Бес уақыт намазына ыждағаттылық танытатын кейбір адамдар құптан намазы мен таң намазын бір-біріне кедергі келтіреді деп ойлайды. Əсіресе, жаз күндерінде құптан намазы тым кеш оқылатындықтан ерте жату мүмкін емес.
Керісінше, таң намазы да ерте оқылады. Бір кісі «Құптанды күтсем, ұйқысыз қалып қоямын жəне таң намазына тұра алмай қаламын. Кейде өте шаршағандықтан ерте жатып таң намазына тұрамын. Бірақ құптан намазы қазаға қалады», – деді. Өкінішке орай кейбір адамдардың осындай зəру мəселесі бар. Бірақ шешу жолы қиын емес. Бұл мəселенің ең көп кездесетін уақыты – жаз айлары. Бұл айларда түн өте қысқа болады. Бұл айларда əрі қырағы, əрі сақ болуымыз керек.
Ауыр жұмыс істейтін жəне ұйқысы ауыр адамдар құптанды дереу оқып жатуы керек. Осылайша 6 сағаттай ұйықтай алады да, таң намазына дейін осынша ұйқы аз емес. Егер құптанды күте алмайтындай шаршаған болсаңыз, құптанды біраз ұйықтап алған соң таң намазының уақыты кірмей тұрып оқуыңызға болады. Құптанды өтегеннен кейін таң намазы кірген болса, қайта жатудың орнына таң намазын өтеп алып жатыңыз. Себебі таң намазының қазаға қалу қаупі бар. Тағы да тəһəжжуд оқитын адамдар, кейде таң намазын оқи алмай қалатынын айтып жатады.
Түнде тəһəжжудке тұрып қайта ұйықтағанда таң намазына тұруға қиналатындар болады. Тəһəжжуд – нəпіл намаздардың ішіндегі ең маңызды сүннет. Ол Пайғамбарымыз (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) үшін парыз еді. Əйтсе де, сауабы мол бұл намазды жаңа бастағандар таң намазын қазаға жіберіп алатын кездері де болады. Бір сүннет қаншалықты маңызды болса болсын парыздың дəрежесіне жете алмайды. Сондықтан тəһəжжудке тұрғаны үшін таң намазын қаза жіберу өте теріс жағдай.
Шешу жолы былай: əсіресе тəһəжжуд намазын əдетке айналдыру кезінде өте сақ болу қажет. Айта кетер болсақ, тəһəжжудті бастау кезеңін – түндері ұзын болатын қыс мезгіліне туралау керек. Егер жаз мезгілі болса мүмкіндігінше құптанды ерте оқып жату жəне ояну үшін табандылық таныту қажет.
Барлығымыз өз жағдайымызға, шарттарымызға қарай шешу жолдарын таба аламыз. Бірақ барлық жағдайда да мақсатымыз – ешбір намазды қазаға жібермеу болу қажет.
материал «Таң намазына тұрғың келсе...» кітабынан алынды,
ummet.kz