Жаназаның жуылуынан көмілуіне дейін жасалатын істерге – «тәжһиз» (әзірлеу) дейді. Исламда өлген адамның ең қысқа мерзімде жуылып, кебінделіп, жаназа намазы оқылып көмілуі керек. Бұл – мұстахап.
Мәйіттің жуылуы: Мәйітті жоғары бір жерге шалқалап жатқызып, әурет жері жабылады. Ер кісіні – ерлер, әйел затын – әйелдер жуады. Мәйітті жуған бір кісіге тағы бір кісі су төгіп көмектеседі. Мәйіттің басы мен денесінің басым көпшілігі бар болса жуылады.
Егер де басы болмай тек қана жартысы болса, немесе кеудесінің басым көпшілігі жоқ болса, жуылмайды. Кебінделмейді, намаз да оқылмайды. Бір матаға орап көміледі.
Мәйітті жуу – оған ғұсыл мен дәрет алдыру. Ғұсыл алуды білетін адам өлікті жуа алады.
Жуатын адам қолына бір мата орап, мәйіттің әурет жерін жуып, тазалайды. Осыдан кейін мәйітке дәрет алдырады. Дәрет алдырған уақытта аузына, мұрнына су құймайды. Тек қана саусақтарымен мәсіх етіп сүртеді. Бетін және қолдарын жуып, басын мәсіх етеді. Аяқтарын жуады.
Осыдан кейін мәйіттің үстіне су төгіп, басы мен денесін сабындалған сумен тазалап жуады. Оң мен солына кезек-кезек ауыстырып жуады. Әр мүшені жуған кезде үштен аз жумау – сүннет. Осыдан кейін мәйтті отырғандай етіп, өзіне тартып, қарнын басады.
Астынын бір нәрсе шықса, тек сол жерді ғана жуып тазалайды. Қайта дәрет алдырудың қажеті жоқ. Бәрі біткен кезде мәйітті сүлгімен сүртіп, кебіндейді. Одан кейін басына, жүзіне, сақалына әтір жағады. Мәйіттің шаш пен тырнақтары алынбайды.
Мәйітті жабық жерде жуу керек. Мәйітті өзіне ең жақын адамның немесе жаназа жууды жақсы білетін адамның жуғаны жақсы.
Әйел ерін жуа алады. Бірақ әйелді жуатын әйел кісі болмай қалған жағдайда ері өлген әйеліне тек қана тәйәммүм алдыра алады. Қатты ісіп кетіп жарылғалы тұрған немесе жуылуы мүмкін емес мәйіттің үстіне су төгілсе, жеткілікті.
Жуатын кезде жууға ниет етіп, «бисмилла» деп бастайды. Жуған уақытта «ғуфранака иа Рахман», «Алла кешір» деген дұғана қайталап отырады. Егер су табылмаса тәйәммүм жасалады. Бөтен еркектер арасында өлген әйел мен бөтен әйелдер арасында өлген еркектерге тәйәммүм жасалады.
Пайғамбарымыз (ﷺ) былай дейді: «Әйел өзінен басқа әйел болмай еркектер арасында өлсе, еркек өзінен басқа еркек болмай әйелдер арасында өлсе, екеуі де тәйәммүм жасалып көміледі. Екеуінің жағдайы да су табылмаған болып саналады».