22
Жұма,
Қараша

һижри

«Рамазан» айы не үшін Құран айы делінген?

«Рамазан» айы не үшін Құран айы делінген?

Ораза

Алла Тағала: «Рамазан айы – адамзатты тура жолға бастаушы, ақиқат пен жалғанның ара-жігін ажырататын дәлелдерді қамтыған қасиетті Құран түсе бастаған ерекше ай...» («Бақара» сүресі, 185-аят) деген.

Рамазан айы – Құран айы, руханият айы, зекет және пітір садақасы берілетін қайырымдылық айы деген сынды атаулары бар. Бұл айда адамдар ақ пен қараны ажыратып, Жаратушы иесі Аллаға кемел түрде бойсынулары үшін Құран түскен берекелі ай. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.) Құран негізінен толығымен түсіп болған кезде, яғни, өміріндегі соңғы Рамазан айында қасиетті Құранды Жибрәйілмен (а.с.) бірге басынан соңына дейін екі рет хатым еткен (толық оқыған) еді. Құран – соңғы пайғамбар Мұхаммедтің (с.а.с.) ең ұлы мұғжизасы. Ол – күллі адам баласына мұра етіліп қалдырылған қасиетті кітап. Оның ең алғашқы аяты, «Оқы! Жаратқан Раббыңның атымен (оқы)!...» («Әлақ» сүресі, 1-аят) делініп әмір түрінде келген. Осы бір Иләһи әмірдің орындалуын екі негізде түсінуге болады.

Әуелгісі, адам Құранды түсінбесе де шамасы келгенше арабшасынан оқуы. Бір хадисте: «Кімде-кім Алланың кітабынан (Құраннан) бір әріп оқитын болса, оған бір жақсылық жазылады. Ал әрбір жақсылық он еселенеді. Мен әлиф, ләм, мимді (бәрін қосып) бір әріп демеймін, әлиф – жеке әріп, ләм – жеке әріп, мим – жеке бір әріп. (Әрқайсысына жеке сауап жазылады)» делінген (Тирмизи). Яғни, адам ықыласына сай Рамазан айында оқыған Құранының әрбір әрпіне он еседен сансыз еселенген сауап алады. Бұл айда жақсы ниетпен жасалған әрбір игі іс үшін шексіз сауап беретіндігі өзге хадистерде де білдіріледі. Сонымен қатар, Ислам үмметінің Рамазан айының тарауйх намазында Құран хатым етуді дәстүрге айналдыруы хатым сауабынан Құранды оқыған адам мен Оны тыңдаған адам бірдей сауап алатындығын көрсетеді.

Екіншісі, Кейбіреулер Құранды арабшасынан оқи алмағандықтан сауапты үміт ете отырып, қазақша яки орысша аудармасынан оқуы немесе Құранды түсіну, оның талаптарына лайық өмір сүру мақсатында өзге де кітаптарды (тәфсір, хадис, ақида, фиқһ және т.б.) оқиды. Бұл адамдар да Құран оқығанның сауабын алады. Неге десеңіз, әркім Құранның өзін оқып, ішіндегі терең мағыналарын жете түсініп кете алмайтыны белгілі. Міне, осы тұрғыдан Құран бізге пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.с.) хадистерімен, әр ғасырда жазылған том-том діни еңбектер арқылы түсіндіріліп келді. Сол себепті, күні бойы Құранды түсінбей оқи бергеннен гөрі, бір аят оқысаңыз да соның мәнін ұғуға тырысу өте маңызды. Оқыған сол бір аятыңыз сізге қандай бағыт-бағдар көрсетуде, сізден күтілген нәрсе не? деген сұрақтарды өзіңізге қоя отырып, оқығаныңызды түсіну дінімізде ең маңызды іс болып табылады. Тіпті, Рамазан айының Құран айы деп аталуының мәні Құранның мәнін түсіну болса керек.

Алла елшісі (с.а.с.) бір хадисінде: «Сендердің ең жақсыларың – Құранды үйреніп және оны басқаларға үйреткендерің», - деген. Бұл хадиске негізделе отырып, жоғарыдағы ойымызды мына бір маңызды мәселемен толықтыруға болады. Бүгінгі мұсылман әлемінің ғылым-технологияда артта қалып, өзара алауыздыққа түсу себепті, күшін әлсіретуін Құранның мәнін түсінбеуден туындап отыр деуге болады. Кешегі атынан ат үркетін алып елдердің халқы бүгінде босқынға айналып үлгерді. Әрине, мұның басты себебі мұсылмандар үшін Рамазан айы неге қастерлі? Бұл ай не үшін Құран айы деп аталды? деген сынды сұрақтарға толық қанды жауап іздестірмеудің қасіреті болса керек. Егер бұл айда қасиетті Құранның мәніне өзгеше бір үңіліп, сол руханиятпен келесі Рамазан айына дейін Құран кәрімді зерттеп, зерделеу ісі қолға алынар болса, екі әлемде де мәртебеміз асқақ болары анық.

материал «Үкім аяттардың тәпсірі» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: