22
Жұма,
Қараша

һижри

Алланың рақымы паш етілетін ерекше түн

Алланың рақымы паш етілетін ерекше түн

Ораза

Рамазан айында Хақ Тағаланың махаббатпен жаратқан пенделеріне арнайы сыйлаған ерекше түн – Қадір түні бар.

Құран кәрімде Алла Тағала: «Біз оны (Құранды) Қадір түні түсірдік. Қадір түні не екенін білесің бе, (Алла білдірмесе,) қайдан білесің? Қадір түні мың айдан да артық» деп қадір түнінің айрықша қасиетін атай келе, оны «мың айдан да артық» екенін тілге тиек еткен. Аятта ол түннің артықшылығы мың аймен шектелмеген. Түптеп келгенде мың ай – бір адамның орташа өмір сүру ұзақтығынан да артық мерзім. Демек, ол – Алланың рақымы паш етілетін ерекше түн. Міне, осындай ерекше түнді күллі ғаламдардың жаратушысы осы айдың еншісіне берген. Рамазан айы келгенде Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Ораза айы келді, онда мың айдан қайырлы қадір түні бар. Кімде-кім сол түннің сауабынан құр қалса, барша жақсылықтан мақұрым қалмақ. Мақұрым адам ғана оның сауабынан құр қалады», – деп жақсылыққа ұмтылуға шақырған. Тағы бір сөзінде Алла елшісі: «Кімде-кім қадір түнін артықшылығына сеніп, Алла тағаладан сауап күтіп, құлшылықпен өткізсе, оның өткен күнәлары кешіріледі» – деген еді.

Айша анамыз (р.а.): «Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): Қадір түнін рамазан айының соңғы он күнінің тақ түндерінен іздеңдер – деп айтты», – деген. Тағы бір сөзінде: «Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) рамазан айының соңғы он күнінде түні бойы жатпай құлшылық жасап, отбасы мүшелерін (құлшылық жасау үшін) оятып, құлшылық мәселесінде ерекше ынта-жігер танытатын еді», – деген. Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) тағы бір хадисінде: «Мына төрт түні жасалған дұғалар кері қайтарылмайды: ережеп айының алғашқы түні, шағбан айының ортасы (бәраат түні), қадір түні және айттың бірінші күні», – деп қадір түнін құлшылықпен, Алладан дұға тілеумен өткізуді өсиет еткен-ді.

материал «Рамазан айы және әйелдерге тән мәселелер» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: