22
Жұма,
Қараша

һижри

Қадір түнінде дастархан жаю керек пе?

Қадір түнінде дастархан жаю керек пе?

Ораза

Кейбіреулер Қадір түні «Қыдыр ата келеді, сондықтан өзің күтіп отырмасаң да дастарханыңды жайып, терезеңді ашып қой», - деп кеңес беріп жатады. Расында да дастархан жаю керек пе?

Өкінішке орай қазіргі таңда көптеген мұсылман бауырларымыз діни білімдерінің аздығынан Қадір түнін өзгеше түсініп, дастархан жайып, түрлі тағам әзірлеп, ақ киінген Қыдыр Атаны күтеді. Қыдыр Ата келіп, шаңыраққа береке, байлық сыйлайды деп сенеді. Алайда бұл қате түсінік. Қадір түнінде жеті қақ көктен Алланың әмірі бойынша періштелер жерге түсіп, мұсылмандардың тілеген дұға-тілектерін Аллаға жеткізеді. Қадір түнінде Алла Тағаланың разылығы үшін жасалған әрбір халал іс-құлшылық болып табылады. Мысалы, білім іздену, намаз, Құран оқу – осының барлығы құлшылық. Тек қана дастархан жайып қойып, түнді құлшылықсыз, ғибадатсыз өткізсе, бұл амалдың еш сауабы болмайды.

Бұл жайында хазіреті Айша анамыз (р.а) Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.): -«Уа, Рсуллалаһ! Қадір түнінде қайтіп дұға етейін?» - деп сұрайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деп жауап береді: -«Ей, Раббым, сен өте кешірімдісің, кешіргенді жақсы көресің, мені де кешіре гөр», - дейді.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) Рамазан айының барлық түндерін қадірлеп, соңғы түндерді ұйқысыз ғибадаттармен өткізген.

Әр мұсылман өмірінің басты мақсаты Алланың разылығына жетіп, Жәннатқа кіру. Жәннатты үміт ету. Ал Жәннат төрт түрлі мүмінді ерекше күтеді:

Біріншісі –  осы айда арнайы Құран оқыған адам;

Екіншісі –  ораза кезінде өсек-өтіріктен, дау-жанжалдан аулақ, тіліне сақ болған адам;

Үшіншісі – аш адамдарға және ораза тұтушыларға тамақ бергендер. Алла Тағала ондай қайырым жасағандарға кәусар суынан ішкізеді. Оны ішкендер ешқашан шөлдемейді және жәннат иесі болады;

Төртіншісі – Рамазанда арнайы ораза тұтқан адамдар.

Әр мұсылман үшін – өмірін құлшылықпен өткізіп, Алла Тағаланың разылығын табу ең басты мақсат болып табылады. Осы мақсатқа жетуде Қадір түнінің алатын орны ерекше. Себебі бұл түнде жасалған ғибадат құлшылықты Алла Тағала мың айда жасалған ғибадаттан артық қабылдайды, яғни 83 жыл бойы жасалған ғибадатпен теңестіріледі.

Қасиетті Құранның Қадір сүресінде: «Негізінен Құранды Қадір Түнінде түсірдік. Қадір түнінің не екенін білесін бе? Қадір түні мың айдан қайырлы. Періштелер және Жебірейіл (ғ.с) ол кеште Раббыларының рұқсаты бойынша барлық іс үшін түседі. Ол бейбітшілік кеші, таң рауандағанға дейін жалғасады. Қадір кеші: Рамазан айының кеші», - деп айтылған. Осы сүреде айтылғандай бұл түн мың айдан да қайырлы. Әлем мұсылмандары үшін өмірлік қағиданың негізі болып табылатын қасиетті Құран Кәрім Хазіреті Пайғамбарымызға (с.ғ.с) осы айда түсіріле бастаған. Бұл түнде періштелер жерге түсіп, тіленген дұға-тілектері Алла Тағалаға жеткізеді. Сондықтан осы түнді барлық мұсылмандар құлшылықпен өткізіп, дұға тілейді. Себебі бұл түнде Алла Тағала адамдардың келесі жылғы тағдырын, яғни өмірі мен өлімін, рызық - несібесін, бақытты немесе бақытсыз болуын т.б. жазады.

ummet.kz

Бөлісу: