Қонаққа бару – өміріңіздің ажырамас бір бөлшегі. Кейде қонаққа барған туыс немесе досыңыздың үйінде қонып қалуыңыз да мүмкін.
Егер үй иесі намазға, əсіресе, таң намазына қырағы болса, əлбетте, сізді де оятады. Намаз оқымайтын немесе немқұрайды қарайтын біреу болса не істейміз?
Негізінде, намаз оқитын біреу болса да сіз өз сақтық шараларыңызды жасаңыз. Бəлкім, сіздей қырағы болмауы немесе барынша сақтанса да ояна алмай қалуы мүмкін. Сондықтан құбыланы біліп, жайнамазыңызды алып, сағатыңыздың қоңырауын туралаңыз. Мен шырылдайтын сағатымды сапарда да, қонаққа барғанда да сумкама салып алып жүремін. Ұялы телефонымның қоңырауы да қалаған уақытымда тұруыма көмектеседі.
Кейде барлық мүмкіндіктерден мақұрым қалуыңыз мүмкін. Бірақ сонда да шешу жолдарын таба аламыз. Бір досымның үйінде қонақта едім. Сапардан түнгі екіде келіп, вокзалдан үйге жетіп, қал-жағдай сұрасып болғанша түнгі төрт болып қойған еді. Қыс мезгілі. Уақыт кіргенше күтіп, таң намазын өтей салып жатпақшымыз. Бірақ таңертең 9-да жиналысқа кіруіміз керек.
Ең дұрысы – ұйықтап, демалып алып намазға тұру. Досым намазына асқан ыждағаттылық танытатын біреу еді. Бірақ ескертетін ешбір құрал жоқ. Бала қоңыраулы сағатпен ойнап бұзып тастаған еді. Ол кезде екеуміздің де ұялы телефонымызда қоңырау жоқ болатын. «Алаңдама, біз оянамыз» деді. «Нақты оянасың ба? Еш қазаға жіберген сəтің болған жоқ па?» – деп сұрадым. Үндемеді. Бəлкім, кей уақыттарда тұру оңай шығар, бірақ сағат төртте жатып екі сағаттан кейін тұру оңай емес.
Менің уайымға салынғанымды көріп, шарасыздықтан мазасызданды. Енді басқа шешу жолын табуымыз керек еді. Бір құмыра су əкелдім де, үш-төрт стакан іштім. Осылайша бірнеше сағаттан кейін ояну мүмкін еді. Ұялы телефоныммен бір досыма хабарласып, мені 6:30-да таң намазына оятуын сұрадым. Көңіліміз тынышталып ұйықтадық, əрі намазымызға да тұрдық. Сол күннен кейін тағы бір тəжірибем болды. Таң намазы үшін нақты бір сақтық шарасы болмаса ешкімге сенбейтін болдым. Жəне жеке басымның жағдайын өзім жасайтын болдым.
Сіздің де есіңізде болсын, өзіңіздің сақтық шараларыңыз болуы тиіс. Сенген тауларыңызды қар басып қалуы мүмкін...
материал «Таң намазына тұрғың келсе...» кітабынан алынды,
ummet.kz