Алла Тағала былай деді:
«Алланың мешіттерін шынайы түрде Аллаға және Ақырет күніне иман келтірген, намазды толық орындайтын, зекет беретін және Алладан ғана қорыққан кісі жандандырады. Міне, солардың тура жол табушылардан болулары үміт етіледі» («әт-Тәуба» сүресі, 18-аят).
Мешіттерді жамағат намаздары арқылы жандандыру – бұл Исламның ұлы рәсімдерінен. Әрі мұсылмандардың барлығы оның ең ұлы ғибадаттардан және Аллаға жақындау амалдарынан екеніне бірауызды келіскен.
Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Жамағат намазы адамның жалғыз өзі оқыған намазынан жиырма жеті рет абзалырақ», - деген (Бухари мен Муслим).
Ислам ғалымдардың ең дұрыс саналатын пікіріне сәйкес парыз намаздарын мешітте оқу балиғатқа толған, соған шамасы жететін, айнала тыныш және азанның дауысын микрофонсыз естуге ешнәрсе кедергі болмайтын хәлде оны еститің әрбір ер адамға міндетті болып табылады. Өйткені оның міндетті екеніне Құран мен Сүннет нұсқайды. Алла Тағала былай деді: «(Мухаммад) Сен олардың ішінде (соғыс майданында имам болып) тұрған кезде, олардан бір бөлігі сенімен бірге намазға тұрсын...» («ән-Ниса» сүресі, 102-аят).
Әрі бұйрық міндеттілікке нұсқайды. Егер қауіптілік жағдайындағы бұйрық осылай болса, онда қауіпсіз жағдайда тіпті міндеттірек болады. Пайғамбарымыз да (с.а.с.): «Кімде-кім азанның дауысын естіп, намазға келмесе, онда, үзірлі жағдайдан бөлек, оның намазы жоқ», - деген (Ибн Мәжәһ, әл-Әлбани хадисті сахих деген).
Жалғыз оқыған адамның намазы жарамды, бірақ ол жамағатта оқығанның сауабынан айырылады әрі міндетті амалды тәрк етуімен шариғатқа қайшы келеді. Жамағаттың ең азы - екі адам. Өйткені Пайғамбарымыз (с.а.с.) Мәлик ибн Хуайрис пен оның жолдасына: «Егер намаз уақыты кірсе, біреуің азан шақырып, намаз оқыңдар әрі үлкенің имам болсын», - деп айтқан (Бухари мен Муслим).
Бір ракағатқа үлгерген адам, жамағатқа үлгерген болып саналады. Өйткені Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Кім бір ракағатқа үлгерсе, сол намазға үлгерді», - деп айтқан (Абу Дауд, Ибн Мәжаһ, әл-Әлбани хадисті сахих деген).
Ал егер азаншы парыз намазының иқаматын айта бастаса, онда ешкім нәпіл немесе сүннет намазын бастауына болмайды. Өйткені Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Намазға иқамат айтылса, онда парыз намаздан басқа намаз жоқ», - деп айтқан (Муслим).
Егер кісі нәпіл немесе сүннет намазын бастап қойған болып, азаншы иқамат айтса, әрі егер ол бірінші ракағатты оқып тұрған болса, онда намазын үзеді де , парыз намазына қосылады, ал егер ол екінші ракағатта болса, онда оны жеңіл түрде оқып аяқтап, жамағатқа қосылуы керек. Мұсылман адам жамағат намазына келесідей үзірлі себептермен қатыспаса болады:
- Мешітке баруы қиын болатын науқас адам;
- Екі әжеттің біреу қатты қысып тұрған адам;
- Тамақ тартылған кезде сол тамаққа қажеті қысқан адам;
- Өзінің жеке басына, немесе мал-мүлкіне, немесе отбасына, немесе күш-
қуатына зиян тиюінен қауіптенетін адам, өйткені қорқу да үзірлі
жағдайға жатады.
- Сапарда жолсеріктерінен айырылып қалудан қорқатын адам, өйткені жамағатты күтуде жүректің алаңдауы бар.
- Жаңбырдың немесе қардың жаууынан, балшықтан, қатты суық желден туындаған қолайсыз жағдайларда, өйткені Ибн Умардың (родыя-Ллаһу ғанһума) хадисінде: «Алланың Елшісі (с.а.с.) егер суық жаңбырлы түн болса, азаншыға: «Намазды үйлеріңде оқыңдар!» - деп жариялауды бұйыратын», - деп айтылған.
материал «Намаз - діннің тірегі» кітабынан алынды,
ummet.kz