23
Жұма,
Қаңтар

һижри

«Алайда намаз оқитындардың жөні бөлек» («Мағариж», 22)

«Алайда намаз оқитындардың жөні бөлек» («Мағариж», 22)

Намаз

«Алайда намаз оқитындардың жөні бөлек» ("Мағариж", 22).

Себебі намаз жан дүниені тазалайды. Намаз оқыған адам Алланың қазасы мен тағдырына разы болады, сынақ келсе, сынып қалмайды. Үнемі жаны жақсылыққа құмартып тұрады. Қиындыққа мойымайды, ауыртпашылыққа шағымданбайды, жоқшылыққа налып, байлыққа алданып қалмайды. Ғапылдыққа батып кетпейді. Өз сезімдерін басқара алады, өмірінде тепе-теңдік ұстай алады. Намазын, Жаратушымен байланысын түзесе, барлық ісі түзелетінін біледі. Намаз – ақырет жолындағы адамның ең үлкен азығы. Ол адамның адамдық қалпын сақтап, қателіктерден сақтайды. Алла намаз арқылы пенденің күнә-қателігін кешіреді. Намаз адамда шәһуәт пен шүбәларға қарсы иммунитет қалыптастырады. «Өйткені намаз адам баласын арсыздықтан һәм жамандық атаулыдан (теріс қылықтардан) тыяды» ("Анкабут", 45).

Намаз – мұсылманды өмірдің қатты соғатын дауылдары мен борандарынан алып шығатын қорған. Мұсылман намаз арқылы әртүрлі жамандықтар мен қиындықтардан сақтана алады. «(Аллаға құлшылық етуде, күнә атаулыдан сақтануда һәм бастарыңа ауыртпалық түскенде) сабырлық танытып, намаз оқып, (Алладан) медет тілеңдер. Расында, бұл Алладан шын именетін һәм Оған тиісінше тағзым ететін жандардан өзгелерге тым ауыр келеді» ("Бақара", 45).

Егер саған әлем тарылып кеткендей болса, намаз оқып Аллаға жалбарын. Маңайыңда сынақ не бүлік көбейіп кетсе де, намаз оқып, Аллаға дұға ет. Бірдеңе уайымға салса, дереу намазға асығатын Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сүннетін ұмытпа. Пайғамбарымыз неге олай жасайтын? Өйткені ол кісі бәрінен артығы намаздың Алла мен адам арасындағы байланыс екенін білетін. Міне, сол ғибадатта, намазда пенде өзін жеген уайымды да, көңілін құлазытқан қайғыны да Аллаға айта алады. Қалағанын сұрап, тілегенінің қабыл болуына мүмкіндік ала алады. Алла Жомарт, Мейірімді. Мүмкін, адамның тілегін қабыл алып, мақсатын болдыру үшін де осы намазды, ғибадатты парыз етіп міндеттеген болар? Бәрі де мүмкін...

Заманымыздағы психолог ғалымдар адамның өзіне арнаған күнделікті күйбең тіршіліктен тыс уақыты болуы керек екенін айтады. Сол өзіне арнаған уақытта адам сәл болсын дамылдап, жұмыс қысымынан, өмірдегі ананы істеу керек, мынаны істеу керек деген нәрселерден алыстайды. Біраз болсын өзіне уақыт арнап, ойын жинақтап, өмірінің қай арнаға кетіп бара жатқанын бақылай алады. Іштей өз-өзімен тілдесіп, сарқылып бара жатқан энергиясын қайта жинап, қуатын қайтарады. Дінімізде де өмірлік балансты ұстауға сілтемелер бар. Шариғатта тән мен жанның, жұмыс пен қыдырудың, тіршілік пен демалыстың тепе-теңдігін ұстау қарастырылған. Тіпті намаз да парызы болсын, нәпілі болсын, адам өмірін жүйелеу үшін белгілі бір уақыттарда ғана оқылуы міндеттелген. «Шүбәсіз, намаз мүміндерге белгілі уақыттарда (яғни әр намаз өз уақытында өтелсін деп) парыз етілді» ("Ниса", 103).

Адамның өзіне арнаған уақыты, отбасысына арнаған уақыты, жұмысына, қыдыруына, сапарлауына арнаған уақыттары болғаны сияқты ғибадатына, намазына арнаған уақыты болуы керек. Сонда жан мен тәннің арасында баланс, яғни тепе-теңдік орнайды. Осы ақиқатты білдіргісі келгендей Пайғамбарымыз (с.ғ.с) намаз уақыты кіргенде: «Жанымызды жадыратшы, уа, Біләл!» – дейтін. Яғни «Намазға азан айтып, дүниелік кірбіңнен шығаршы. Намазға азан айтып, бітпейтін шаруадан, үлкен жауапкершіліктен шығаршы. Намазға азан айтып, өмірімізді қараңғылап тұрған күнә-қателіктен, арқамызға батқан ауыр жүктен, болмысымызға еніп кеткен жаман қасиеттерден құтқаршы. Намазға азан айтып, нәпсінің арбауынан, жүректің құбылуынан, асылыққа кетіп қалудан шығаршы. Намазға азан айтып, намаз оқып, тап-таза, мінсіз аппақ болып шығуымызға жағдай жасашы» дегендей көрінеді. «Намазды кемеліне жеткізіп оқы!» ("Исра", 78).

Осы сөз Құранда қанша рет қайталанғанына мән бердің бе? «Оқы!», «Оқу», «Оқыды», «Оқушы», «Оқушылар», «Оқиды» деген тіркестермен келген. Осы қайталанған әрбір сөздің астарында бір мән-мағына бар. Әрбір сөз бір нәпсіні білдіріп тұрғандай. Намазды кешіктірмей өз уақытында оқы. Намазды шарттарымен, сүннеттерімен, рүкіндерімен оқы. Намазды жүрегіңнен барлық нәрсені шығарып тастап оқы. Намазды Алланың құзырында тұрғандай, Ол сені әрбір қимылыңды бақылап, қарап тұрғандай, жан тыныштығымен, жайбарақат оқы. Намазды барлық күнә-қателіктерден тыйылып, ешкімнің ақысын жемей, біреудің наласына қалмай оқы. Намаз жамандық пен арсыздықтан тыяды. Намазды құлшылық пен ғибадаттың шынайы дәмін тататындай кемеліне келтіріп оқы. Әрбір ісіңнің оңынан болып, әрқашан бақытты болуыңа себепші болған намазыңды Раббың үшін ең бірінші жасайтын амалдар қатарына қос. Ісіңді намазбен баста!

материал Қанат Байбосынұлы, Аслан Орақбаевтың «114» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: