08
Жексенбі,
Ақпан

һижри

Суреті бар киіммен намаз оқуға бола ма?

Суреті бар киіммен намаз оқуға бола ма?

Намаз

Ханафи мәзһабында жанды нәрсенің суреті бар киіммен намаз оқу мәкруһ саналады[1].

Айша (оған Алла разы болсын) анамыздан жеткен хадисте былай делінеді: «Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір белгісі бар көйлекпен намаз оқып, оған көзі түсіп кетеді. Намазын аяқтағаннан кейін: «Бұл көйлекті Әбу Жәһімге алып барыңдар да, оның орнына бейнесі жоқ қарапайым көйлекті алып келіңдер. Өйткені бұл мені намаздан тосып қоя жаздады»[2], – деген.

Тағы бір риуаятта: «Намаз оқып тұрып көйлектің белгілеріне көзім түсіп кетті. Бұл менің намазыма кедергі бола ма деп қорқамын»[3], – деген.

Әйгілі имам, мулла Нұруддин Әли ибн Сұлтан,  имам Ұбайдулла ибн Масғұдтың «ән-Нуқая» атты еңбегіне жазған «Фатху-Бәбил-Ғиная» атты түсіндірмесінде намаздың мәкруһтері жайлы айтып келіп былай дейді: «Киімінде, сәжде орнында, асты мен артқы тарапынан басқа алды, оң жақ және сол жағында жануардың суреті болса мәкруһ. Егер (жануардың суреті) көзге көрінер-көрінбес өте кішкентай немесе басы жойылған болса мәкруһ емеc»[4].

Имам әл-Марғинәни: «Суреті бар киіммен намаз оқу – мәкруһ. Өйткені бұл пұтты көтерушіге ұқсап қалады. Бұнымен намаз оқу мәкрүһ болғанымен, намазы дұрыс саналады. Себебі намаздың шарттары мен рүкіндері толық орындалып тұр»[5], – дейді.

Сондықтан суреті немесе жазуы бар киіммен намаз оқымаған дұрыс. Оқылып қойған жағдайда намазы дұрыс саналады. Ал суреті бар киімнің үстінен басқа бір түсті киім киіп намаз оқудың оқасы жоқ.   

 

[1] Хәшияту әт-Тәхтәуи, 362.

[2] Муслим, №556.

[3] Сахих Бухари, №373.

[4] Фатху баби әл-иная бишархи китаби ән-ниқая, 1/311-312.

[5] Мәрғинани, әл-Хидая, 1/166.

дереккөз: muftyat.kz

Бөлісу: