20
Сенбі,
Сәуір

һижри

Құран – мұсылманға жеңілдік сыйлаушы

Құран – мұсылманға жеңілдік сыйлаушы

Ораза

Құранның қадірі мен қасиетін түсіндіру үшін «Құран – бүкіл жаратылыстың Жалғыз Жаратушысының сөзі» деген теңеудің өзі әбден жеткілікті.

Иә, солай, Құран – сенің сөзіңнің де, көзіңнің де, тіпті, өзіңнің де Қожайының болған Ұлы Алланың саған жолдаған хаты, тікелей тіл қатуы. Тұла бойы ескерту мен уәдеден тұратын, адамның нұсқаулығы іспетті, қалай өмір сүру керектігі жайлы білімдер  егжей-тегжей баяндалған мұндай нәрсені жерді жеті айналсаң да таппайсың. Құранды оқу – құлшылық, Құранды тыңдау – құлшылық, Құранды жаттау, түсіну, ойлану, амал жасау – тағы да құлшылық.

Құран – Бір Алладан келген ақиқат. «Ақиқатын, өздеріне Еске  салатын (Құран) келген кезде, оған сондай күпірлік етушілер (теріске шығарып, мойындамайтындар) бар. Шын мәнінде, ол – ұлы Кітап. Оған (Құранға) өтірік алдынан да, артынан да келе алмайды, ол аса Дана (әл-Хаким), өте Мақтаулыдан (әл-Хамид) түсірілген» (41-42-аят).

Құран – Алланың нұры. «Негізінде сендерге Алладан нұр, анық Кітап (Құран) келді. Алла онымен (Құранмен) Өзінің ризалығын іздегендерді амандық жолдарына салады және оларды Өз рұқсатымен қараңғылықтардан жарыққа шығарады және тура жолмен жүргізеді («Мәида» сүресі, 15-16-аяттар).

Құран – сауапты сауданың тауары. «Ақиқатында, Алланың Кітабын оқитын, намазды (барлық шарттарын сақтап, беріле) толық орындайтын және Біз ризық етіп бергеннен жасырын әрі ашық түрде жұмсайтындар ұтылмайтын (зиянға ұшырамайтын) сауданы үміт етеді. Ол (Алла) оларға сыйларын толық етіп береді әрі Өз кеңшілігінен арттырып береді» («Фатыр» сүресі, 29-30-аяттар).

Құран – үздік қиссалар мен тарихи оқиғалар жиынтығы. «Әлиф, Ләм, Ро. Бұлар – анық Кітаптың аяттары. Ақиқатында, Біз оны ақылдарыңды істетіп ұғынуларың үшін арабша Құран етіп түсірдік. (Ей Мұхаммед!) Біз саған осы Құранды уахи етіп, оқиғалардың ең жақсысын баян етеміз» («Юсуф» сүресі, 1-3-аяттар).

Құран – адамзатқа арналған заңдар жүйесін немесе жаратылыс құпиясы туралы деректерді ғана емес, тарихи оқиғалар туралы баяндамаларды да қамтиды. Ерекшелігі – бұл оқиғаларды әлемдердің Раббысы баяндайды.«Олар (пайғамбарлар) жайлы хабарларда ақыл иелері үшін ғибрат бар. Бұл (Құран) ойдан шығарылған әңгіме емес, ол – өзінен алдыңғыны растаушы, барлық нәрсенің анық түсіндірмесі әрі иманға келген адам үшін (тура жолды ұстануға) басшылық және мейірім».(«Юсуф» сүресі, 111-аят).

Құран – ұлы күшке ие. «Егер де осы Құранды бір тауға түсірсек, оның Алладан қорыққаннан иілген (бойұсынған) түрде бөлшектеніп кеткенін көрер едің. Бұл мысалдарды адамдарға олардың ойланулары үшін келтіреміз» («Хашр» сүресі, 21-аят).

Құран – бақыт, жеңілдік сыйлаушы. «...Ол сендерді таңдады әрі Ол сендерге дінде ешбір қиындық жасамады» («Хаж» сүресі, 78-аят); «Біз саған Құранды ауыртпашылық салу (бақытсыз болуың) үшін түсірген жоқпыз» («Та һа» сүресі, 2-аят); «Алла сендерге жеңілдетуді қалайды. Ал адам баласы әлсіз етіп жаратылған» («Ниса» сүресі, 30-аят).

ummet.kz

Бөлісу: