Жәбир ибн Сәмурадан (Алла оған разы болсын). Ол:
«(Бірде) Алла елшісі (с.а.с.) бізге шығып: «Бұл не? Сендердің мазасыз жылқылардың құйрықтары сияқты қолдарыңды жоғары көтергендеріңді көремін. Намазда тыныштық сақтаңдар», – деді»; Ол: «Содан кейін ол бізге шығып, біздің айнала алқа құрып тұрғанымызды көрді де: «Бұл не? Сендердің топырлап тұрғандарыңды көремін», – деді».
Ол: «Содан соң ол бізге шығып: «Періштелер Раббылары құзырында сап түзегендей сап түзесеңдер қайтеді?» – деді. Біз: «Уа, Алланың елшісі! Періштелер Раббылары құзырында қалай сап түзейді?» – деп (сұраған едік): «Әуелгі сапты толтырып, сапта иін тіресе тұрады», – деп айтты», – деген1 (430/119).
Намазда сәлемге ишарамен жауап қайтару
Жәбирден (Алла оған разы болсын). Ол: «Алла елшісі (с.а.с.) мені бір қажеттілік үшін жұмсады. Содан келсем, ол (Қутайба: «намаз оқып тұр екен», – деген). Мен оған сәлем бердім. Ол маған ишара жасады. (Намаздан) босаған соң мені шақырып: «Сен әлгінде мен намаз оқып тұрғанда сәлем бердің», – деді. Сол кезде ол (намазда) жүзін шығысқа қаратып тұр еді», – деп айтқан4 (540/36).
Намазда сөйлеудің мансұқ болғаны
Муғауия ибн Хакам әс-Суләмиден (Алла оған разы болсын). Ол: «(Бірде) мен Алла елшісімен (с.а.с.) бірге намаз оқып тұрғанымда адамдардан бір кісі түшкірді. Мен: «Йархамукаллаһ», – дедім. Адамдар маған оқырайып қарай бастады. Мен (түсінбей): «Анам артымда қалсын! Неге маған (бұлай) қарайсыңдар?!» – деп (таңырқадым). Олар (мені сөзден қайтару үшін) қолдарымен сандарын шапалақтай бастады. Олардың мені үнсіздік сақтауға шақырып тұрғанын түсінген соң, үнсіз қалдым. Содан кейін Алла елшісі (с.а.с.) намаз оқып болды. Ата-анам оған пида! Бұрынсоңды одан жақсы тәлімгер көрген емеспін! Алламен ант етейін, ол мені зекімеді де, нұқымады да, тілдемеді де. (Жай сөзбен): «Расында, бұл – намаз, онда адамдар сөзінен бір нәрсе (айту) жарамайды. Шын мәнінде, ол – тәсбих және тәкбир (сөздері) мен Құран оқу», – деді. Немесе Алла елшісі (с.а.с.) айтқандай (сөздер айтылды).
Мен: «Уа, Алланың елшісі! Мен жәһілдіктен жаңа шыққан (мұсылманмын). Алла (бізге) Исламды жеткізді. Біздің арамызда сәуегейлерге баратын кісілер бар», – дедім. (Пайғамбар (с.а.с.)): «Оларға барма», – деді. «Біздің арамызда ырымға жорушы кісілер де бар», – дедім. (Пайғамбар (с.а.с.)): «Бұл – олардың көкейлеріне алғандары. Бұл (ырым) оларды тоспасын (Ибн Саббах: «сендерді тоспасын», – деген)», – деді. Мен: «Біздің арамызда (жерге) сызық сызып (бал ашатын) кісілер бар», – дедім.
(Пайғамбар (с.а.с.)): «Пайғамбарлар арасындағы бір пайғамбар (жерге) сызық сызатын болған, кімде-кім оның сызығына сәйкес жасаса, бұл (рұқсат етіледі)», – деп айтты»; (Муғауия): «Менің Ухуд пен Жаууания тұсында қойларымды бағатын бір күңім бар еді. Бір күні қойлардың біреуін қасқыр алып кеткеніне куә болдым. Мен де Адам баласымын, олардың өкінетіні сияқты өкінішке берілемін. Сондықтан оны бір салып қалдым. Сосын Алла елшісіне (с.а.с.) келген едім, ол мұны мен үшін үлкен (күнә) санады. Мен: «Уа, Алланың елшісі! Оны азат етейін бе?» – деп (сұрадым.
Пайғамбар (с.а.с.)): «Оны маған алып кел», – деді. Сөйтіп, оны (Алла елшісіне (с.а.с.)) алып келдім. (Пайғамбар (с.а.с.)) одан: «Алла қайда?» – деп (сұрады). Ол: «Көкте», – деп (жауап қайтарды. Пайғамбар (с.а.с.)): «Мен кіммін?» – деп (сұрады. Күң): «Сен Алла елшісісің», – деді. (Сонда Пайғамбар (с.а.с.)): «Оны азат ет, өйткені ол мүмін», – деп айтты», – деген (537/33).
Зәйд ибн Арқамнан (Алла оған разы болсын). Ол: «Біз (бұрын) намазда әңгімелесе беретінбіз, адамдар жанындағы жолдасына намазда сөйлей беретін. Сөйтіп, «Аллаға бойсұнған түрде тұрыңдар» (деген аят) түсті де, бізге тыныштық сақтау бұйырылып, сөйлеуге тыйым салынды», – деген4 (539/35).
материал «Сахих әл-Бұхаридың хадистер жинағы» кітабынан алынды,
ummet.kz