Намазда «тәшәһһуд (әт-тахият) дұғасы» айтылып болатындай уақыт «соңғы отырыста» отыру – парыз. Бұхари жеткізген хадисте Алла елшісі (с.а.у.) намазын қате оқыған кісіге қалай намаз оқу керек екендігін үйретеді:
«Дәретіңді толық алып, құбылаға бет түзеп, тәкбір айт та намазыңды оқы. Кейін Құраннан жеңіл келгенін оқы. Сосын толық рукуғ жаса, сосын тіктеліп, тік тұр. Одан кейін толық сәжде жаса. Басыңды көтеріп еркін, бірақ, тік отыр. Барлық намаздарыңды осылай оқы!».
Мұнда Алланың елшісі (с.а.у.) намаздың өзге парыздарымен қатар намаз соңында да белгілі бір уақыт аралығында отыру керек екендігін білдіріп тұр.
Демек, бұлай істемеген адамның намазы бұзылады.
1. Төрт және үш рәкағатты намаздардың екінші рәкағатында отыру – уәжіп. (Бахрур-Раиқ – 1/524-бет). Мұны «әуелгі отырыс», деп те атайды. Кейде Пайғамбарымыз (с.а.у.) әуелгісінде отырмай, тұрып кеткен кездерінде намаз соңында «сәһу» сәждесін жасайтын. Бұл – оның уәжіп екендігіне дәлел. Сахих Мүслімдегі хадисте Абдулла ибн Бухайна атты сахаба былай дейді: «Пайғамбарымыз бізге намаз оқытқанда бір намаздың екінші рәкағатындағы «әуелгі отырысқа» отырмай тұрып кетті. Арттағы жамағат та онымен бірге тұрды. Намаздың соңында «сәлем беруін» күтіп тұрдық. Ол кісі тәкбір айтып отырған күйі сәлем берместен (қосымша) екі сәжде жасады. Артынша сәлем берді» (Сахих Мүслім- 570-хадис).
Ханафи мәзһабында сәһу сәждесі сәлем бергеннен кейін жасалады. Сахих Мүслімде келген тағы бір хадисте Абдулла ибн Масғұд: «Пайғамбарымыз (с.а.у.) сәлемнен кейін сәһу сәждесін жасады», – деді. Сондай-ақ, Ибн Мажәда риуаят еткен сахих хадисте Алқама былай дейді: «Абдулла ибн Мәсғуд сәлемнен кейін сәһу сәждесін жасап, Пайғамбарымыздың солай істегенін жеткізді».
2. Ханафи мәзһабы бойынша ер кісілер намаздың екі сәжде арасындағы отырысы мен «әттәхият» (тәшәһһуд) отырысында сол аяғын жамбасының астына басып, оң аяғының басшпайларын құбылаға қаратады. Бұл – сүннет. Бұл жайлы Тирмизидің «сүнәнында» риуаят етілген хадисте сахаба Уә`иль ибн Хужр былай дейді: «Мен Мәдина қаласына келгенімде өз-өзіме «ардақты Пайғамбарымыздың намазын қалай оқитынын көруім керек» дедім. (Барып қарағанымда) Ол кісі тәшәһһүдте оң аяғын (башпайларын құбылаға қаратып) тіктеді. Сол қолын сол аяғының санының үстіне қойды».
Хадисші ғұлама Тирмизи бұл хадиске «Бұл хадис хасан, сахих. Суфян әс-Саури және куфалық ғалымдардың жолы», – деп, баға берген. Сондай-ақ, хадисші ғалым Нәсәи риуаят еткен сахих хадисте сахаба Абдулла ибн Абдулла ибн Омар (Омардың немересі) әкесінен (яғни, Абдулла ибн Омардан) естігенін былайша жеткізеді: «Намаздың сүннетінің бірі – оң аяқтың башпайларын құбылаға қарату».
3. Тәшәһһуд отырысында қолымызды санымызға қойып, саусақтарымыздың тізеге жанасуы – сүннет. Сахих Мүслімдегі хадисте Әмір ибн Абдулла ибн Зүбәйір әкесінің (Абдулла ибн Зүбәйірдың) мына сөзін риуаят етеді: «Пайғамбарымыз (с.а.у.) намазда дұға (әттахият) оқуға отырғанда оң қолын оң санының үстіне, сол қолын сол санының үстіне қоятын еді...».
4. Әуелгі отырыс пен соңғы отырыста «тәшәһ-һуд» дұғасын оқу – уәжіп. Нәсәидегі сахих хадисте сахаба Абдулла ибн Аббас былай дейді: «Біз Алланың елшісімен бірге едік. Діннің қыр-сырынан хабарымыз жоқ бізге Пайғамбарымыз: «(намаздағы) әр отырыста мына (дұғаны) айтыңдар» деді: «Әт-тахияту лиллаһи уас-салауаату уат-таййбәәт, әс-сәләәму алейка әйюһан-нәбию уә рахматуллаһи уә бәрәкәтуһ, әс-сәләму аләйна уә алә ибәдилләһис саалихиин, әшһаду әл-ләә иләһә иллАллаһ уә әшһаду әннә Мухаммәдән абдуһу уә расуулуһ».
5.Тәшәһһуд дұғасы іштей оқылады. Әбу Дәуіттегі хадисте сахаба Абдулла былай деген: «Тәшәһһудты жасырын оқу – Пайғамбарымыздың ісі». (Хадистің тізбегі –сахих)
6. Әуелгі отырыста тек тәшәһһуд оқылады. Ибн Әби Шәйбәның «Мұсаннаф» атты хадис кітабында сахаба Абдулла ибн Омар (р.а) былай дейді: «Біз екінші рәкағаттан кейінгі отырыста (әуелгі отырыс) тек тәшәһһуд (әттахият) дұғасы үшін ғана отыратынбыз».
7. Соңғы отырыста «тәшәһһуд» (әттахият) дұғасынан кейін салауат айтып, Құраннан және сүннеттен дұғалардың бірін оқиды. Ибн Мажәда риуаят етілген «Сахих хадисте» Ибн Әби Ләйлә былай дейді: «Кәғб ибн Ұжраны кездестірдім. Ол маған: «Саған бір сый жасайын ба? Бір күні бізге Пайғамбарымыз келген еді. Біз оған: Біз сізге намазда қалай сәлем жолдауды үйрендік(әттәхият (сәлем) дұғасын үйренік). Енді сізге салауатты қалай айтамыз? – дедік. Ол былай айтыңдар деді: «Аллаһумма салли алә Мухаммәдин уә алә әәли Мухаммәд. Кәмә саллайта алә Ибраһима иннәкә хамидум мәжид. Аллаһумма бәрик алә Мухаммәдин уә алә әәли Мухаммәд. Кәмә бәракта алә Ибраһима иннәкә хамидум мәжид», – деді (Сахих Мүслім- 570-хадис).
Тәшәһһудтан кейін салауат айту жайында Сахих Мүслімде де келген. Ибн Әби Шәйбаның риуаят етуі бойынша сахаба Абдулла ибн Мәсғұд (р.а.) былай деген: «(Соңғы отырыста) Адам тәшәһһуд дұғасынан кейін Пайғамбарымызға салауат айтып, кейін өзіне дұға тілейді». Бұл хадистен түсінгеніміз, тәшәһһуд дұғасы мен салауатты оқып болып, дұға айту ғалымдарымыздың басым көпшілігінің пікірі бойынша – ұнамды іс (мәндуп). Дегенмен, салауаттан кейін оқылатын дұғамыз Құран не сүннеттен алынған дұға болуы керек. Өйткені, Сахих Мүслімдегі хадисте сахаба Муғауя ибн әл-Хакәмның (р.а.) риуаят етуі бойынша Алланың Елшісі (с.а.у) былай деген: «Шын мәнінде, намазда адам сөзі араласпауы керек. Намаз тәспихтан, тәкбирден және Құран аяттарын оқудан тұрады».
Сондай-ақ, Умайр ибн Сағидтың айтуы бойынша Абдулла ибн Аббас тәшәһһудтан кейін айтылатын дұғалардың арасында «Раббәна әтина» дұғасын да оқуды кеңес еткен (Ибн Әби Шәйбә, Мұсәннаф, 1/264 бет).
материал «Дәлел-дәйектермен намаз оқу үлгісі» кітабынан алынды,
ummet.kz