22
Жұма,
Қараша

һижри

Оразаның сүннеті мен әдептері

Оразаның сүннеті мен әдептері

Ораза

1. Бір жұтым су болса да сәресіде ішу. Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бір хадисінде: «Сәресіге тұрыңдар, сәресін жеуде берекет бар», – деген.

Тағы бір хадисте: «Сәресін ішу арқылы күндіз ұстайтын оразаға, түсте ұйықтау (қайлулә) арқылы таһажжүд намазына күш жинаңдар», – деп келеді. Басқа бір хадисінде: «Сәресі тамағы – берекет. Бір жұтым су да болса, оны тастамаңдар. Өйткені сәресіде тамақтанғандарға Алла рақым етіп, оларға періштелер кешірім тілейді», – дейді. Сәресіге тұру адамға күш-қуат беріп, ораза ұстауды жеңілдетеді.

Екінші шапақ атқанға дейін сәресіні кешіктіру – мұстахап. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Үмбетім ауыз ашарда асығып, сәресіні кешіктірген уақытта әрқашан жақсылықта», – деген.

2. Күн батқан кезде намаздан бұрын дереу ауызды ашу. Ауызды құрмамен, яки тәтті бір нәрсемен немесе сумен ашу – мұстахап. Намаздан бұрын ауызды ашып алу абзалырақ. Өйткені Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) аузын ашпай тұрып намаз оқымайтын. Ал тамақты намаздан кейін жеуге болады.

3. Ауыз ашар кезде дұға жасау. Пайғамбарымыз бұл жайлы: «Ауыз ашар кезінде жасалған дұға кері қайтарылмайды», – деген. Ауыз ашар­да мы­на дұ­ға­ны оқу – сүн­нет: Оқылуы: «Аллаһум­мә лә­кә сум­ту уә би­кә әә­мән­ту уә ‛аләйкә тәуәк­кәл­ту уә ‛ала риз­қи­кә әф­тар­ту уә сау­мәл-ға­ди мин шәһ­ри Ра­ма­да­на нәуәйту, фәғ­фир­лии мәә қад­дам­ту уә мәә ах­хар­ту».

Мағынасы: «Алла тағалам! Се­нің ра­зы­лы­ғың үшін ора­за ұс­та­дым. Бер­ген ри­зы­ғың­мен ау­зым­ды аш­тым. Са­ған иман етіп, са­ған тәуе­кел жа­са­дым. Ра­ма­зан айы­ның ер­тең­гі кү­ні­не де ауыз бе­кі­ту­ге ниет ет­тім. Сен ме­нің өт­кен жә­не ке­ле­шек кү­нә­ла­рым­ды ке­шір».

4. Ораза ұстағандарға бір құрмамен немесе сумен болса да ауыз аштыру. Жағдайы көтерсе тамақ берген әрине абзал. Өйткені Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Аузы бе­рік жан­ды ауыза­шар­ға ша­қы­рып та­мақ бер­ген – ора­за ұс­та­ған адам­ның ала­ты­нын­дай сауап ала­ды. Аузы бе­рік адам­ның сауабы­нан да еш нәр­се ке­мі­мейді», – деген. Рамазан жомарттық айы болғандықтан дәулетті жандардың осы айда мұқтаждар мен тұрмысы нашар кісілерге ауыз аштыруы үлкен сауап. Олар тұратын аудандарда ауыз ашуға тамақ таппаған жандардың болмағаны абзал. Мұсылмандық тәрбиенің негізі осындай игі әрекетті қажет етеді. Әрине, мұсылмандық тәрбиемен сусындап өскен жандардың мұндай келеңсіздікке жан ауыртары да белгілі. Өйткені олар «Өзі тоқ жатып, көршісі аш ұйықтаған адам бізден емес» деген хадисті үнемі қаперде ұстайды.

5. Таң намазы кірмей тұрып жүніптік, хайыз бен нифастан тазарыну. Бұл жердегі мақсат – оразаға таза күйде бастау. Оның екінші себебі аузы берік кезде жуынған жағдайда ауызға су кетіп қалып, ораза бұзылуы мүмкін. Әйел адамның түнде хайыз бен нифас қаны тоқтап, жуынбастан ертеңгі күннің оразасына ниет етіп ораза ұстауға бастаса, оразасы жарамды. Сол секілді жүніп болған кісі жуынбай тұрып ораза ұстаса, ораза жарамды. Бірақ ораза бастамастан бұрын жуынып, тазарыну мұстахап болып табылады.

6. Тіл мен басқа ағзаларды күнәдан сақтау. Өсек-аяң, өтірік, ғайбат сөздерді айтпау. Негізінен, жайшылық кездердің өзінде мұсылман кісі мұндай жағымсыз істерден бойын аулақ ұстауы қажет. Ардақты Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Өтірік айту мен жұртты алдауын қойма­ған адам­ның ішіп-жеуді до­ға­руына Алла зәру емес», – дейді. Бас­қа бір ха­ди­сін­де: «Не­бір ора­за ұс­та­ған­дар бар. Олар­ға шөл­деу мен аш­тық­тан бас­қа еш­қан­дай пайда жоқ. Не­бір түн­де тұ­рып, нә­піл ғи­ба­дат ет­кен­дер бар. Бі­рақ бұл әре­ке­ті­нен ұйқы­сыз­дық­тан бас­қа еш­қан­дай пайда тап­пайды», – деген. Со­ны­мен қа­тар, ра­ма­зан­да біреу ұрысып-керіскісі келген адамға сабыр сақтап: «Мен ора­за­мын» деу – сүн­нет. Әбу Һұрайрадан риуаят етілген бір хадисте Пай­ғам­ба­ры­мыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм):

«Кім­де-кім аузы бе­рік бол­са, жа­ман сөз сөйле­ме­сін. Дауыс кө­те­ріп, ай­қай шы­ғар­ма­сын. Бі­реу оған тіл ти­гіз­се не­ме­се оны­мен ке­ріс­кі­сі кел­се, оған: «Мен ора­за­мын», – де­сін», – деп, мұсылмандарды сабырлық пен әдептілікке шақырған. Құлшылық айының артықшылығын толық сезіне білу үшін бүкіл ағзаларымызға ораза ұстату қажет. Асқазанымызбен қатар көз бен құлақты харамға бітеп, Құранға түру, қиял-санамыздың өзін тек қана жақсылыққа қарай бағыттап, Жаратқан иенің нығметтерін еске алу оразаның дұрыс орындалуына септігін тигізеді. Ибн Хажар әл-Әсқалани: «Кәміл әрі толық ораза – күнә атаулы мен Алла тағаланың тыйым салған нәрселерінен алшақ тұру» деген екен.

7. Ілім үйрену, Құран кәрім оқу, көп салауат айту, дұға оқу және құлшылықты арттыра түсу. Бұл ай құлшылық айы болғандықтан, исі мұсылман баласының көңілі құлшылыққа құмартып, уақытын көбіне зікір-пікірмен, ғибадатпен өткізгені абзал. Құран оқи алатындар жоқ дегенде күніне бір пара Құран оқығаны жөн. Өйткені бұл ай – Құран айы. Әрі Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бен Жәбірейіл (а.с.) осы айда бір-біріне Құран оқитын.

8. Сәресі мен ауыз ашарда қомағайланбау. Ораза кезінде қомағайланып, тыңқиып тойып алмаған жақсы. Өйткені оразаның негізгі мақсаты тәніміз бен рухымызды дем алдыру. Кеш батқанша нәр татпай жүріп, кеш бата салысымен, ашкөзділікпен қомағайлана тамақ жей беру Ислам әдебіне қайшы әрі денсаулыққа зиян.

9. Иғтикафқа кіру. (мешіттен шықпай құлшылық жасау). Ораза айының соңғы он күнінде иғтикафқа кірудің сауабы ерекше. Өйткені иғтикаф – нәпсіні тізгіндеуде ең әсерлі тәсіл. Сонымен қатар, иғтикафқа бекінген кісінің Қадір түніне жолығу ықтималы да көбейеді. Мүслим риуаят еткен бір хадисте Пайғамбарымыздың құлшылыққа құштарлығы ерекше күшейетін. Айша анамыз: «Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) рамазан айының соңғы он күнінде түндерін ғибадатпен өткізетін, отбасын намазға оятып, әйелдеріне жақындамайтын», – деген.

материал «Ораза – теңдессіз құлшылық» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: