Ақыл есі дұрыс, балиғатқа толған ерлер мен хайыз не нифәстан арылған әр әйел мұсылманға намаз оқу – парыз. Дау жоқ, мұнда иттифәқ бар. Денемен орындалатын намаз бен ораза сияқты құлшылыққа өкілеттілік жүрмейді. Намаздың парыз екенін жоққа шығарған адам діннен шығады. Өйткені намаз нақты түрде аят, хадис және ижма дәлелдерімен тұрақтанған. Жалқаулықпен, немқұрайдылықпен намазды оқымаған адам күнәһар және пасық болады.
Намазды оқымау дүние мен ахіретте азапқа душар етеді. Ахіреттегі азап туралы Алла Тағала былай дейді:
«Олар (жұмаққа орнығып алып,) күнәһарлардан «Сендерді «Сәқар» жәһәннәміне айдаған не нәрсе?» - деп сұрайды. Олар «Біз намаз оқымайтын едік» - дейді»31.
«Олар (дүниеден) өткеннен кейін орындарына намазды тастап, нәпсіқұмарлықтарына берілгендер келеді. Бұлар (қияметте) азғындықтарының жазасын тартады. Ал кімде-кім тәубе қылып, иман келтіріп, жақсы істермен шұғылданса, олар жәннәтқа кіреді, ешбір әділетсіздікке ұшырамайды»32.
Хазіреті Пайғамбар (с.ғ.с) былай дейді:
«Біле тұра намаз оқымаған адам Алла мен Расулының қарамағынан шығады»34.
«Кімде-кім екінті намазын оқымаса, амалдары босқа кетеді»35.
«Кімде –кім немқұрайдылықпен үш рет жұма намазын оқымаса, Алла Тағала оның жүрегіне мөр соғады»36.
Ханафилардың ұстанымдары бойынша жалқаулықпен намаз оқымай, бірақ намазды жоққа шығармаған адам діннен шықпайды, бірақ күнәһәр, пасық болады. Ол бұл турасында ескертіліп, тәубеге шақырылады. Жаман үлгі болмасын деп қоғамнан алыстатылады және оны әдепке келтіру үшін сабауға да болады. Рамазан оразасын ұстамаған адам да осы үкімнің аясына жатады37. Ханафилардан өзге мәзһаб имамдарының ұстанымдары бойынша еш себеп-сылтаусыз намаз оқуды тәрік еткен адам діннен шыққан мүртәд адам сияқты Ислам қоғамына қарсы шыққан болып саналады. Тәубе етпесе, ең ауыр жазаға тартылады38.
Намазын ұмытып, ұйықтап немесе жалқаулықтан уақытында оқи алмаған адам қазасын өтейді. Хадисте:
«Кімде-кім ұйықтап немесе ұмытып кетіп намазын оқымаса, есіне түскенде дереу оқысын!» - делінген. Фәқиһтардың басым көпшілігінің пікірінше ұйықтап қалу немесе ұмыт кету сияқты үзір себебінен намазын уақытында оқи алмаған адамға қаза ету керек. Ал үзірсіз, жалқаулықтан оқымаған адам, тіпті, қаза етуі міндет. Және де уақытында оқи алмағаны үшін Аллаға тәубе мен истиғфар етуі керек. Алла Тағала қаласа, өзіне серік қосудан басқа күнәларды кешіреді. Намаз туралы кешірімді де қамтуы мүмкін екен бұл ерекше кешірімнің ауықымын Алла Құранда былай деп тілге тиек еткен:
«Расында, Алла өзіне шірк/серік қосушылардың күнәсін кешпейді. Онан басқа күнәларды қалаған адамына кешіре береді. Кім Аллаға серік қосса, оның жала жауып, ауыр күнәға батқаны»40.
Ұбәдә бин Сәмит риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с) былай деген:
«Алла Тағала құлдарына парыз еткен бес намазға немқұрайды қарамай, лайықты түрде, кемшіліксіз оқыған адамын өз жәннатына кіргізетіндігіне сөз берді. Ал намазды орындамағандарға мұндай уәде бермеген. Қаласа, азаптайды. Қаласа, кешіреді»41.
Әбу Һүрайрадан риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с):
«Адамның қиямет күні ең алғашқы есеп беретін нәрсесі – парыз намазы. Егер бұл намазды толық орындаған болса, қандай жақсы! Әйтпесе былай делінеді: «Қараңдар! Мұның нәпіл намаздары бар ма? Егер нәпіл намаздары бар болса, парыздардың кемшілігін осы нәпілдермен толықтырады. Сосын басқа парыздар үшін де осылай жасалады»42 - деп, парыз намаздардың маңыздылығына назар аудартқан.
Бұл жағдайда парыз намаздардың кемшілігін сүннет пен басқа нәпіл намаздар толықтырады. Парыз, уәжіп, сүннет деп бөлмей, құлшылықтардың орындалуы мүминнің мақсаты болуы керек. Өйткені бұл дүниелік тыныштық пен рухани бақыыттың көзі ғана емес, сонымен қатар ахірет үшін де ең үлкен дайындық.
«Дәлел-дәйектерімен Ислам ғылымхалы» кітабы
Қолданылған әдебиет:
31. Мүддәссир, 74/40-43.
32. Мәриям, 19/59, 60.
33. Мағун, 107/45.
34. А.Б.Ханбәл, V, 238, VI, 44.
35. Бұхари, Мәуақит, 15, 34; Нәсай, Саләт, 15.
36. Нәсәи, Жұма, 2; Термези, Жұма, 7; Ибн Мәжә, Иқамә, 93.
37. Ибн Абидин, Рәддүл-Мухтар, Мысыр, І, 326; әш-Шүрүнбүлани, Мәрақил,Фәлах, Мысыр, 1315, 60б. Зұхайли, әл-Фиқһүл-Ислами уә Әдилләтүһ, Дамас, 1985, І, 503.
38. Ибн Рүшд, Бидаятул-Мүштәһид, Мысыр, І, 87; әш-Ширази, әл-Мүһәззәб, І, 51; Ибн Құдамә, әл-Мұғни, ІІ, 442-447; Зұхайли, а.а.ш., І, 503, 504; Бұхари, Дият, 6; Мүслим, Қасама, 25, 26.
39. Әбу Дәуітғ Саләт, ІІ; Ибн Мәжә, Саләт, 10, Нәсәи, Мәуәқит, 53.
40. Ниса, 4/48.
41. Әбу Дәуіт, Үтір, 2, Нәсәи, Саләт, 6; Дәріми, Саләт, 208; Мәлік, Муатта, Саләтүл-Ләйл, 110.42. Термези, Саләт, 188; Әбу Дәуіт, Саләт, 145; Нәсәи, Саләт, 9; Ибн Мәжә, Иқамә, 202.
1.2 Намаздың мәні Намаз   2.1 Парыз намаздар мен рәка’ат сандары