Ханафи мәзһабы бойынша ер кісілер намаздың екі сәжде арасындағы отырысы мен «әттәхият» (тәшәһһуд) отырысында сол аяғын жамбасының астына басып, оң аяғының басшпайларын құбылаға қаратады. Бұл – сүннет.
Бұл жайлы Тирмизидің «сүнәнында» риуаят етілген хадисте сахаба Уә`иль ибн Хужр былай дейді: «Мен Мәдина қаласына келгенімде өз-өзіме «ардақты Пайғамбарымыздың намазын қалай оқитынын көруім керек» дедім. (Барып қарағанымда) Ол кісі тәшәһһүдте оң аяғын (башпайларын құбылаға қаратып) тіктеді. Сол қолын сол аяғының санының үстіне қойды» (Тирмизи, «Кәйфаль Жулусу фит Тәшәһһуд» – 218 баб/292, 293 хадис; Әбу Дәуіт, 179-баб, №957 хадис).
Хадисші ғұлама Тирмизи бұл хадиске «Бұл хадис хасан, сахих. Суфян әс-Саури және куфалық ғалымдардың жолы», – деп, баға берген.
Сондай-ақ, хадисші ғалым Нәсәи риуаят еткен сахих хадисте сахаба Абдулла ибн Абдулла ибн Омар (Омардың немересі) әкесінен (яғни, Абдулла ибн Омардан) естігенін былайша жеткізеді: «Намаздың сүннетінің бірі – оң аяқтың башпайларын құбылаға қарату» (Нәсәи әс-Cүнәнүл-кубра – 373-бет/213-баб, №748 хадис).
материал «Дәлел–дәйектермен намаз оқу үлгісі» кітабынан алынды,
ummet.kz