23
Сенбі,
Қараша

һижри

Қадір түнін қалай өткіземіз?

Қадір түнін қалай өткіземіз?

Ораза

Айлардың сұлтаны – Рамазан айы болса, түндердің ең құндысы, ең қасиеттісі, төресі - Қадір түні. Өйткені, бұл түнде адамзатқа арналған Алланың сөзі қасиетті Құран Кәрімнің аяттары түсе бастаған. Алланың мейірімінен үміт еткен әрбір адам Қадір түні кірместен бұрын мүмкін болса ғұсыл алып (толық жуынып), дәрет алып, таза киім киіп, хош иісті әтір себініп, қасиетті түнді күтуге дайындық жасайды.

1. Бірінші дайындық – Алладан арман-тілектерді сұрау

Осы түні Құраннан, хадистен алынған дұғаларды оқып, өз арман-тілектеріңізді қайталап, табанды, сенімді, мақсатты түрде Алладан тілеңіз! Ол үшін алдын-ала дұғаларыңызды нақтылап қағаз бетіне жазып алыңыз. Дұға - ол Алладан тікелей медет сұрау, армандарыңыздың орындалуын, алға қойған мақсаттарыңыздың жүзеге асуын бүкіл әлемдердің Раббысынан тілеу. Осы ретте ескере кететін бір жайт, адам тілек тілеудің қабыл болу шарттарына, әдептері мен уақыттарына аса мән бергені жөн:

1) Дәретті болғаныңыз абзал

2) Ықылас. Шынайы ниет ету, яғни тек Алладан ғана сұрау, тек Алланың  разылығын ғана ойлау

3) Жүзімізді құбылаға бұру

4) Аллаға  мадақ айту және кешірім сұраумен бастау

5) Дұғаның басы мен соңында Пайғамбарымызға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  салауат айту

6) Қолымызды көкірек деңгейіне көтеріп, алақанымызды жаю

7) Мүмкіндігінше дұға-тілекті 3 реттен қайталау

8) Әуелі өзіңізге, одан кейін өзгелерге сұрау

9) Дұға-тілектердің қабыл болатын уақыттарында сұраған жөн, мысалы: намаздағы сәждеде, садақа бергеннен кейін, жауын жауып тұрғанда, түннің үштен бір бөлігінде (таң атарға жақындағанда), ауыз ашар алдында, жұма күні т.б.

10) Дұға-тілекті Алланың есімдері арқылы сұрау, мысалы: "Иә, Раззақ (Ризық беруші), менің ризығымды арттыр!"

11) Дұғаның қабыл болатынына міндетті, табанды түрде сену, үміт ету. Өйткені, Алла:"...Дұға еткен пендемнің қолын бос қайтаруға ұяламын", - деген (Құдси хадис)

2. Ұйықтамай таң атқанға дейін құлшылықпен өткізу

Мың айдан да қайырлы болған Қадір түнінде дастархан жайып, теледидар көріп, ойын ойнау немесе әңгіме айту секілді ұйқтамаудың амалын іздестіру – қателік. Шынайы күнәларының кешірілуін, дұғаларының қабыл болуын сұраған адам бұл түнді құлшылықпен өткізгені дұрыс.

3. Намаз оқу

Алланың Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): "Кім Қадір түнін Аллаға иман келтірген және сауабынан үміт еткен күйде намаз оқып өткізсе, оның алдыңғы күнәлары кешіріледі", - деген (әл-Бұхари 38, Мүслим 760) Алланың ұлылығы соншалық, өзінің сүйіп жаратқан пенделеріне өзімен тікелей байланыс жасау мүмкіндігін беріп отыр, яғни ол – намаз. Намаз оқу арқылы Алладан тікелей мұң-мұқтаждықтарымызды сұрап, күнәларымыздың кешірілуін сұраймыз. Намаз оқу арқылы Алламен сөйлесеміз, адам баласына айта алмаған ішкі сырларымызды намаз оқу арқылы Аллаға айтамыз. Осы түні намаз бастап көріңіз, екі ракат нәпіл намаздан бастаңыз, намазда оқылатын сүрелерді қағаз бетіне үлкен етіп жазып, соған қарап оқыңыз, жайнамаздың үстінде тұрып Алламен тікелей байланысудың ұлылығын сезініңіз, көп-көп дұға етіңіз, өйткені намазда сұраған дұға - тілектеріңіз қайтарылмайды. Себебі, намаз  бізді бүкіл арсыздық пен күнәдан тыйып тұратын ұлы құлшылық.

4. Құран оқу

Хафиз Ибн Ражаб:"Рамазан айында түнгі намаздарды оқығанда Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Құранды ырғақпен оқитын және мейірім туралы аят оқыса, оны Алладан сұрайтын, ал азап туралы аят оқыса,  Аллаға сиынып, пана сұрайтын. Осылайша ол намаз бен Құранды, дұға мен зікірді бірге жинаған. Бұл Рамазан айының соңғы он түнінде және басқа да түндері жасалатын ең жақсы әрі ең кемел іс болып табылады", - дейді (Ләтаифул-мәариф 204) Құран – Алланың сөзі, сырға толы сандық, бақыт егілген егістік, сөздердің төресі, құлшылықтың кемесі, ақиқат, шипа және кешірім кітабы. Ендеше, осы қасиетті түнде Алланың бізге жіберген хатын оқымауға не себеп? Арабша хат танымасақ, қазақшасын оқуға болады. Ендеше, Қадір түнінде ақиқаттығын бүкіл ғылым мойындаған Құранды оқып, ісіміздің оңынан шешілуін тілегеніміз дұрыс.

5. Тәубе ету

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Әнас (р.а) жеткізген мына бір хадисінде: "Адам баласының әрбірі қателеседі, олардың ішіндегі ең жасылары - тәубе еткендері", - деген. Демек, тәубе ету арқылы жасаған әрбір күнәларымыз кешірілуі мүмкін. Тәубе етудің шарттары:

- жасаған күнә - қателіктерімізге шынайы түрде өкіну;

- күнәміздің кешірілуін Алладан шынайы сұрау;

- ол күнәні қайта жасамауға бекіну;

- адамдардың ақысын жеген болсақ, оны қайтарып беру.

6. Алланы ұлықтау және салауат айту

Қадір түнінде Алланы өте жиі әрі көбірек еске алғанымыз жөн. Бұл түні "СубханаАллаһ" (Алла Пәк), "Әлхамдулиллаһ" (Аллаға Мадақ), "Аллаһу Әкбар"(Алла Ұлы) деген сөздерді қайталап тұруыңызға болады. Ал, салауат айту – Пайғамбарымызға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жақындығымыз бен сүйіспеншілігіміздің белгісі болып саналады.

7. Садақа беру

Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) "Дүниелеріңді зекетпен қорғаңдар, ауруларыңды садақа беру арқылы емдеңдер, бәле - жала толқынын дұғамен қайтарыңдар", - деген (Ибн Масғұд (р.а) жеткізген). Садақа – мұқтаж жандарға тек Алла разылығы үшін берілетін көмектің барлық түрі. Садақа беру арқылы қайырымдылық көрсетіп қана қоймай, күнәміз жойылады, қапыда келер көлденең кесапат, қиындықтардан сақтап, ақыретімізге еселеп сауап жиналады. Садақа беру үшін бай болудың қажеті жоқ, жай ғана көшеде адамдарға кедергісін тигізетұғын тасты шетке алып қойғанның өзі, құлап бара жатқан мұсылман бауырын сүйеп тұрғызғанның өзі садақа болып саналады. Қадір түні мың айдан қайырлы. Ал, берген садақаңыз Қадір түніне тұспа-тұс келсе, мың айдан артық уақыт садақа бергендей болмай ма?! Садақаның сауабын ниетімізге қарай аламыз. Садақаны рияшылдықпен бермеу керек, яғни адамдар көрсін деген ниеттен ада болған жақсы. Себебі, жасырын түрде берілген садақаның сауабы көп болмақ. Ал, жария садақа берудің екі шарты болады: бірі – тек Алланың разылығын ойлау болса, екіншісі – сол жасаған ісіңізден басқа адамдар сабақ алуы керек. Сонда ғана осы дүние мен ақыреттің жақсылығына қауышатын боласыз.

8. Құлшылықтардың орнын ауыстырып отыру

Иә, үнемі жасап, әдетке айналдырмаған адамға түні бойы құлшылық жасап, ұйықтамай отыру оңайға соқпасы анық. Егер құлшынысыңыз азайып, ұйқыңыз келе бастаса, құлшылығыңызды ауыстырып отырған жөн. Намаз оқудан шаршасаңыз, Құран оқыңыз, бұл құлшылықтан шаршасаңыз, уағыз тыңдаңыз немесе бауырларыңызбен тағылымды, ислами тұрғыда әңгімелесіңіз, бұдан да шаршасаңыз, Алладан дұға-тілек сұраңыз, осылайша ғибадаттан тоқтамаңыз!

Сонымен қатар, Қадір түнінде барлық мешіттер ашық болады. Сондықтан, достарыңызбен немесе туыс - бауырларыңызбен бірге келіп, Қадір түнін сауапқа толы етіп өткізгеніңіз жөн.

ummet.kz

Бөлісу: