15
Сәрсенбі,
Сәуір

һижри

«Алла елшісінің (с.ғ.с) намазды қалай оқитынын көрсетейін бе?»

«Алла елшісінің (с.ғ.с) намазды қалай оқитынын көрсетейін бе?»

Намаз

Ханафи және Мәлики мәзһабтарында намазда қол тек ифтитах тәкбірінде ғана көтеріледі. Рукуғқа барғанда және тіктелгенде қолды қайта көтерудің қажеті жоқ.

Бұл жайында хадисші әрі фиқһ ғалымы Имам Мәлік (р.а.) былай дейді: «Намазда әр тәкбір айтқанда қолды көтеру дегенді білмеймін. Сәжде де болсын, рукуғ та болсын. Қол тек намаз басталғанда ғана аздап көтеріледі».

Имам Бұхаридың (р.а.) «Қур-ратул айнайн» атты шағын еңбегінде Бара ибн Әзіп (р.а.) есімді сахабадан риуаят етілген мына бір хадис келтірілген: «Пайғамбарымыз намазда алғашқы тәкбір айтқанда ғана қол көтеретін. Одан өзге уақытта қолын солай көтергенін көрмедім».

Сондай-ақ, Абдулла ибн Мәсғудтан келген бір хадисте: «Абдуллаһ ибн Масғұд: «Мен сендерге Алла елшісінің намазды қалай оқитынын көрсетейін бе? – деп, намаз оқыды. Намазда екі қолын тек намаздың басында ғана бір рет көтерді». (Сахих)

Имам әт-Тахауи өзінің «Мағанил Әсәр» атты хадис жинағында Алқамадан сахаба Абдулланың мына риуаятын келтіреді: «Пайғамбарымыз (с.а.у) намазда тек әуелгі тәкбірде қолын көтеретін де бұл қимылын қайталамайтын».

Имам әт-Тахауиде келтірілген тағы бір риуаятта: «Әзірет Әлі намаздың әуелгі тәкбірінде екі қолын көтеретін. Одан кейін көтермейтін», – делінген.

Пайғамбарымыздың (с.а.с.) ең жақын сахабаларының бірі Әзірет Омар да намазда бір-ақ мәрте қолын көтеретін. Оған Әсуәдтің мына сөзі дәлел: «Мен Омар ибн Хаттабты намазда қолын текәуелгі тәкбірде көтергенін көрдім. Ибрахим де, Шағби де сөйтетін».

Имам Әт-Тахауи: «Бұл хадис – сахих. Өйткені, хадис жеткізуші «рауилердің» арасында Әл-Хасан ибн Айяш деген кісі сенімді (сиқа) әрі хадис саласында беделді кісі», – дейді.

материал «Дәлел-дәйектермен намаз оқу үлгісі» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: