23
Сенбі,
Қараша

һижри

Тарауих намазы

Ораза

Рамазан айында жиырма рәкәғат тарауих намазы оқылады. Үкімі: Пайғамбарымыздың (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм): «Хақ Тағала сендерге оразаны парыз етсе, мен тарауих намазын сүннәт еттім. Шын иман және ықыласпен Рамазан оразасын ұстаған және тарауих намазын оқыған адам күнәдан анадан жаңа туған нәрестедей пәк болып тазарады»,-дегеніне сай,[1] ер және әйел кісі жиырма рәкәғат тарауих намазын оқуы – сүннәт муәккәдә.[2]

Бұл мәселеге біріншіден: Имам Әл-Байһақи Ибн Аббастан және Әс-Сәййиб ибн Язидтен (родиял-лаһу ғанһума) еткен риуаяттар дәлел.[3] Нақтырақ айтқанда Ибн Аббастың (родиял-лаһу ғанһу) риуаятында Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) тарауих намазын жиырма рәкәғат етіп оқығаны жайында айтылса, Әс-Сәййиб ибн Язидтың (родиял-лаһу ғанһу) риуаятында екінші халифа Омар ибн Әл-Хаттабтың заманында тарауих намазы жиырма рәкәғат етіліп оқылатыны айтылған.[4]

Жалпы ғалымдар тарауих намазының рәкәғат санына қатысты түрлі пікір айтқанымен, ғалымдардың басым көпшілігі: «Тарауих рәкәғатының саны – жиырма рәкәғат»,-деген көзқарасты ұстанып, бұл мәселеде Омар, Әли т.б. сахабалардың (родиял-лаһу ғанһум) риуаяттарына сүйенген.[5]

Мәселен, мазһабымыздың Имамы Әбу Ханифа, ғалымдардан Имам Әт-Таури, Имам Ибн Әл-Мүбәрак, Имам Шафиғи, Имам Малик, Имам Ахмад т.б. Ислам әлеміне білімділігімен әйгілі ғалымдар тарауих жиырма рәкәғат етіліп оқылатыны жайында айтқан.[6]

Омар ибн Әл-Хаттаб[7] (родиял-лаһу ғанһу) халифалық[8] дәуірінен бастап мұсылмандар жаппай тарауих намазын жиырма рәкәғат етіп оқитын болды. Омардың (родиял-лаһу ғанһу) бұл үкіміне бірде-бір сахаба (родиял-лаһу ғанһум) әрі кейінгі бірде-бір халифа қарсы шықпады.[9]

Әбу Ханифа Омардың (родиял-лаһу ғанһу) бұл ісі жайында сұралғанда: «Омар (родиял-лаһу ғанһу) мұны ойынан шығармады»,-деп жауап берсе,[10] Имам Шафиғи: «Мен Меккеде адамдар тарауих намазын жиырма рәкәғат етіп оқығанын көрдім»,-деген.[11]

Пайғамбарымыз Мухаммад (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) Омарды (родиял-лаһу ғанһу) көзі тірісінде-ақ ол жәннаты болатыны жайында айтып сүйіншілеген болатын. Ал сол Омар (родиял-лаһу ғанһу) тәрізді сахабаға еруге қатысты дәлел ретінде Расулуллаһтың (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм): «Менiң сүннәтiм мен әдiлеттi халифалардың жолына тiс-тырнақтарыңмен жабысыңдар!»,-деген[12] сөзін келтіруді жөн көрдік!

Кез келген елді мекеннің тұрғындары тарауих намазын өздеріндегі мешітте жамағат болып оқуы – сүннәт кифая.[13] Осы себептен бір мешітке қарасты жамағаттың бірі де тарауих намазын мешітте оқымаған жағдайда жамағаттың барлығы сүннәтқа қайшы әдепсіздік еткен болады.[14] Негізі тарауих намазын мешітте оқыған абзал.[15] Себебі, жамағатпен оқылатын намаздың абзалы – мешітте оқылған намаз.[16]

Жалғыз оқыған адам әдепсіздік етпегенімен, жамағаттың сауабынан құр қалады.

Тарауих намазында біреуді ақы төлеп имам етіп алуға болмайды.

Тарауих намазының уақыты – құбтан намазы мен таң атудың аралығында.[17] Осы себептен құбтан намазынан бұрын оқылған тарауих тарауихқа жатпайды.[18] Тарауих намазын оқудың ең абзал мезгілі – түннің үшінші бөлігі кіруден бұрын.[19] Сонымен қатар, тарауих намазын құбтан намазы оқылғаннан кейін үтір уәжіп намазынан бұрын, не болмаса кейін оқу шариғатқа қайшы емес.[20] Осы себептен имам тарауих намазын оқып тұрған болса, мешітке кешігіп келген адам алдымен құбтанның парызын оқып, кейін тарауих намазына тұрады. Бұл жағдайда құбтан намазының сүннәтін тарауих намазының отырыстары арасында оқыса болады. Оқымаса, соңынан үтірден бұрын оқып алады.[21]

Тарауих намазын екі немесе төрт рәкәғаттан оқыса болады.[22] Әр төрт рәкәғатта сәлем бергеннен кейін демалу уақытында[23] түрлі зікір, дұға етсе, уағыз айтса, тіпті, үндемей отырса да болады. Себебі, жаман сөз айтпай үндемей отырудың өзі – ғибадат.[24] Жалпы демалу барысында осы айтылған амалдың қайсысымен шұғылдану жамағаттың ықтиярында.[25]

Үзірлі жағдаймен оқылмаған тарауих намазының қазасы өтелмейді.[26] Жамағат жалқауланса тарауихты жекелей болса да оқу керек. Өйткені тарауих намазы – сүннәту муәккәдә, яғни уәжіпке жақын.[27]

Жоғарыда жамағат намазының артықшылығы жайында айтылды. Сол айтылғанға қосарымыз: ер әрі азат[28] адам намазын жамағатпен оқуына кедергі болмаған жағдайда, бес уақыт намазын жамағатпен оқуы – сүннәт муәккәда. Бұл үкім уәжіпке жақын. Кейбір ғалымдар намазды жамағатпен оқуды уәжіпке жатқызса, Имам Тахауи жамағат намазын парыз кифая[29] деген.[30] Сондықтан да намазхандар Рамазан уақытын пайдаланып намазды жамағатпен оқуға дағдыланғаны абзал. Себебі, жамағат – Исламның белгісі және дін нышаны болып табылады.[31]

Бұл мәселеге қатысты Абдуллаһ ибн Масъуд (родиял-лаһу ғанһу): «Қиямет күні Хақ Тағаламен мұсылман халде жүздескісі келген адам намазын азан айтылған жерде[32] оқысын. Себебі, Аллаһ Тағала сендердің Нәбилеріңе (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) тура жолға бастайтын істерді бұйырды. Ал жамағат намазы – соның бірі. Кейбіреулер тәрізді намаздарыңды үйлеріңде оқысаңдар Нәбилеріңнің (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) сүннәтін тастаған боласыңдар. Ал Нәбидің (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) сүннәтін тастасаңдар, тура жолдан адасасыңдар. Пенде дәретін дұрыс алып мешітке барса, Хақ Тағала оның әрбір қадамына бір игілік жазады. Оның дәрежесін бір сатыға көтеріп, бір қатесін өшіреді. Біздің кезімізде[33] жамағат намазына анық мұнафық[34] болған немесе жүруге шамасы келмеген науқас қатыспайтын. Болмаса Расулуллаһтың (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) дәуірінде мұнафықтардың өзі жамағатты тастауға батылы бармайтын., тіпті, біреуге сүйеніп келе алған жағдайда, ауру адамның өзі сапқа тұратын»,-десе,[35]Ибн Аббас (родиял-лаһу ғанһу) былай деп риуаят еткен: «Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм): «Азанды естіп тұрып мешітке үзірсіз бармағанның намазы қабыл емес»,-деді. Сахабалар (родиял-лаһу ғанһум): «Мешітке бармауға не себеп бола алады?»,-деп сұрағанда, ол: «Қорқыныш немесе ауру»,-деп жауап берді».[36]

Жантәсілім сәтіне дейін: «Үмметім! Үмметім!»,-деп үмметінің қамын жеген Пайғамбарымыз Мухаммад (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) құлшылық етудің маңыздылығы, соның ішінде намазды жамағатпен оқу жайында ерекше ескертіп: «Ауыл немесе далада тұрған үш адам намазын жамағат болып оқымаса, оларды шайтан басынады. Намазды жамағатпен оқыңдар! Себебі, бөлінген қойды бөрі жейді»,-деген.[37]

Абдуссамад Махат

 



[1] хадисті Ән-Надру ибн Шайбаннан (родиял-лаһу ъанһу) Имам Насаи риуаят етті. («Сунәнун-Насаи»)

[2]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи». Сүннәт муәккәдә – бекітілген сүннәт, Пайғамбарымыз (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) әрдайым істеген және істеңдер деп өсиет еткен амалдар. Мысалы таңғы намаздың парызынан бұрын екі рәкәғат сүннәт намазын оқу. Сүннәт муәккәдә амалын орындауға селқостықпен қараған адам жазаға лайық.

[3]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи».

[4]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи».

[5]«Тухфатүл-Ахуази».

[6]Бұл да сонда.

[7]Омар ибн Әл-Хаттаб (родиял-лаһу ъанһу) - өзінің құдайшылдығы және тақуалығымен әйгілі сахаба. Әнас ибн Малик (родиял-лаһу ъанһу) айтады: «Мен Омар ибн Әл-Хаттабты (родиял-лаһу ъанһу) көрдiм. Омар (родиял-лаһу ъанһу) ол кезде мүминдердiң әмiрi, яғни халифа едi. Оның киiмi жамау болатын. Ал, киiмiнiң бiр жерi үш қайтара жамалған еді». Сонымен қатар, Әнастың (родиял-лаһу ъанһу): «Омар (родиял-лаһу ъанһу) хұтбаға шықты. Ол халифа бола тұрып, шалбарының он екi жамауы болатын»,-деген сөзі де бар. Сол уақытта әлемнiң төрттен бiрiн билеп, Рим және парсы империяларын бас идiрген мұсылмандар халифаға қымбат киiм кигiзуге шамалары жетпей қалған жоқ. Бұл жоқшылықтың емес, қанағат пен адалдықтың, қазынаға қол сұқпаушылықтың белгiсi. («Шархус-сүннә»)

[8]халифа – Пайғамбарымыздың (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) орынбасары, мұсылмандардың әмірі.

[9]«Бидәятүл-мүжтәһид уә ниһаятүл-муқтасыд».

[10]«Әл-фиқһу ъаләл-мазаһибил-арбаъа».

[11]«Тухфатүл-Ахуази».

[12] хадисті Әбу Нужәйхтен (родиял-лаһу ъанһу) Имам Тирмизи риуаят етті. («Сунәнут-Тирмизи»)

[13]«Әл-Лүбабу фиш-шархил-Китаб». Шариғатта «кифая» деп мұсылмандардың бір бөлігі орындаумен міндеттілігі басқалардың мойынынан түсетін амалды айтады. Мәселен, жаназа намаздың үкімі – парыз кифая. Сүннәт амалдарынан сүннәт кифаяға мысал ретінде аталмыш тарауих намазын айтуға болады.

[14]«Фатхүл-Қадир».

[15]«Әл-Фиқһ».

[16]«Әл-Фиқһ».

[17]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи».

[18]«Әл-Фиқһ».

[19]«Әл-Лүбабу фиш-шархил-Китаб».

[20]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи».

[21]«Әл-Фиқһ».

[22]«Фатхүл-Қадир».

[23]«Әл-фиқһу ъаләл-мазаһибил-арбаъа».

[24]«Сунәну Әби Дауд».

[25]«Әл-Фиқһ».

[26]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи».

[27]«Әл-фиқһу ъаләл-мазаһибил-арбаъа».

[28]яғни, құлдықта болмаған.

[29] парыз кифая – мұсылмандардың бір бөлігі орындаумен міндеттілігі басқалардың мойынынан түсетін амал. Мысалы, жаназа намазы.

[30]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи».

[31]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи».

[32]яғни, мешітте.

[33]яғни, Расулуллаһтың (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) көзі тірісінде.

[34]мұнафық – сөзі ісімен сай келмейтін екіжүзді.

[35]«Сахихүл-Муслим».

[36]«Сунәну Әби Дауд».

[37] хадисті Әбу Дардадан (родиял-лаһу ъанһу) Имам Ахмад риуаят етті. («Муснадүл-Имами Ахмад»)

Бөлісу: