23
Сенбі,
Қараша

һижри

38. Иғтикәфтың мәнісі мен мақсаты

Ораза

  

Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) үнемі орын-даған амалдан асқан құндылық бар ма?! Иғтикәф еткен адамның мысалы біреудің табалдырығында қажетін табандылықпен сұрап отырған адамға ұқсайды. Мұндай жағдайда тіпті ең қатыгез жүректің жұмсауы ғажап емес! Ал жомарттығы ұлықтығына лайық Хақ Тағала пендесін қашанда кешіруге әзір.

Көп жағдайда тіпті себепсіз де кешіреді. Ал жан-тәнімен Жаратушысына берілген пенденің қажеті өтелуінде қандай күмән бола алады?!

Ибн Қайим (рохматул-лаһи ъаләйһи) айтады: «Иғтикәфтің мақсаты мен рухы – барлық нәрсемен қатынасты үзіп, жүректі Хақ Тағаламен байланыстыру. Өзін Алла Тағалаға тапсыру. Жаратылғанмен байланысты үзіп, Жаратушымен байланысу».[1]

«Марақил-Фалләхтің» жазбагері айтады: «Ықыласпен орындалған иғтикәф ең абзал амалға айналады».[2]

Иғтикәфта болған адам қандай халде болмасын, үнемі құлшылық еткен болып, әрдайым Алла Тағалаға жақындай түседі. Ал Имам Муслим Әбу Заррдан (родиял-лаһу ъанһу) риуаят еткен құдси хадисте Жаратушы Иенің мына сөзі келтірілген: «Бір игілік істегенге он есе артық сауап. Әрі одан да артығын беремін. Жамандық істегенге жазасына сол мөлшердегі жамандық беріледі немесе Мен оны кешіремін. Пендем Маған бiр кез жақындаса,[3] Мен оған бiр құлаш жақындаймын.[4] Егер Маған жүрiп келсе, Мен оған қарай жүгiремiн.[5] Жер бетiн толтыратындай көлемде күнә iстеп, бiрақ құлшылығыңда Маған серiк қоспаған пенденің істеген күнәсіне сай кешіріммен қарсы аламын».[6]

Иғтикәфта адам баласы Хақ Тағаланың қонағына айналып, Жаратушы Иенің қамқорлығында болады.

Абдуссамад Махат

«Нұр Астана» мешітінің наиб имамы



[1]«Фадаил-аъмәл».

[2]Бұл да сонда.

[3]яғни, аз да болса. («Тухфатүл-Ахуази»)

[4]ғалымдар бұл сөздің ұғымына қатысты айтады: «Пендем маған әміріме итағат етумен жақындаса, Мен оған жарылқауым мен рахметімді жаудырамын». («Сунәнут-Тирмизи»)

[5] яғни, оның тілек-қажетін орындауға асығамын. («Сахиху Муслим») Жалпы айтқанда: тәубесiне келсе күнәсiн тез кешiремiн, iстеген жақсылығының сауабын есесiмен беремiн.

[6]«Сахиху Муслим». Хадистің жалпы мағынасы: Маған әміріме итағат етумен «жақындағанға» оны рахметіме бөлеумен «жақындаймын». Маған итағат етіп, ыждағаттылық еткенге рахметімді жаудырамын. («Риядус-Солихин»)

Бөлісу: