиғфар айтумен толтырады. Ал ғұламалар болса, кітап оқып, еңбек жазып, білім қайталаумен өткізеді. Қыста түнгі намаз нәпсіге аса ауыр келмейді, керісінше жеткілікті деңгейде ұйықтап, одан соң түнгі намазға жеңілоянуға болады. Осы арқылы мұсылман адам денесінің де ақысын беріп, ғибадатын да орындайды. Алла Тағала Құран Кәрімде түнгі намазға оянушылар туралы былай дейді: «Олардың жамбастары төсектерінен ажырап, Раббыларына қорқа-дәмете жалбарынады» ("Сәжде" сүресі, 16).

Басқа бір аятта оларды: «Сондай-ақ олар түнде аз ұйықтайтын (және Раббыларына көп құлшылық ететін)», – деп сипаттайды ("Зәрият" сүресі, 17).

Абдулла ибн Сәләмнан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте Алла елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Уа, адамзат! Өзара сәлемді жайыңдар, ашмұқтаждарды тамақтандырыңдар, адамдар түнде ұйықтап жатқанда тұрып намаз оқыңдар. Міне, сонда аман-есен жаннатқа кіресіңдер», – деу арқылы түнгі намазға ерекше қызықтырады.

Қыс мезгілінде адамның түнгі намазға тұрмауына негізгі екі себеп бар: бірі – жылы көрпенің астынан шыққысы келмеу болса, екіншісі – суық болып тұрған сумен дәрет алғысы келмеуі. Себебі қыста бірқатар пәтерлерде таңғы мезгілде су аса ыси қоймайды, бұл екі нәрсе адамның нәпсісіне ауыр келеді әрі дәрет алған соң дірдектеп намаз оқығаннан гөрі төсекте жата бергенді абзал санайды. Осындай қысу-таяң шақта нәпсіге де, шайтанға да жеңілмей орныңыздан тұрып, «қырсықтық» мінезін осы жерде қолдана отырып, кемеліне жеткізе дәрет алуыңыз, айналаңыз ұйқыда жатқанда намаз оқуыңыз – сіз үшін ұлы жетістік болмақ.

Дәуіт ибн Рушаидтан (Алла оны рақымына алсын) жеткен хабарда былай делінген: «Бір адам салқын түні намаз оқу үшін дәрет алуға тұрды. Сөйтсе, су салқын екенін көріп, жылады. Сол кезде «Бізге жылайтындай басқаларын ұйықтатып, сені тұрғызғанға разы емессің бе?» деген үн шығады».

Ата әл-Хурасани (Алла оны рақымына алсын) түнде өз достарын «Ей, пәленше! Ей, түгенше! Тұрыңдар, дәрет алып, намаз оқыңдар! Түнде намаз оқу мен күндіз ораза ұстау тозақта ертең ірің мен бөлшектенген темірді ішуден жеңіл! Тездетіңдер, тездетіңдер! Асығыңдар, болыңдар!» – деп шақыратын еді.

Сафуан және басқа да ғибадатқа берілген құлдар (Алла оларды рақымына алсын) қыстың түні өздеріне ұйқыдан бөгет болуы үшін әдейі бір киімде намаз оқитын. Құлшылыққа берілгендердің арасында егер қалғыса, су шашып, «бұл тозақтағы іріңнен жақсырақ» деп айтатындар болған.

Түнгі ғибадат – шыншылдардың ғибадаты. Ал күндізгі амалдарды рия секілді әртүрлі апаттардан сақтау қиын, сондықтан мұндай мүмкіндіктен сіз де құр қалмаңыз.

материал «Мұсылманның көктемі» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: