ӘЙЕЛДІҢ ҚОЛ БАЙЛАУЫ
Әйел кісі көкірек тұсына оң алақанын сол қолының үстіне қояды. Білезіктерін қапсыра ұстамайды. Намаз кезінде өздерін жинақы ұстауы үшін осылай істеген абзал[1].
Табиғин Ата ибн Әби Рабах*: «Әйел кісі қиямда тұрғанда мүмкіндігінше екі қолын жинақы ұстайды», – деген[2].
ӘЙЕЛДІҢ РУКУҒЫ МЕН СӘЖДЕСІ
Әйелдер рукуғқа барғанда саусақтарының арасын ашпастан тізесіне қояды, арқасы мен тізесін сәл бүгеді. Ал, сәждеге барғанда білектерін жерге тигізіп, шын-тақтарын өкпе тұсына тақап ұстайды, қарны қара санына тиуі шарт[9]. Бұл жайында Әбу Шәйба өзінің «Мұсаннаф» атты еңбегінде Әзіреті Әлидің (р.а.) мына сөзін жеткізеді: «Әйел баласы сәждеге барғанда ішін санына тірейді және екі санының арасын ашпай, тигізе тақап ұстайды»[3].
Табиғин Ибрахим ибн Язид ән-Нәхәъидің былай дегенін риуаят етеді: «Әйел кісі сәжде жасайтын болса, қарнын қара санына тигізе тақап ұстасын, бөксесін көтермесін және ер кісілер сияқты (екі шынтағын арасын) ашпасын»[4].
Тағы бір сөзінде Ибраһим: «Әйел кісі сәжде жасағанда екі санын бір-біріне тигізе тақап ұстасын және қарнын қара санына тигізсін...», – [5] деген.
Байхақидың «әс-Сүнәнүл-кубра» атты хадис жинағында Ибраһим ән-Нәхаъи былай дейді: «Әйелдерге сәжде жасағанда қарнын екі санына тигізе тақап ұстасын деп, әмір етілді. Бұл сәжде жасағанда оның бөксесі көтерілмесін деген мақсатта айтылған. Сәжде жасағанда ер кісілер сияқты екі шынтағының арасын ашпасын (деп те бұйырылды)»[6].
ӘЙЕЛ КІСІНІҢ «ТӘШӘҺҺУД» ОТЫРЫСЫ
Тәшәһһуд отырысында әйел кісі екі аяғын бүгіп, сол жағына қарай жамбастай отырады. Яғни, сол жақ аяғын оң жақ санының астынан өткізіп, бір жамбастай отырады[7]. Мұндай отырыс әйел табиғатына сай келеді әрі жинақы көрінеді. Мұны «тәуәррүк отырысы» дейміз. Бұған төмендегі хадис дәлел:
Абдулла ибн Омар (р.а.) риуаят еткен бір хадисте ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Әйел баласы намазда сол жақ аяғын оң жақ санының астына басып отырады. Ал, сәждеде қарнын қара санына тигізе тақап ұстасын. Әйел осылай еткенде жинақы көрінеді. Алла (осылай отырып оқыған әйелге) қарап періштелеріне: «Уа, періштелерім! Куә болыңдар, мен бұл әйелдің күнәсін кешірдім», – дейді» деп, айтқанын жеткізген болатын[8].
[1] Тәхәнәуи, Илә’әссүннә – 2/199 бет; әл-Айни, Биная; әл-Шарнабәләли, Нурул изах
[2] Ибн Әби Шәйбә, Мұсаннаф.
[3] Бадайғ – 1/62 бет; Бадруддин Айни, әл-Биная – 2/249-бет.
[4] Ибн Әби Шәйбә – 1/241 бет, №2777-хадис.
[5] Имам Бұхари «Қурратуль айнайн» №23 хадис.
[6] Ибн Әби Шәйба, Мұсаннаф, Әйелдің сәжде жасау бабы – 1/242-бет, 2782
[7] Ибн Әби Шәйба, Мұсаннаф, Әйелдің сәжде жасау бабы – 1/242-бет, 2779
Байхақи әс-Сүнәнүл-күбра – 2/314-бет.
[8] ТА.М.Таһмаз: әл фиқһул ханафи фи саубиһил жәдид, 1-том, 226-бет.
материал «Дәлел-дәйектермен намаз оқу үлгісі» кітабынан алынды,