Дарақұтнидің «Сүнәнындағы» сахаба Әбу Дәрданың мына сөзі риуаят етіледі:
«Бір кісі Пайғамбарымыздан:
– Барлық намазда қырағат етіле ме? – деп сұрағанда, «Иә» деген жауап естіді. Сонда жаңағы кісі: «бұл маған міндет болды» дейді. (Әбу Дарда) Сол кезде жұртқа қарағанда, мен Пайғамбарымызға ең жақынырақ тұр едім, Ол кісі (с.а.у.) маған бұрылып:
– Алайда қашан жамағат имаммен бірге оқыса, оның оқығаны жамағатқа жетеді», – деген еді .
Имам Мәліктің «Әл-Муатта» атты хадис кітабындағы риуаятта сахаба Абдулла ибн Омардан (р.ғ.): «Имамның артында тұрған адам қырағат ете ме?», – деп сұрағанда ол (р.а.): «Кім де кім имамға ұйып, намаз оқыса, имамның кырағат етуі жеткілікті. Ал, оңаша оқығанда қырағат етсін»,– деп, жауап берген. Абдулла ибн Омар имамның артында тұрғанда қырағат етпейтін.
Жоғарыда келтірілген хадистердің барлығы имамға ұйыған кісі іштей «Фатиха» және зам сүрені оқымайтындығына дәлел бола алады. Кей ғалымдар сахаба Әбу Һұрайра мен Айша (оларға Алла разы болсын) анамыздан риуаят етілген: «Фатиха» сүресі оқылмаған намаз толық емес» деген хадиске сүйеніп, имамның артындағы жамағат та оқуы керек дегенді алға тартады. Алайда, бұл хадис дәлел бола алмайды. Өйткені, Пайғамбарымыз (с.а.у.) бұл өсиетін намазды оңаша оқитындарға қаратып, айтуы мүмкін. Бұлай деуімізге Ақиық сардардың (Алланың сәлемі мен игілігі жаусын!) өзге хадисінде: сахаба Жәбирдің (р.а.) риуаяты бойынша Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Кім имамға ұйыған болса, имамның қырағат етуі – оның да қырағаты болып есептеледі», – деген.
Әнас ибн Сириннің риуаяты бойынша, Омар ибн Хаттаб: «Саған имамның оқуы жеткілікті», – деген. «Фатиха» оқымағанның намазы жоқ» деген хадиске Имам Ахмад ибн Ханбал: «Бұл хадис өз бетінше оңаша оқитындарға қатысты айтылған», – деп, түсіндірме берген (Ибн Әби Шәйбә, «ман раххаса филь қираәтә халфәл имам», №9
хадис).
материал «Дәлел-дәйектермен намаз оқу үлгісі» кітабынан алынды,
ummet.kz