Үсті-басы таза, дәретті кісі намазға тұрарда жүзін құбылаға қаратады. Құбылаға бет түзеу намаздың шартына жатады.
Құран Кәрімде: «Қайдан (жолға) шықсаң да, жүзіңді құбылаға (Мәсжид Харам) жаққа қарат. (Әй, мүміндер!) Қайда болсаңдар да, (намазда) жүздеріңді солай қаратыңдар» («Бақара» сүресі, 150-аят), – делінген.
1. Құбылаға жүзін қаратуға мүмкіндік болмаса, өзіне ыңғайлы жаққа бет бұрады. Құранда: «Шығыс та, батыс та, әртарап Аллаға тән. Сондықтан, қай жаққа бет қаратсаңдар да Алланың жүзі (разылығы) сол жақта» («Бақара» сүресі, 115-аят, – делінген).
2. Құбыланың қай жақта екенін білмеген кісі білетіндерден сұрауы тиіс. Егер ешкім білмесе немесе сұрайтын адам болмаса, өз жорамалына сүйенеді. Намаз оқып болғаннан кейін дөп басып, дәл топшылай алмағаны анықталса, қайта намаз оқудың қажеті жоқ (Маусули әл-Ханафи, Ихтияр, 1/154-бет).
Ал, намаздың үстінде есіне түссе, құбылаға жүзін туралап, намазын ары қарай жалғастыра береді. Бұған дәлел: Ибн Мәжәнің «Сүнән» кітабында Абдулла әкесі сахаба Амир ибн Рабиғадан (р.а.) естіген мынадай хадисті риуаят етеді: «Біз Алланың елшісімен (с.а.у.) сапарға шыққан едік. Аспан бұлтты болғандықтан құбыланы анықтау қиынға соқты. Бет бұрған жағымызға белгі қойып, намазымызды оқыдық. Күн шыққаннан кейін (қарасақ) құбыладан басқа жаққа қарап оқыппыз. Сол жағдайды Пайғамбарымызға айтқанымызда мына аят түсті: «Қайда бет бұрсаңдар да Алланың жүзі (разылығы) сол жақта» (хасан). (Бұл хадистің Дарақұтни риуаят еткен нұсқасында Пайғамбарымыз: «Оқыған намаздарың үшін сауап алдыңдар», – деген) (Ибн Мажә, №1020 хадис; Дарақұтни сүнәні, Намаз бөлімі, №1064 хадис; Тирмизи сүнәні, №345 хадис).
материал « Дәлел-дәйектерімен намаз оқу үлгісі » кітабынан алынды,
ummet.kz