26
Сейсенбі,
Қараша

һижри

Қимай сені барамын, Рамазан!

Қимай сені барамын, Рамазан!

Ораза

Сауаптар еселенетін күллі мұсылман қауымы үшін қасиетті де қадірлі әрі мәртебесі өте жоғары болған Рамазан айы да қас қағым сәтте өте шықты. 

Ораза  ұстау – парыз етілген құлшылық амалдары ішіндегі ең ізгі және ерекшесі. Оразаның өзге құлшылықтардан ерекшелігі әрі үстемдігінің себебі, оның сауабын Алладан өзге ешкім білмейді. Әрине, айлардың сұлтаны Рамазан айына, ештеңені теңгеру мүмкін емес, десек те, мен Рамазанды жылына бір рет келетін көктем мезгілімен салыстыратын көрейікші. Себебі,  көктемде көкте бұлттар көбейсе, мөлдір тамшы төгеді, тамшылардан тамаша гүлдер өніп, ағаш,тал-шынар көгеріп шығады... Рамазаннан кейін пенденің бойындағы біршама өзгерістер, дәл көктемдегі өзгерістерге ұқсайды.

Рамазан айында көзімізді, құлағымызды, тілімізді, бүкіл дене мүшелерімізді күнәдан тыюға тырысамыз, «оразаны бұзатын істер жасап қоймайын, Алла көріп тұр ғой» деп, өзімізді жөнге салып отырамыз. Ал,енді бізді рамазан айында көріп тұрған Алла, өзге айларда да дәл солай көріп тұрғанын қаперімізде ұстайық. Күнәдан өзімізді таза ұстасақ, қол-аяғымызды күнәлі істерге жүргізбесек, бұл біздің Рамазан айынан құралақан шықпағанымызды көрсетеді.

Иә, қасиетті Рамазан, сен тағы да өте шықтың. Сен бізге өмірдің өткінші екенін тағы бір ескерттің. Сен ықыласты құлдың мол сауапқа кенеліп, құнтсыздардың құр қалатынын тағы да бір рет дəлелдедің. Ей, айлардың ең ардақтысы Рамазан, сен менің жүрегіме тыныштық пен береке ұялаттың. Сен кеткесін біз тағы да ақиқатты жек көретін ібіліс пен нəпсімен жеке қалудан қорқамыз. Сен біздің жанымызға жеңілдік пен нұр сыйладың. Өзімізді белгілі бір деңгейде шыңға шыққандай сезінудеміз. Раббым осы биіктен төмендемей, одан биіктей түсуді нəсіп етсін!

Біз тамақ пен судан тыйылғанымызбен кейбір ағаттықтардан толық арыла алмадық. Біз сенімен қоштасамыз, Рамазан! Биыл жіберген ғапылдықтарымызды келесі Рамазанда қайталамауға тырысамыз.

Қош бол, қасиетті ай, жүректерді нұрландырған Рамазан! Біз сенімен қимай қоштасамыз. Біз сені асыға күтетін боламыз, Алланың ең қадірлі Айы!

ummet.kz

Бөлісу: