23
Жұма,
Қаңтар

һижри

Неше дене мүшесімен сәжде жасалады?

Неше дене мүшесімен сәжде жасалады?

Намаз

Ибн Аббастан (Алла әкесі екеуіне разы болсын). Алла елшісі (с.а.с.): «Мен жеті сүйекті: маңдайды (ол қолымен мұрнын көрсетті), екі қолды, екі аяқты5 және екі аяқтың саусақ ұштарын (жерге тигізіп), киім мен шашты артқа қайырмай сәжде жасауға бұйырылдым», – деген (490/230).

Ән-Нәуәуи мен Абдур-Рахман әл-Мубаракфури осы хадистің түсіндірмесінде үш түрлі пікір келтірген:

1) ұзақ уақыт рукуғта және сәждеде болу ұзақ уақыт қиямда тұрудан абзал;

2) ұзақ уақыт қиямда тұру абзал (әш-Шафиғи мен әш-Шәукәнидің пікірі);

3) бұлар тең дәрежелі (Ахмад пен Исхақтың пікірі). Әш-Шәукәни «Нәйл әл-аутар» кітабында «мұнда сәжденің артықшылығы дұғаның қабыл болу тұрғысында ғана меңзелген» деп түсіндіреді. Муслим риуаят еткен «Намаздың ең абзалы – ұзақ қиямда тұру» деген хадис ұзақ уақыт қиямда тұрудың сәждеде ұзақ болудан абзал екендігін көрсетеді. Бұл хадисте дене бөліктері «сүйек» деп аталған.

Келесі бір риуаятта Пайғамбар (с.а.с.) маңдай мен мұрынды көрсетіп, оларды сәжде жасау тиіс бір ағза ретінде атаған. Имам Ибн Һумам «әл-Һидая» кітабының түсіндірмесінде айтуынша, имам Әбу Ханифа «намаз оқушы адам маңдаймен не мұрынмен сәжде жасауға ерікті» деп есептеген. Сондай-ақ оның айтуынша, Әбу Ханифадан жеткен бір хабар бойынша, уәжді себеп болмаса, тек мұрынмен сәжде жасауға рұқсат етілмейді. Әбу Юсуф пен Мұхаммедтің пікірі де осындай. Ал әлАузағи, Ахмад, Исхақ ибн Раһауайһ, әш-Шафиғи және Ибн Хабиб (имам Мәликтің шәкірті) «бір мезгілде маңдаймен және мұрынмен сәжде жасау міндет» деп есептеген. Абдур-Рахман әл-Мубаракфури және Мұхаммед әл-Әбәди сияқты ғалымдар да осы пікірді ұстанған. Басқалар (олардың қатарында мәлики мазһабы өкілдері мен ән-Нәуәуи) «сәждеде маңдайды жерге тигізу міндетті, ал мұрынды тигізу мустахаб» деп санаған.

Әд-Дарақутни, әт-Табарани (1/140/3) және Әбу Нуғайм «Ахбар Асбаһан» кітабында «Маңдайы тигенге мұрнын да тигізбегеннің намазы жоқ» деген хадис келтірген. Кейбір мухаддистер аталмыш хадистің әл-Бұхаридің шартына сәйкес «сахих» екендігіне сілтеме жасаған. Бұл жайлы Әл-Хаким мен әзЗәһәби де айтқан. Бұл марфуъ хадис түрлі жолдармен Икрима арқылы Ибн Аббастан жеткен. Сонымен қатар Ибн Мунзир тек мұрынмен сәжде жасаудың жеткіліксіз екені жайлы сахабалар бірауызды келісімге (ижмаъ) келгенін нақыл еткен. Яғни сәждеде бір мезгілде мұрынды және маңдайды жерге тигізу міндетті. Бұл ең дұрыс пікір болып табылады. Басқа риуаяттарда «алақандарды» деп келген.

Тағы бір риуаятта «тізелерді» деп көрсетілген. Әл-Бұхари мен Әбу Дәуд жеткізген хадисте қол саусақтары мен аяқ башпайлары құбылаға қарап тұру керектігі жайлы айтылған. Сонымен қатар Ибн Сағд (157/4) Ибн Омардан «ол намазда барлық дене бөліктерін, қолдың үлкен саусақтарына дейін құбылаға қаратуды ұнатқаны» жайлы хабар келтірген.

Осы сияқты Пайғамбар (с.а.с.) өзінің артында шашын бұрым етіп өріп намаз оқыған адамға қатысты: «Ол байлаулы намаз оқушы сияқты», – деген (Муслим, Әбу Ауана, Ибн Хиббан). Сондай-ақ ол (с.а.с.): «Бұл – шайтан отыратын орын», – деп, бұрымдарды меңзеген (Әбу Дәуд пен әт-Тирмизи бұл хадисті «хасан»  дәрежесіне дейін күшейткен, Ибн Хузайма, Ибн Хиббан және басқалар оның сахихтығын дәлелдеген). Ибн Әсирдің айтуынша, бұл хадистің мағынасы – егер оның шашы тарқатулы болса, олар сәжде барысында жерге тиіп, шаштарымен бірге сәжде жасағаны үшін намаз оқушы адам сауап алар еді.

Алайда оның шашы бұрым етіп өріліп, сәждеден тыс қалғандықтан, Пайғамбар (с.а.с.) әлгі намаз оқушыны қолдары байлаулы кісіге теңеген. Егер ол қолдары байлаулы жағдайда сәжде жасаса, қолдары сәждеден тыс қалар еді. Ибн Аббас (Алла әкесі екеуіне разы болсын) Абдуллаһ ибн Харистің шашын өріп, артына тастап намаз оқып жатқанын көргенде, орнынан тұрып, оның шашын тарқатқан және Аллаһ елшісінің (с.а.с.): «Шын мәнінде, мынау байлаулы күйде намаз оқып жатқан сияқты», – деп айтқанын естігенін жеткізген. Кейбір ғалымдар «шашты бұрым етіп өрмей намаз оқу жайлы нұсқау тек ер адамдарға қатысты» деген.

Бұл жайлы әш-Шәукәни мен Ибн әл-Араби нақыл еткен. Ал кейбіреулердің айтуынша, адамның сәжде жасаудан бұрын жерге тимеу үшін киімін жинау әрекеті тәкаппарлық болып табылады (әсСиндидің «Сунән ән-Нәсәиге» жазған түсіндірмесін қараңыз). Ән-Нәуәуи өзінің түсіндірмесінде киімді түру не қолмен ұстау, сондай-ақ шашты сәлденің ішіне салу және бұрым етіп өру де осыған қатысты екендігін әрі ғұламалар аталмыш нұсқаудың намазға қатыстылығы жөнінде бірауызды келісімге келгенін айтқан. Сонымен бірге ол – ғұламалардың басым көпшілігінің пікірі бұлай ету мәкруһ тәнзиһи екеніне саятынына және мұндай адамның намазы бұзылмайтынына сілтеме жасаған. Тек Ибн Мунзирден жеткен хабарда Хасан әл-Басридің «мұндай адам намазын қайта оқуы тиіс» деп есептегені жайлы айтылған.

материал «Сахих әл-Бұхари» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: