19
Сейсенбі,
Наурыз

һижри

1.2 Намаздың мәні

Намаз

Намаз – Ислами ғибадаттардың алғашқы сатысы, діннің дінгегі, иманның нұры, мүминдердің миғражы болған ерекше құлшылық.

Намаз «дұға ету, мадақтау және тағзым ету»: сияқты мағыналарға келеді. Алла Тағала аятта былай деп бұйырады:

«Оларға дұға ет! Өйткені сенің дұғаң оларға рахат пен тыныштықтың көзі»3.

Намаздың терминдік мағынасы – «тәкбірмен басталып, сәлеммен аяқталатын арнайы әрекет пен сөздерден тұратын құлшылық».

Намаз – құлды Раббысының разылығына бөлейтін ғибадат көздерінің ең үлкені және ең маңыздысы екені сөзсіз. Өйткені намаз қамтыған мазмұны мен дәрежесі тұрғысынан бұкіл ғибадаттардың шыңы, асылы.

Әлемдегі бүкіл жаратылыс – Күн, көгал, шымдауыт, ағаштар Алланы зікір етеді. Ұшқан құстар, тау мен тастар Хаққа құлшылық етеді.

Олардың бұл құлшылықтары мен салған зікірлері бізге беймәлім болса да, солай. Өсімдіктердің ғибадаты қиям (тік тұру) халінде, хайуандардікі рүкуғ (еңкею) халінде, жансыз деп саналғандардікі жерге жабысқан түре, яғни сәжде күйінде. Аспандағылардың жағдайы да осылай. Періштелердің бір бөлігі зікір етуде. Ал, Алла Тағаланың мүминдерге миғраж ретінде сыйлаған намаз ғибадаты күллі жаратылыс пен періштелер жасап жатқан ғибадаттардың барлығын қамтиды.

Намаз адамды Алла Тағаланың разылығына бөлейді. Періштелердің сүйіспеншілігін тартады. Намаз – пайғамбарлардың жолы, мағрифат нұры, иманның негізі, дұғалардың қабыл болуының ең үлкен ықпалы. Адамның істеген амалдары шын жүрекпен оқыған намаздарының арқасында қабылданады да, оның өміріндегі  аса мол берекенің ерекше көзіне айналады. Намаз денені рахаттыққа бөлейді, дұшпандарға қарсы қару болып, шайтанды қашырады және өлім періштесіне қарсы шапағатшы болады. Намаз – қабірдегі шырақ әрі төсек. Мүнкәр мен Нәкір деген сұрақ қоюшы перішетелерге жауап. Қияметке дейінгі жолдас. Қиямет күні көлеңке, бастарына тәж, денесіне киім, алдында жүретін нұр. Адамдар арасындағы керілген перде. Раббылары алдындағы мүминдер құжаты. Мизандағы ауырлық. Сыраттан өту. Жәннаттың кілті. Өйткені намаз тәсбих (пәктеу), хамд (мадақтау), тағзым, Құран оқу әрі дұға деген ғибадаттардың барлығын қамтиды. Сөздің қысқасы, «абзал амалдардың барлығын уақытында оқылған намаз қамтиды».

Сондықтан намаз Алламен кездесу, Оған қауышу сәті әрі үмметке кішкентай миғраж ретінде сыйланған. Құран Кәрімде:

«Сәждеге жығылып, жақында!»4 - деп бұйырылғандай, Рабб Тағаланың алдына шыға білу нығметі де намаз арқылы іске аспақ.

Шын намазда бүкіл мәсиуә, яғни, құлдың Аллаға табынып, бағынуына бөгет болатын барлық нәрселер арадан шығады, нәпсіқұмарлықтары мен дүниелік нәрсе өшеді. Ақынның:

«Сен шықсаң арадан,

Қалар сені жаратқан» - деп айтқанындай, құл мен мағбуд5 – Алла оңаша кездесу мәжілісінде бірге болады. Сөйтіп, құл иләһи сырлардың тереңдіктеріне қарай самғай бастайды. Өйткені намаз – миғраждағы кездесуде арада Жәбірейіл (ғ.с.) болмай, Хазіреті Пайғамбарға (с.ғ.с.) Алла тікелей бұйырып, парыз қылған және сонымен араға ешбір дәнекер салмай, тек Алламен ғана бірге болуға арналған ерекше құлшылық. Осындай көңіл күйімен оқылған намазды Пайғамбар (с.ғ.с.):

«Намаз көзімнің қарашығы» 6 деп сипаттаған.

Намаз арқылы жетілетін кәмілдік, тыныштық, көңілдің алаңсыз рахатқа кенелуі және Аллаға жақындық деген сезімге басқа ғибадатпен қол жеткізілмейді. Дүниеде намаздың мәртебесі ахіретте Алланы көру мәртебесімен бірдей болады. Өйткені құлдардың дүниеде Аллаға ең жақын болған сәттері – намаз сәттері. Ең нәзік ләзаттар мен рухани көріністер, табыстар – намазда. Сондықтан бүкіл ғибадаттар құлды намазға дайындау үшін баспалдақ тәрізді десе, орынды сөз болмақ.

Бүкіл ұлы құрамымен намаз Алла мен құл арасындағы екіге бөлінген ерекше ғибадат. Құдси хадисте былай баяндалған:

«Намазды Өзім мен құлымның арасында екіге бөлдім. Жартысы Менікі, екінші жартысы оныкі»7.

Сондықтан намаз – Алла мен құл арасындағы дұға, жалыну әрі зікір дегені. Алла Тағала былай бұйырады:

«Мені зікір ету үшін намаз оқы!»8.

«Олай болса, сендер мені (ғибадат қылумен) еске алыңдар, мен де сендерді (сауапқа кенелтіп, мағрифатымен бөлеп) еске алайын. Әрі маған шүкірлік етіңдер, күпірлік (опасыздық) етпеңдер»9 аятындағы сыр басқа ғибадаттардан гөрі намазбен іске асады.

Өйткені зікір – еске алу. Негізгі мағынасы – жүрекпен, тілмен, барлық мүшелермен жүректің ояу халінде еске алу. Зікірдің ақиқаты – зікір жасаған адамның зікір салған тұлғасынан басқасын мүлдем ойдан шығаруы. Осылай оның жүрегіне өзіне деген ынтықтық нұрын құяды. Алланы еске алу Оған мойынсұнбаған адам Оны еске алған деп саналмайды. Алланың бізді еске алуы – құлшылығымызға сауап жазып, күнәларымызды кешуі, үстімізге төнген қауіп-қатерлерден амандыққа шығаруы деген сөз.

Зікірдің барлық түрлерін қамтыған намаз ғибадатымен «...Мені зікір еткенмен Мен біргемін...11» - деген құдси хадистегі сыр ортаға шығады.

Бірақ Алланың «бірге болу» деген осы сүйіншісі тиісінше өз пайдамызға асыра білу үшін «ихсан» халінде болуымыз керек. Ихсанның не екені Алла Расулы (с.ғ.с) былай баяндаған:

«...Ихсан – Алланы көріп тұрғандай ғибадат жасауың! Сен Оны көре алмасаң да, ол сені көріп тұр!»12.

Міне, осылай оқылған намаз көздің қарашығы іспеттес, оның нұры болмақ. Хазіреті Пайғамбар (с.ғ.с.) дүниелік шұғылданулар көңілін алаңдатқанда:

«Ей, Біләл! Азан шақырып, бізді рахатқа бөле!» - деп бұйыратын.

Өйткені намазға тең келетін ешбір ғибадат жоқ. Намаз оқып жатқан адам намаздан басқа ешбір нәрсемен шұғылданбайды.  Намаз оның көңілін әртүрлі қатынастан үзіп, түсінік жете алмайтын түрде Алламен кездестіріп, сұхбаттастырады. Басқа ғибадаттарда жағдай бұндай емес. Мысалы, ораза ұстаған кісі базарда сатып алушы да, сатушы да болады. Қажылықта да осылай. Бірақ, намаз оқып жатқанда адам сатушы да, алушы да бола алмайды. Ол тек намаз оқушы. Яғни, затымен де, рухымен де Хақ Тағаланың алдында. Кәміл мүминдер –

«...Намаз – мүминдерге уақыты белгіленген парыз»13 - деген аят кәримәнің баяны бойынша өмір бойы күнде бес мәрте нәпсімен күресу арқылы орындалған мойынсұнуға әрі қосымша нәпіл намаздарымен кәмілдікке жетеді. Раббымыздың «Раббыңа қайт!» әмірі бойынша рахмет пен шексіз сыйлықтарға жетумен ерекше құлдар арасына қатысып, дәрүс-сәләмге, яғни, бақыт жұртына көшеді.

Алла Тағаланың бар және бір екенін біліп қабылдау – ең үлкен парыз. Одан кейінгі парыздардың ең маңыздысы – намаз. Иманның сыртқы қоғамдағы көрінісінің ең бірінші белгісі – намаз. Намаз – жүректің нұры, көңілдің қуанышы, рухтың және мүминнің миғражы.

Намаз Исламнан бұрынғы Алладан келген діндерде де бұйырылған. Хазіреті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бес уақыт намаз парыз болмай тұрғанда, тек таңертең күн шықпай тұрғанда және ақшам күн батқаннан кейін, күніне екі рет қана намаз оқитын. Сосын миғраж түнінде бес уақыт парыз болды.

Намаздың парыз болуы Кітап, Сүннет және Ижмамен тұрақтанған.

Құран Кәрімнің көптеген жерінде «намаз оқыңдар және зекет беріңдер!» деп бұйырады. Намаз туралы аяттардың біразы мыналар:

«Намаздарға, әсіресе орта намазға14 (уақытында әрі рүкундары мен шарттарын орындап қана оқуға) сақ болыңдар. Алла үшін Оған шынайы құрмет көрсеткен халдерінде (намазға) тұрыңдар!»15.

«...Намаз – мүминдерге уақыты белгіленген парыз»16.

«Әсілі олар тек хақ дінінен ауытқымай, Аллаға шын ықыласты бола отырып, Оған құлышылық етуге, намаз өтеуге, зекет беруге бұйырылған. Нағыз тура дін – міне, осы»17.

«Намаз оқыңдар, зекет беріңдер, Аллаға сүйеніңдер! Ол – сендердің иелерің (Алла). Неткен жақсы ие, неткен абзал медеткер!»18.

Намазға сүннетте дәлел өте көп. Олардың кейбірі мыналар:

Ибн Омардан (р.а) риуаят етілгені бойынша Хазіреті Пайғамбар (с.ғ.с) былай деген:

«Ислам бес нәрсеге негізделген: Алладан басқа тәңір жоқтығына, Мұхаммедтің Алланың елшісі болғанына куәлк ету, намаз оқу, зекет беру, қажылыққа бару және оразасын ұстау»19.

Хазіреті Пайғамбар (с.ғ.с) Мұаз б. Жәбәлді Йеменге жібергенде, былай деген екен:

«Сен кітап иесі қауымға бара жатырсың. Оларды алдымен Аллаға құлшылық етуге шақыр! Алланы танитын болса, Алла оларға бір тәулікте бес уақыт намазды парыз қылғанын айт. Намаз оқитын болса, Алланың оларға байлардан алып, кедейлерге беру үшін зекетті парыз қылғанын айт. Мойынсұнатын болса, мұны олардан ал, адамдардың мал-мүлкінің ең жақсынын алма. Зұлымдыққа ұшыраған адамның қарғысынан сақтан. Өйткені оның дұғасы мен Алланың арасында перде жоқ»20.

Құран мен Сүннетің аясында бүкіл Ислам үмметі бір күнде бес уақыт намаздың парыз болғаны турасында ижма жасаған. Яғни, бәрі бір пікірде.

Намаздңы һижраттан бұрын Миғраж түнінде парыз болғаны нақты хабарлармен белгіленген. Әнәс (р.а.) риуаят еткен хадисте былай деген: «Миғраж түнінде Хазіреті Пайғамбарға елу уақыт намаз парыз болды, сосын азайтылып, беске түсті, сосын мынадай дауыс естілді: «Ей, Мұхаммед! Менің алдымда сөз өзгермейді. Осы бес уақыт намаз үшін саған елу уақыт намаздың сауабы беріледі»21.

«Алла Тағала миғраж түні үмметіме елу уақыт намазды парыз қылды. Мен Оған жүгініп, жеңілдетуін сұрадым. Ақырында, бір күнде бес уақытқа түсті»22.

Намаз балиғатқа толған, ақыл есі дұрыс әр мұсылманға парыз. Алайда жеті жасына толған балаға намаз оқуды бұйырып үйрету керек. Он жасқа толғанда намаз оқымаса, аздап жазалауға болады. Хазіреті Пайғамбар (с.ғ.с) былай бұйырады:

Намаз – Алланың берген сансыз нығметтеріне шүкіршілігіміздің көрсеткіші. Намаздың діни қоағмдық, жеке басқа тәрбиелік тұрғыдан көптеген пайдалары бар. Намаз – Алла мен құлдың арасындағы байланыс. Бұл байланыс діннің тірегі мен негізі. Бес уақыт намазды шарттарына сай және уақытында оқыған адамның үлкен күнәлардан аулақ болса, күнәларының кешірілетіндігі аятпен, хадистермен білдірілген. Құран Кәрімде былай делінеді:

«(Ей, Мұхаммед!) Өзіңе уахи етілген кітаптан (Құраннан) оқы және (рүкундарын толықтап) намаз өте! Расында, намаз жиіркенішті істерден, жамандықтан тыяды. Алланы еске алу – (басқа құлшылықтың бәрінен) ұлы. Алла сендердің барлық істеріңді біліп тұрады»24.

«Расында, мүминдер (Алланың кәріне ұшыраудан) құтылды. Олар – намаздарында именіп (хұшуғ халінде) тұратыңдар»25.

Хазіреті Пайғамбар (с.ғ.с) хадистерінде былай баяндаған:

-         Сендердің біреуіңнің есігіңнің алдынан өзен ағып жатып, сол өзенге күн сайын бес рет жуынса, онда кір дейтін ештеме қала ма?» - деп сұрады. Сахабалар:

-         Жоқ, қалмайды – десті. Сонда Расулұлла (с.ғ.с):

-         Бес уақыт намаз да сол сияқты. Судың кірді жоғанындай, намаз да (төлем) болатындығы хадисте былай баяндалады:

«Үлкен күнәларды істемесеңдер, бес уақыт намаз өз аралығындағы, жұма намазды да келесі жұмаға дейінгі аралықтағы жасалған (кіші) күнәларды жабады»27.

Намаз құлды Аллаға жақындатады. Рух пен ерік күшін арттырады. Адамды сабырға, шүкір етуге үйретеді. Күн сайын белгілі уақытта намаз оқыған мүмин дүниеқұмарлық, жамандық пен мақтаншақтықтан қорланған болады. Шынайы оқылған намаз ықылас, тақуалық пен тамаш мінез-құлықтың қалыптасуына ықпал етеді.

Құран Кәрімде былай баяндалады:

«(Әрі) Сабырмен (табандылықпен), (әрі) намаз оқумен (Алладан) жәрдем тілеңдер. Шынында,  бұл аса үлкен (ауыр, машақаты мол іс). Бірақ хашиғыйндар (шын көңілімен бас  иіп, құрмет тұтқандар) үшін олай (ауыр) емес»28.

Яғни, намаз оларға ауыр келмейді, керісінше, олар ләззаттанып, рахат сезімге бөленеді, тіпті, намаз оларға үйреншікті іс болады.

Хазіреті Пайғамбар (с.ғ.с) былай деген:

«Дүниелеріңнен маған әйел мен хош иіс сүйкімді қылынды. Намаз көзімнің қарашығындай болды»29.

Алла Расулы (с.ғ.с) уайым мен қайғылы кездерінде рахаттану үшін:

«Ей, Біләл! Тұр, азан шақыршы, намаз оқиық. Сөйтіп, рахаттанайық!»30 - деп айтатыны да риуаят етілген.

Намаз ұлт пен түрге, тіл мен елге айырмай мүминдерді бір сапқа жинайды, қоғамдық сананы күшейтеді. Әлеуметтік көмек көрсетуге үйретеді, жамағаттың бірлігін қамтамасыз етеді. Мүминдерді күпірлікке қарсы қоғам етеді.

Жамағатпен намаз оқылатын мешіттер халықтың өзара көмектесуіне, ұйымдасып, рухани тұтастығының күшеюіне арна болады.

 

 «Дәлел-дәйектерімен Ислам ғылымхалы» кітабы


1.1 Құлшылықтағы негізгі мақсат  Намаз 1.3 Намазды тәрік етудің үкімі


Қолданылған әдебиет:

3. Тәубе, 9/103.

4. Аләқ, 96/19.

5. Өзіне құлшылық істелетін.

6. Нәсәи, Ханбәл; Зұлхайли, 1, 386.

7. Мүслим, Саләт, 38, 40.

8. Таһә, 20/14.

9. Бақара, 2/152.

10. Құртуби, 2, 171; Нәсәфи, 1, 84; Хижази, Тәфсирүл Құран, Чантай.

11. Бұхари, Тәухид.

12. Мүслим, Иман, 1.

13. Ниса, 4/103.

14. Имам Ағзам Әбу Ханифа мен көпшілік фәкитар және мүфәссірлердің тұжырымы бойынша орта намаз – екінті намазы. Өйткені, Расулұллаһ саллаллаһү аләйһи уә сәлләм Хәндәк соғысы күні «Дұшпандар бізді орта намаздан (екінтіден) тосып қойды» деген. (Бұхари, Жиһад, 98; Мүслим, Мәсәжид, 202, 205, 206; Бәйхаки, 1, 460; Термези, Салат, 19; Ибн, Кәсир, 1, 427-428; Құртуби, 3, 209). Орта намаздың таң намазы және де басқа уақыттағы намаздар деген риуаяттар мен тұжырымдар бар. Бұл мәселеде мұсылмандарға тиесілі міндет – барлық парыз намаздарды орта намаз деп бағалап, мұқият орындауы.

15. Бақара, 2/238.

«Мойынсұнушы ретінде тұрыңдар. Құрандағы аяттарда өткен «Құнут» сөзінің мағынасы – мойынсұну. Кейбір ғалымдардың пікірінше «Үндемей бас иген» деген мағынаны білдіреді. Сахабалар былай деген: «Біз Исламның алғашқы жылдарында намазда тұрып, сөйлесе беретін едік. Осы аятпен намаз кезінде үндемеуге бұйырылдық.» (Бұхари, әл-Амәл фис-Салат, 2, Мүслим, Мәсәжид, 35; Термези, Тәфсирү сүре 2, 33).

16. Ниса, 4/103.

17. Бәййинә, 98/5.

18. Хаж, 22/78.

19. Бұхари, Иман, 1,2; Мүслим, Иман, 19-22.

20. Бұхари, Зекет, 41,63; Мәғази, 60, Тәухид,1; Нәсай, Зекет, 1; Дарими, Зекет, 1.

21. Термези, Саләт, 45; Нәсәи, Саләт, 1, А.Б.Ханбәл, ІІІ, 161, ІV, 208, 209.

22. Бұхари, Салат, «; Мүслим, Иман, 263; Ибн Иқама, 194; Ахмед б.Ханбәл, V6 144.

23. Әбу Дәуіт, Саләт, 26; А.Б.Ханбәл, ІІ, 180, 187.

24. Анкәбут, 29/45.

25. Мүминун, 23/1-2.

26. Бұхари, Мәуақит, 6; Мүслим, Мәнасид, 283; Тірмізи, Әдеп, 80, 90; Нәсай, салат, 7; Ибн Мәжә, Иқама, 193.

27. Мүслим, Тахара, 14, 15; Тірмизи, Мәуақит, 46; Ибн Мәжә, Тахара, 79, 106; Ибн Ханбәл, Мүснәд, ІІ, 229, 359, 400.

28. Бақара, 2/45.

Нәсәи, Ишратүн Ниса, 1: Хәнбіл, 3/128.

30. А.Б.Ханбәл, І, 206, 258, 280, V6 388; Нәсай, Мәуақит, 46.

Бөлісу: