Ислам шариғатында бес негіздің бірі – намаз құлшылығы. Намаз кәмелетке толған барша ер мен әйелге парыз болғанымен, орындалуы міндет болмаған намаздар да бар.
Оларды шариғи тілмен нәпіл намаздар деп атайды. Бұл намаздарды оқыған адам көп сауапқа кенелсе, орындамаған кісіге күнә тағылмайды. Ол нәпіл намаздардың өзіндік деңгейлері мен ерекшеліктері бар. Соның бірі – түнде оқылатын түнгі намаз. Алла Тағала қасиетті Құранның «Инсан» сүресі, 26-аятында: «Сондай-ақ түннің бір бөлігінде Оған сәжде ет және түнде ұзақ уақыт Оны дәріпте», – деп айтқан.
Әсіресе, қасиетті Рамазан айының күндізін ораза, түндерін намаз оқып, құлшылықпен өткізудің сауабы өте үлкен. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Рамазан айында шынайы сеніммен әрі ықыласпен түнді намаз оқып өткізген адамның бұрынғы күнәлары кешіріледі», – деген.
Түнгі намаз оқу – ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұйырылған ең алғашқы әмір. Алла Тағала қасиетті Құранның «Мүзаммил» сүресінің алғашқы аяттарында ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Түнде тұр. Бірақ аз ұйықта. Түннің жарымын немесе одан да аздап кеміт. Не оған біраз қос», – деп бұйырған.
Ғалымдарымыз арнайы себеп болған жағдайларды айтпағанда, Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дүниеден озғанша түнгі намазды тастамағандығын айтқан.
Бірде Ата есімді табиғин Айша анамыздан былай деп сұрайды: «Алла Елшісінің ерекше бір жағдайын айтып бересіз бе?» Сонда Айша анамыз: «Оның ерекше болмаған халі бар ма? Бірде түнде бөлмеме келді. Аздан кейін маған қарап: «Бүгін маған рұқсат бер, Раббыма құлшылық етейін?» – деді. Дәрет алып, намазға тұрды. Ол қиямда (түрегеп) тұрып көп жылады. Жанарынан аққан көз жасы көкірегіне сорғалап жатты. Рүкүғке барғаннан кейін де ұзақ тұрып, егіле жылады. Сәждеге барған кезде де халі солай болды. Алла Елшісінің көз жасы Біләлдің таң намазына хабар берген азан даусына дейін толастамады. Сонда мен: «Пайғамбарым! Алла Тағала сенің барлық күнәларыңды кешіре тұра, сен неге осыншама жылайсың? – деп едім, ол: «Шүкір еткен құл болмайын ба? Қалай ғана жыламаймын. Алла осы түні маған: «Шексіз көктер мен жердің жаратылуында және түн мен күннің өзгеріп, кезектесіп алмасуында ақыл-ой иелері үшін дәлелдер бар...», – деген аяттарды түсірді. Осы аяттарды оқып, терең ойға батпаған адамның жағдайы неткен өкінішті!» – деді».
Түнде тұрып намаз оқу нәпсіге ауырлық туғызатындықтан, нәпсісін жалқаулықтан тыйып, Жаратушысының разылығы үшін деп сол уақытта құлшылық жасау сауабы шексіз болатын құлшылыққа жатады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Сәжде» сүресі, 16-17-аяттарында: «Олардың жамбастары төсектерінен ажырап, (түнде ұйқыдан тұрып) Раббыларынан қорқа-дәмете жалбарынады. Сондай-ақ олар берген несібемізден тиісті орынға жұмсайды. Жасаған жақсы істеріне орай (Құдай иелігінде) сақталған, оларды қуантатын зор сыйлық барын ешкім білмейді», – деп айтқан. Кейбір ғалымдар аяттағы «...оларды қуантатын зор сыйлық барын ешкім білмейді», – делінуінің сырын, түнгі намаз көбіне өзге адамдардың көзінен таса, жасырын оқылатындықтан, оларға қияметте берілетін зор сыйлық та өзгелерден жасырын түрде берілетіндігін айтқан.
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Түнгі намазға аса маңыз беріңдер. Оны сендерден алдыңғы өткен ізгі кісілер үнемі орындап жүретін. Түнгі намаз ол Жаратушыларыңа жақындатады, жамандықтарыңды өшіреді және күнәлі істерге баруға тосқауыл болады», – деген.
дереккөз: muftyat.kz